Бала қауіпсіздігін сақтау – баршамызға ортақ міндет

Департаментте балалардың құқықтарын қорғау саласында әр баланың құқықтарын қамтамасыз етуге және заңды мүдделерін қорғауға бағытталған мемлекеттік саясатты іске асыру мақсатында мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес және басқа да ұйымдармен бірлесе жұмыстар атқарылуда. 

Бала – біздің өмірімізді тікелей жалғастырушы ұрпақ ғана емес, еліміздің болашағы. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» – демекші, мемлекетіміз үшін әрбір отбасында өсіп келе жатқан бүлдіршіндердің қауіпсіз ортада дені сау, рухани бай, еңбек пен білімге құштар болып өсуі ең жоғарғы, биік мақсаттардың бірі болып табылады. Бүгінде өмірде кездесетін сан қилы тағдыр тәлкегіне ұшыраған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға мемлекет тарапынан жан-жақты қамқорлық жасалуда. Соның ішінде, елордасында осы санаттағы 862 бала  балаларға арналған халықты әлеуметтік қорғау ұйымдарында, балалар үйінде және арнайы білім беру ұйымдарында тәрбиеленуде.

Білім және ғылым министрлігі мен қала әкімдігінің биылғы бірлескен жұмысы нәтижесінде қолданыстағы білім беру және бала құқығын қорғау саласындағы заңнамалық актілерді басшылыққа ала отырып, өмірде қиын жағдайларға тап болған  аз қамтылған, көп балалы, толық емес және жетім бала асырап алған 9 468 отбасына және 2 781 балаға көмек көрсетілді. Салалық министрліктің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің басшылығымен департамент тарапынан оқыс оқиғаларға  тап болған  балалардың жағдайын жедел анықтау, оларға көмек пен қолдау көрсету мақсатында қаланың білім басқармасы мен жергілікті полиция органдарымен бірлесе отырып, жүйелі жұмыстар жүргізуде.

Соңғы үш айда IKomek «109» жедел жауап көрсету орталығы мен әлеуметтік желілер арқылы келіп түскен жиырма бестен аса жағдай тіркелген. Күн сайын жасы кәмелетке толмаған балалармен болған жағдайларға мониторинг жүргізіліп, оқыс оқиғаларға тап болған ұл-қыздарға уақтылы көмек көрсетілуде. Өмірге әкелген ұрпағы – баласының қауіпсіз ортада дені сау болып өсуіне әрбір ата-ана жауапты. «Білім туралы» Заңда ата-аналар мен өзге де заңды өкілдердің балаларға өмірі мен оқуы үшін салауатты және қауіпсіз жағдайлар жасауға, олардың ой-өрісі мен дене күшін дамытуды, имандылық тұрғысынан қалыптасуын қамтамасыз ету міндеті көзделген.

Өкінішке орай, мониторинг нәтижесі көрсеткендей, мектеп жасына дейінгі балалардың көп қабатты үйлердің терезесінен құлап кету, әр түрлі сипаттағы жарақат алу, үй тұрмыстық жағдайында күйіп қалу, уланып қалу, қараусыз қалғандықтан көшеге шығып кету, жол апатына ұшырау, суға кету, бөгде адамдардың алдауына түсу әрекеттері орын алатындықтан, оқыс оқиғалардың соңы орны толмас қайғымен аяқталады. Бұл жайсыз деректердің себебін анықтау барысында көбіне ата-аналардың жеке жауапкершілік міндеттеріне салғырт қарауы тұрғаны ащы ақиқат. Балалардың кешенді қауіпсіздігін қамтамасыз ету әрбір ата-ананың тікелей парызы екенін естен шығармағанымыз абзал.

Оқыс оқиға айтып келмейді, әйтсе де ата-ана күнделікті өмірде балалардың бойына қауіпсіздіктен сақтану дағдыларын қалыптастыра отырып, тұрмыста, көшеде және жолда өзі-өзі дұрыс ұстауды үйренуіне үлгі көрсетулері қажет. Отбасының   аса   құнды ықпалы   мен   әсерін   өмірдегі   ешнәрсенің күшімен салыстыруға болмайды. Жас шыбық иілгіш болса, жас адам да сондай, жақсыға да жаманға да бірдей бейімделгіш келеді. Кәмелетке жасы толмағандар арасында ата-анасымен тіл табыса алмай, жылылық пен мейірімділікті бөгдеден іздеу барысында қате қадамдарға көп ұрынады. Жаман ортаға кездесіп, қылмыстық оқиғаларға тап болатын балалар қаншама.

Халқымызда «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» немесе «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген нақыл сөздер бекерге айтылмаған. Ұлы педагог А. Макаренконың «Сіздер баланы тек сөйлеген кезде ғана, оған ақыл айтқанда немесе бұйрық берген кезде ғана тәрбиелейміз деп ойламаңыздар, Сіздер оны өмірлеріңіздің әрбір минутында, тіпті өздеріңіз үйлеріңізде жоқ уақыттың өзінде де тәрбиелейсіздер,…» дегенін әсте естен шығармағанымыз абзал. Бала тәрбиесінің  қуат алатын қайнар бастауы –  отбасы.

Сондықтан да отбасы – адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті алтын мектебі. Әрбір бала өз отбасында мейірімділік пен сүйіспеншілікке бөленіп, ата-анасының еркеше қамқорлығында саналы тәрбие алып, өзін ең бақытты және қауіпсіз сезінсе, жарқын болашақтың саналы ұрпағы өсіп келеді деп кәміл сенуге болады. Балаға жоғары жауапкершілікпен қарап, оқыту мен адамгершілікке тәрбиелеуде отбасының басымдылығын мойындап, барлығымыз бірлесе, ынтымақтаса әрекет ету қоғам алдында үлкен міндет екенін ұмытпайық.

Оразгүл Әбсеметқызы ЖОЛДАСБЕКОВА,
Нұр-Сұлтан қаласының білім саласында сапаны
қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий