Студенттердің жаңа үйі
Елорда күні қарсаңында және бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыру аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да 1250 орынды жайлылығы жоғары жаңа Студенттер үйінің құрылысы бастау алды. Жаңа жатақхананың тасын қалау рәсіміне университет басшылығы, инвестор мен құрылыс компанияларының, қоғам және БАҚ өкілдері, университет оқытушылары мен студенттері қатысты, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.
Салтанатты шарада сөз алған ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов студенттерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешуге мемлекет ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Бұл маңызды міндетті бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыру аясында Тұңғыш Президент Н.Назарбаев қойған болатын. Университет осы бағытта дәйекті жұмыс істеуде. Жаңа Студенттер үйінің құрылысын бір жылдан кейін аяқтау жоспарлануда. Айта кетерлік жайт, оның құрылысы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде жүзеге асырылуда, инвестор – «Baikadam» компаниясы, ал құрылысшы компания «СК Самұрық-Құрылыс» ЖШС. Жалпы көлемі 22,5 мың шаршы метрді құрайтын тоғыз қабатты ғимаратта асхана, компьютерлік сыныптар, демалыс орындары, мәдени-тұрмыстық нысандар болады.
Загрузка...Студенттер әжетхана және себезгімен жабдықталатын екі орынды бөлмелерде тұратын болады. Соңғы жылдары ҚазҰУ QS жаһандық рейтингісінде 165-орынды иеленіп, осылайша әлемнің ең үздік 200 ЖОО-ның қатарына кіріп айтарлықтай халықаралық жетіскістерге ие болды. Университетке түсуге ниет білдірушілердің саны да артуда, олардың қатарында шетел азаматтары да бар. Көптеген студенттер тұрғын үйге мұқтаж, ал жаңа жайлы жатақхана салу бұл мәселені шешуге мүмкіндік береді.