Дарынды балалар: Математика пәні бойынша зерттеу жұмыстарына баулу

Талантты жастар – бүгінгі егеменді еліміздің жарқын болашағы. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Бізге керегі – шын дарындар. Нарық қол-аяғымызды қалай қыспасын, мемлекет өзінің талантты ұлдары мен қыздарын, тарланбоз жүйріктерін қолдауға, қорғауға міндетті»,- деп еліміздің болашағы жастарға үлкен мән берген болатын. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында мемлекеттік саясат негізінде әр баланың жеке қабілетіне қарай интеллектуалдық дамуы жеке адамның дарындылығын дамыту сияқты өзекті мәселелер енгізілген. Дарынды балалар қандай?

Олар әр түрлі, бір-біріне ұқсамайды. Дарынды баланы байқамау мүмкін емес, көпшіліктің ортасында ол өзінің іс-әрекетімен, бейімділігімен, қабілеттілігімен бірден көзге түседі. Дарынды балаларды қалай тануға болады? Белгілі зерттеуші Натан Семёнович Лейтес қабілетті балалардың үш категориясын анықтап берді. Бірініші категория – қарым қабілеті ерте жастан байқалған оқушылар. Екінші категория – жеке бір іс-әрекет түрі мен белгілі бір мектептегі ғылым түріне қабілеттілігімен көзге түскен оқушылар. Үшінші категория – дарындылық, күш–қажырымен ерекшеленетін оқушылар.

Ой – өрістік қабілетімен ерте жастан көзге түскен оқушыларға мектептегі оқу кезіндегі қарқындылық тән. Кейбіреулерінің ақыл-ойы табанды түрде дамиды да, өз қатарластарын басып озады. Олардың ақыл – ойының кемеңгерлігі сонша – оларды байқамау мүмкін емес. Бала дарындылығының байқалмайтын жақтары да кездеседі. Кейде тіпті баланың есейген шағында сирек кездесетін қабілеттері көрініс тауып жатады. Бала бойындағы белгілі бір қабілеттің жарқын көрінісі ой – өріс деңгейінің жалпы дамуымен, ғылымның, өнердің арнайы бір саласына бейімделуімен сипатталады. Дарынды баланың өзгешелігі неде? Оқушы пікірінің ерекшелігі мен дербестігінде, сұрақты әр қырынан қарастыруында. Бала дарындылығының өзіндік қырларын білген педагог оны оқыту үрдісінде тиімді пайдалануына болады. Дарындылық – адамның өз бейімділігі арқылы, шығармашылықпен жұмыс істеу арқылы қалыптасатын қасиет.

Дарындылық пен қабілеттіліктің не екенін, оқушы дарындылығын анықтайтын психодиагностикалық әдістемелердің тиімділігін, нәтижелілігін білетін мұғалім ғана дарынды оқушымен нәтижелі жұмыс істей алады. Дарынды оқушымен жұмыстың негізгі мақсаты— олардың шығармашылық жұмыста өзінің қабілетін іске асыруға дайындығын қалыптастыру. Ал мақсатқа жету – оқу бағдарламасын тереңдетіп оқыту және оқушылардың танымдық белсенділігін дамыту арқылы жүзеге асады. Әрбір дарынды бала еңбекке бейім, шығармашылық тапқырлықпен еңбек етеді. «Дарынды ұстаздан дарынды шәкірт шығады» демекші, дарынды оқушылардың көп болуы шығармашылықпен жұмыс жасайтын ұстаздарға байланысты. Шығармашылықпен жұмыс істейтін ұстаз – теориялық жағынан білімді, әлемдік педагогиканың озық үлгілерін жаңашылдықпен дамытып жүрген үнемі кәсіби шеберлікке ұмтылатын, тәлім-тәрбие ісінде жалықпайтын, баланы өзіне тарта алатын, шығармашылық ізденістегі адам.

Бала бойындағы дарындылық, ғылымилық қабілетін ашу, ерекше қасиеттерін зерттеу, айқындау – заман талабы. Ал оқытудың түпкілікті нәтижесі – өз ойын дәлелдей алатын, жан – жақты білімді, білімін жүзеге асыра алатын, қалыптасқан өзіндік азаматтық көзқарасы бар іскер, ақылды, адамгершілігі мол тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру. Математика пәнінің көп жақтылығын ескере отырып, оқушыларға тек қана дәрістік тәрбие беріп қоймай, сонымен бірге сыныптан тыс немесе сабақ өту барысында әр түрлі ғылыми жаңалықтарды пайдалану арқылы білім деңгейін көтеруге болады. Бүгінгі ақпараттық қоғамда өмір сүруге лайық жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру үшін мектепте оқушының шығармашылық қабілетін дамытатын әртүрлі сабақтан тыс жұмыстар ұйымдастыру қажет екені белгілі. Осындай жұмыс түрі математика курсы бойынша жүргізілетін сабақтан тыс жұмыстардың бірі-оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмысын ұйымдастыру болып табылады.

Математика пәні бойынша сабақтан тыс жұмыстарды зерттеу мәселесі оқушылардың түрліше ойлау, шығармашылық қабілеттерін дамытуда маңызды рөл атқарады. Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытатын математика пәнінен ғылыми-зерттеу жұмысын ұйымдастыру әдістемесін жасау математиканы оқыту әдістемесі теориясындағы негізгі мәселелердің бірі болып табылады. Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту үшін математиканы оқыту процесінен тыс оқу жұмыстарын ұйымдастыру қажет. Пән бойынша өткізілетін оқушылардың ғылыми зерттеу жұмысының мазмұны мен өткізілу формасын мұғалім қадағалап, бағыт беріп отыруы керек. Математика саласында еңбектену – ақыл-ойдың қабылдағыштығын абстрактілі ойлай білу, белгілі бір логикалық мәдениет болуын талап етеді.

Сондықтан мұғалім өз оқушысынан математикалық «ұшқынды» дер кезінде байқаған жағдайда оған қосымша әдебиет ұсынып, қосымша есептер таңдап алуына дер кезінде көмек көрсетіп, байқалған «ұшқынды» болашаққа жол сілтейтін лаулаған отқа айналдыратын амал таба білу керек. Ғылыми жұмысты жазу, іздену тер төгетін еңбекті қажет етеді. Сондықтан зерттеу, ізденісте әрқашан балаға ақылшы-кеңесші ретінде мұғалім жетекшілік етуі тиіс. Әр мұғалімнің аса маңызды міндеттерінің бірі әр оқушының бойындағы қабілетті, икемділікті көре білу болып табылады. Дарынды балаларды іздеу, оларды оқыту мен тәрбиелеу қоғам үшін бүгінгі күні өте қажет.

Әрбір дарынды адам, еңбекке бейім, шығармашылык тапқырлықпен жігерлі еңбек етеді. Осы қасиеттерді біз мектеп тарапынан әр оқушының бойынан анықтай білуіміз керек. Осыған байланысты біз мектепте психологпен ақылдаса отырып, ата-аналардан, күнделікті сабақ өткізетін мұғалімдерден сауалнама ала отырып, дарынды баланы іріктеп аламыз. Сонымен дарынды, таланты бала деп баланың, ата–ананың, мектептің үздіксіз еңбегінің жемісін айтуға болады. Қандай дарынды бала болмасын, оның барлығы өз бетімен ғылыми жұмыс жазуға, зерттеу, ізденіске бара алмайды. Ол үшін мұғалімнің көмегі, ақыл- кеңесі, зерттеу бағыты қажет. Ғылыми жұмысты жазу, іздену тер төгетін еңбекті қажет ететіні түсінікті.

Ал оны қорғау да өте күрделі мәселе. Осыған орай, мектептерде оқушылардың ғылыми қоғамының жұмыстарын жандандыру – үлкен міндет. Ұлт көшбасшысы барша отандастарымызға арнаған 2010 жылғы Жолдауында «Біз толайым табыстарға қол жеткізіп, биік белестерді бағындырдық, алайда алар асуымыз әлі де алда» деп ой айта келіп, мұғалімдерге де үлкен міндеттерді жүктегені мәлім. Ендеше келешекте Қазақстанның қарыштап дамуына өз үлесін қосатын бүгінгі оқушы – ертеңгі азамат болғандықтан, оқу үрдісін жаңартып, білім сапасын арттыру мұғалім құзырындағы жауапты іс. 

Багдагүл Нұгайбайқызы ТЛЕУБЕРГЕНОВА,
М.Тәжин атындағы жалпы орта білім беретін
мектептің математика пәні мұғалімі, Ақтөбе
облысының Мөңке би ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий