Жас түлек – 2020: Әділ Ысқақов дәрігерлік мамандықты таңдады

Мен, Ысқақов Әділ, Семей қаласының Шәкәрім атындағы үш тілде оқытатын көпбейінді гимназиясының 2020 жылғы түлегі, «Алтын белгі» төсбелгісінің иегерімін. Өз білімімді сынап, мемлекет белгілеген грант иегері атану үшін Ұлттық бірыңғай тест тапсырып, 135 баллға қол жеткіздім. Жылдар бойы жинаған білімім, тыңғылықты дайындығым осы жетістікке жетуіме көмектесті.

Елімізде болып жатқан төтенше жағдайларға байланысты төртінші оқу тоқсанын қашықтықтан оқысақ та, бұл жай жан-жақты дайындалуыма кедергі болмады: қашықтықтан тест тапсыруға жақсы дайындықпен баруымызға ұстаздарымыз көмектессе, үйде ата-аналарымыз үнемі қолдау жасады. Білім және ғылым министрлігі тарапынан биылғы жылы қорытынды аттестациядан өткізбей-ақ, жылдық бағалар негізінде қорытынды шығару дайындық мерзімін ұзартса, бірнеше білім сайттары мен платформалар тегін дайындалуымызға мүмкіндік жасады, ал республикалық ұлттық тест тапсыру орталығы тарапынан ұсынылған 77 нұсқа біздің білімімізді сынауға қосымша көмек болды.

Тест тапсыру орталығындағы сынақтың қатаң режімде өткені белгілі. Бұл ‒ өте дұрыс шешім: білімді ұрпақ ‒ ертеңгі білікті маман. Мұндай сынақтар білімімен мыңды жығар жастар арасында бәсекелестікті қалыптастырып, оқу сапасын арттыратыны сөзсіз. Мен дәрігерлік мамандықты таңдай отырып, мектепте алған білімімді шыңдап, еліме пайдасын тигізер ақ халатты абзал жандар қатарында болуды армандаймын. Бірге оқыған сыныптастарыма ақ жол тілей отырып, бүгінгі ақ армандарының болашақта биік мақсаттарына жеткізулерін тілеймін. Азамат болып қалыптасуыма, тұлға ретінде дамуыма жол көрсеткен, мол білім қорымен қаруландырған ұстаздарыма алғысым шексіз.

Өмірде кездесетін кез келген сынақтан сүрінбей өтіп, жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін үнемі жалықпай іздену керектігін соңымыздан ілесіп келе жатқан келешек түлектердің естеріне тағы бір мәрте салғым келеді. Бұл ‒ менің ағалық ақылымды жолдауым.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий