Кітапхана – білім мекені

Кітап – құнды байлық. Адамның рухани жан-дүниесін, білімін молайтатын, арманын жүзеге асыратын – кітап. Кітаптың құндылығы жайында көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаев «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген тағылымын қалдыра отырып, оқырманға ұлағатты ой қалдырды. Қазақстанның келешегі жас ұрпақты тәрбиелеуде мектептермен қатар Қапшағай қаласындағы «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында орналасқан кітапхана да осы міндетті атқарады.

Жаз уақыты – оқушылардың демалыс кезі. Орталықта демалып жатқан Мақтаарал ауданының бүлдіршіндері ұйымдастырылған көпшілік шараларға қатысып, кесте бойынша кітапханаға келіп, білімін кеңейтіп, рухани азық алады. Оқырмандар кітапханада ертегі, аңыздар, батырлар жыры, әр түрлі тақырыпта кітаптар топтамасымен, қазақ, орыс, шетел классик ақын-жазушыларының туындыларымен танысып, өз қалауымен ұнаған кітабын оқиды. Ақпараттық технология дамыған заманда демалушылардың кітапты таласа қолға алып парақтап оқығанын көргенде кітаптың құндылығының азаймағанының куәсі боласыз.

Кітап оқуды насихаттауда «Қызықты кітаптар» үйірмесінің де рөлі зор. Үйірме мүшелері ұнатып оқыған шығармаларын келесі оқырманғанға ұсынып, оқуға тартады. Кітапханада жүргізілетін «Әдеби джем», «Күңгірт мәтін» және көркем шығармалардан үзінді алып пазл құрастыру әдістері – балалардың шығармашылық ойлау қабілетін дамытуға, сөздік қорларын молайтуға және өнегелікке тәрбиелеуге баулиды. Орталықта «Буккросинг» жобасы жұмыс істейді. Жобаның негізгі идеясы – кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттырып, өзара кітаптар алмасу. «Буккроссинг» қозғалысы – кітап пен оқырман арасын жақындатудың тиімді жолы. Аумақта орналасқан «Буккросинг» ұяшықтарынан «Кітапты өзің оқы да, басқаға бер» ұстаныммен балалар аулада кітап оқып, достарымен бөліседі.

Өмірде көп нәрселер өзгергенімен, кітапхана қызметі сан ғасырлар бойы оқырмандарын біліммен сусындатып, рухани мұрамыз – кітапты сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап келеді. Заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезов «Кітап – әр адамның өмірлік досы» деп айтып кеткен болатын. Кітапсыз ешкім алға баса алмайды. Кітап оқу – өнер. Еліміздің жас ұрпақтарын кітаппен дос болуға шақыру, кітапқа қызықтыру, өнер, мұра ретінде ұсыну – білім ошағындағы кітапхананың міндеті.

Шолпан НАБИЕВА,
“Балдәурен” республикалық оқу сауықтыру
орталығының кітапханашысы, Қапшағай қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий