Қашықтан оқытудың қоғамдық маңызы
Бүгінгі таңда заманауи ақпараттық технологиялардың дамып, шарықтаған уақыты білім аламын деген оқушылар мен студенттер үшін таптырмас көмек. Яғни ақпараттық технологиялардың басты мүмкіндігінің бірі білім алушылардың ешқайда шықпай, үйде уақытты тиімді пайдалана отырып, өздерінің ұстаздарынан сабақ алуы.
Қашықтан оқыту әлемнің дамыған елдерінде жиырмасыншы ғасырдың соңында белең алған ақпараттық құралдар арқылы жаңа ғылыми әдіс-тәсілдермен білім алудың бір түрі. Бүгінгі күні ғаламды шарпыған COVID-19 вирусының елімізге дендеп енуіне байланысты білім беру ұйымдарында қашықтан оқыту технологиясы қанатын кеңге жайды. Осы ретте, қашықтан оқыту ең алдымен, мектеп мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін шыңдап, ақпараттық танымын арттырып, жаңа ізденістер жолына мүмкіндік ашты деуге болады. Себебі, мектеп қабырғасында балалармен бетпе-бет сабақ өткізу барысында қолданылып жүрген үйреншікті әдіс-тәсілдерінің нысаны жаңарды. Мұғалім өзінің сабағын алдын-ала жоспарлап, әдіс-тәсілдердің жаңа түрлерін меңгеріп, сабақты сапалы ұйымдастыра білсе, оқушының қызығушылығы артып, білімі жоғарылайтыны сөзсіз. Бұл өз кезегінде, сәйкесінше, оқушының өз бетімен ізденуіне жол ашады және ата-аналардың ақпараттық технологияға деген сенімін арттырады.
Қашықтан оқытудың білім беру процесіне қатысушыларға пайдалы тұстары біршама. Ең алдымен, қашықтан оқыту білім беру барысында уақытты тиімді пайдалану мүмкіндігін берсе, екіншіден, мұғалім мен оқытушы өздеріне ыңғайлы мерзімге белгілей алады, үшіншіден, білім саласына кететін шығын көлемі азайып қана қоймай, заманауи технологияларға сұраныс артады. Тағы бір пайдалы тұсы ақпараттық – технологиялық жаңа мамандық түрлері пайда болады. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс түрлерінің ашылуына септігін тигізеді.
Дегенмен де, қашықтан оқыту технологиясының одан әрі жоғары деңгейде дамуы біршама уақытты және жаңа коммуникациялық базалардың толықтырылуын қажет ететіндігі сөзсіз. Онымен қоса, қашықтан оқыту технологиясы ақпараттық сауаттылық пен тәжірибені, жан-жақты дайындықты қажет ететін күрделі процесс болып табылады.
Жоғарыда аталған мәселелер өз кезегінде оң шешімін табар болса, қашықтан оқытудың еліміздің білім беру саласына тигізер пайдасы мол болмақ. Атап айтқанда, педагогтеріміз дайын құралдармен білім беруші ғана емес, ақпараттық-коммуникациялық жағынан шексіз мүмкіншіліктерді пайдалана алатын, жоғары деңгейлі маман болады. Мұндай ұстаздардан міндетті түрде болашағы жарқын, өзіне сенімді шәкірттер түлеп ұшары анық.
Айжан Ермаханқызы ЖАҚСЫЛЫҚ,
№ 88 мектеп лицейдің қазақ тілі мен
әдебиеті пәні мұғалімі, Нұр-Сұлтан қаласы