Жас түлек – 2020: Математиканы таңдаған қос қызылордалық (бейне жазба)

Ерғараев Диас Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы Бесарық ауылының тумасы. Облыс орталығындағы Еркін Әуелбеков атындағы №4 облыстық дарынды балаларға  арналған мектеп интернатының биылғы түлегі.

– Биылғы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, 133 балл жинадым. Ешқандай қиындықтар болған жоқ. Сұрақтардың барлығы бұрын пән сабақтарында өткен тақырыптардан әзірленіпті. Тәртіп те ерекше қатаң түрде күшейтілді. Бұл өз біліміне сенгендер үшін жасалған жағдай екені даусыз. Таңдау пәнім физика-математика. Мамандық ғылыми математика. Жетінші сыныпта осы білім ордасында оқуға қабылданған едім. ҰБТ-ға дайындықты 10 сыныптан бастадық. Негізінен мектеп мұғалімдерінің қолдауы мен көмегіне сүйендік.

Ешқандай репетитор жалдаған жоқпын. Дарын мектебінің мұғалімдері негізінен өте жоғары деңгейдегі мұғалімдер. Физикадан Алпысбаева Бибісара апай дәріс берсе, математикадан Жиенбаев Шаймағанбет ағай қиын пәнді үйретті. Барлық ұстаздарыма алғысым шексіз. Мұғалімдерімнің мықтылығының нәтижесінде жоғары балл жинадым. Білікті басшы Абдуллаева Балзия апай жетекшілік жасайтын мәртебелі мектептің ұйымшыл ұстаздар ұжымына түлектердің алғысы шексіз, – дейді Диас Еркінұлы.

 

(Бұл бейне жазбаны дайындаған – Қызылорда облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі)

Оның айтуынша ұлттық бірыңғай тестілеу сынақтарындағы сұрақтардың қиындығынан қорқақтаудың қажеті жоқ. Тек тыңғылықты дайындық қажет. Сонда ғана өзің үміттенген биік нәтижеге қол жеткізуге әбден болады.

 

– Мен бас алмай 24 сағат сабақ оқыдым деп айта алмаймын. Әзірленуге белгілі бір уақытты арнадым. Бос кезімде үй тіршілігіне көмектесіп, басқа да жұмыстармен айналыстым. Спорттық ойын түрлеріне ден қойып, волейбол мен футбол үйірмелеріне қатытым. Осы орайда жан-жақты қолдау көрсетіп, демеген ата-аналарыма (Ибраимов Еркін мен Исмаилова Олимпиада) ризашылығымды білдіремін, – деді ол.

Жанерке Боранбай Қызылорда қаласындағы №10 дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының түлегі әрі «Үздік аттестат» иегері. Ол да барлық қатарластары сынды тест сынақтарына танымсыз дайындалып, жоғары көрсеткішті иеленді.

– Тест тапсыру күні жақындағанда сәл қобалжу болғанын жасырмаймын. Алайда өзімнің білімімді сынайтын сәтте өз-өзімді қолыма алдым. Нәтижесінде 130 ұпайды еншіледім. Келешекте өмірін ұстаздық қызметке арнаған Сабақбай Жетесәлі атам секілді математика пәнінен мұғалім болмақпын. Өз пәнімнің мықты маманы болу үшін алғашқы қадамдарды да бастап кеттім. Соның бір дәлелі-осы жылғы Өмірбек Жолдасбеков атындағы математикадан және механикадан зерттеу жұмыстарының халықаралық конкурсының нәтижесі.

Жобаға сыныптасым Сансызбай Ғайникамал екеуміз лицейіміздің математика пәнінің мұғалімі Орынбасарова Альфия және ғылыми жетекшіміз Меңліхожаева Сәулеш апайлармен жан-жақты дайындық жүргіздік. Көптеген ізденістердің арқасында жүлделі екінші орынға да ие болдық. Осындай жетістіктерге жету жолында үлкен көмек көрсеткен лицейдегі ұстаздарыма және қолдау көрсеткен жақындарыма алғысым шексіз! Лицей мен үшін білім мен тәрбие ордасы болып қалмақ! Жазғы демалыс уақытында немересімен дайындық жүргізген атама да алғысымды айтқым келеді, – дейді ол бізден әңгімесінде.

– Жанерке өзін мектеп кезінде, сабақ барысында өте ұқыпты, тәрбиелі, ақылды оқушы ретінде көрсетті. Жұмыстарының барлығын жауапкершілікпен, тиянақты орындайды. Қазіргі таңда көптеген оқушыларға үлгі бола алатындай жан-жақты даму үстіндегі болашағынан үлкен үміт күттіретін жігерлі жас, – дейді №10 дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицей интернатының математика пәні мұғалімі Орынбасарова Альфия Хайдарқызы.

Қиын пәнді таңдаған қос қызылордалық жас түлекке үлкен өмірге қанат қағулары жолында тек сәттіліктер тілейміз.

Нұрлан САБЫРБАЙТЕГІ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий