Қызылорда облысы: Дәстүрлі өнер дәріптелді
Шілде айының біріндегі – Ұлттық домбыра күніне орай Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Дәстүрлі өнер» институты «Дәстүрлі музыка өнері» кафедрасының профессор-оқытушылары мен білім алушылары университет ректорының марапатына ие болды, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.
Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 2018 жылдың 1 шілдесі Ұлттық домбыра күні болып белгіленді. 2019 жылғы тамыздың 28-інде «Дәстүрлі өнер» институты құрылып, қазіргі таңда институтта 3 кафедра он мамандық бойынша болашақ дәстүрлі өнер жанашырларын даярлауда. Институтта 232 білім бакалавры мен сегіз магистрантқа 42 білікті оқытушы-профессорлар дәріс береді. Сонымен қатар, 2019 жылы университет қабырғасында ұлттық мәдениетті сақтау мен оны жаңғыртуға бағытталған студент-жастар арасында «Домбыра-думан» клубы құрылды.
Қазіргі таңда клуб құрамында жиырмаға жуық жас күйшілер, жыраулар мен термешілер бар. Айтулы мереке аясында университет ректоры Бейбіткүл Сәрсемханқызы өз өнерімен республика деңгейінде танылып жүрген оқытушылар мен талантты жастарды кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, университет мәртебесін көтеруге атсалысып жүргені үшін «Құрмет грамотасы» және «Алғыс хатпен» марапаттады.
Сонымен бірге, мереке қарсаңында ректор «Өнер бар жерде өнеге бар, өнер бар жерде мәдениет бар, өнер бар жерде рухани байлық бар» деген жылы лебізін білдіре отырып, «Домбыра думан» клубына қазақтың киелі қара домбырасын тарту етті. Ал, домбырашы өнерпаздар өз ретінде университет ұжымына ризашылығын білдіріп, ән-жырдан шашу шашты.
Загрузка...