Жас түлек – 2020: Энергетика саласында еңбек етсем деймін – Әміржан Армандиев

Жуырда дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп интернат кешенінің түлегі Әміржан Армандиевке ҚР Білім және ғылым министрлігінің шешімімен 140 балл көрсетілген сертификат табыс етіліп, ҰБТ тапсырудан босатылған болатын. Осыған орай жас түлекпен “ҚазАқпарат” тілшісі сұхбаттасқан еді.

Әміржан Арсенұлы, халықаралық емтиханды сәтті тапсыру арқылы ҰБТ-ға қатыспай-ақ, сертификатқа қол жеткіздің, алдымен осы табысың жөнінде айта кетсең? – Мен мектептегі соңғы оқу жылым басталар кезінде халықаралық тесттерді жазуға тіркелген болатынмын. Бұл емтихандарға қатысқан себебім Назарбаев университетіне оқуға түсуді мақсат еткен едім. Яғни 2019 жылдың желтоқсан айында SAT reasoning, SAT subject атты екі тесттің қорытындылары қолымда болды. Ал осы жылы маусым айында ҚР Білім және ғылым министрлігінің шешімімен SAT, ACT және IB халықаралық стандартталған тестілеулерінің балдарын Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) балдарына ауыстыру шкаласы енгізілді. Бұл жаңашылдықты естіген кезде өз көрсеткіштерімді ұлттық тестілеу орталығына жіберіп, ҰБТ-ға бір күн қалған кезде 140 балл иегері атандым.

«Тарыдай боп кіресің, таудай болып шығасың» дегендей, мектеп қабырғасында өткен жылдар несімен есте қалды, ұстаздарың жөнінде қандай лебіз білдірер едің? – Менің мектептегі уақытым өте қызықты өтті деп ойлаймын. Себебі, менің сыныбымдағы оқушылар арасында жылы қарым-қатынас орнады. Өз сыныптастарым әзілқой, әрқашан қолдап, өз ойымен бөлісуге қысылмайтын жандар. Осы достарыммен бірге бастан кешкен көптеген қызықты оқиғалар болды, сол оқиғалар мектепті еске алғанда, ойыма түседі. Мысал ретінде 10 сыныптың көктемінде сыныппен бірге және физика мұғалімі Ержан Сейтжанұлының бастауымен Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларындағы жоғарғы оқу орындарымен танысу бағытында өткен жеті күндік жол сапарымыздың өзі жадымызда өшпейтіндей естелік болып қалғанын айтар едім.

Ал ұстаздарға келсек, алдымен өз алғысымды физика пәнінен сабақ берген Айгерім Мырзажанқызы мен Ержан Сейтжанұлына айтамын. Физика пәнінен олимпиадаларға қатысу барысында қолдап, білім бергендері үшін рақмет. Сонымен қатар ағылшын тілінен емтихандарға дайындап, университетке тапсыру барысында ақыл-кеңес беріп, мектепте ақысыз курстарды ашқан Аян Рамильұлына ризашылығымды білдіргім келеді. Атап өткен SAT емтиханында екі рет математика пәнін тапсырған болатынмын, осы орайда 7 сыныптан бастап алгебра мен геометрия пәнінен дәріс берген мұғалім Серік Мендібайұлын да атап өткім келеді. Жалпы алғанда, мектептегі барлық ұстаздарыма мың алғыс, себебі осы табысқа олардың үлесінсіз жетпес едім.

Алдағы уақытта қандай мамандықты меңгермекшісің, басты арман-мақсаттарың қандай? – Алдағы уақытта мен Назарбаев университетінің бакалавриат бағдарламасында білім алатын боламын. Ол жерде оқитын мамандығым – электротехника және компьютерлік инженерия (electrical and computer engineering). Бұл мамандықты таңдау себебім мектеп кезінен физика және математика пәндерін ұнатып, болашақ мамандығымды осы пәндермен байланыстырғым келді. Оқуымды бітіріп, өз білімімді әрі қарай дамытуды жоспарлап отырмын. Өзім таңдаған саланың білікті, әрі білімді маманы болу – менің болашаққа қойып отырған мақсаттарымның бірі.

Тәуелсіз елдің жас ұланы ретінде Қазақстанның дамуына нендей үлес қосамын деп ойлайсың? -Мен жаңа ғана мектеп бітіріп, университеттің табалдырығын аттамақшымын, сол себептен қазіргі уақытта қандай үлесімді қоса алатынымды нақты айта алмаймын. Бірақ та қазіргі мақсатыма сай оқуымды бітіріп, тәжірибе жинағаннан кейін өз мамандығыма байланысты энергетика саласында еңбек еткім келеді. Осылайша электр энергетикасы немесе электр техникасы саласын Қазақстанда дамытуға өз үлесімді қоссам деймін. Электр энергетикасы үлкен сала болғандықтан, бір адамның еңбегімен барлық мәселе шешіледі деп ойламаймын. Дегенмен осы мәселелерді шешетін жобаларды жүзеге асыруға өз тәжірибе-білімімді жұмсай аламын деп сенемін.

Елордада білім алады екенсің, құтты болсын, қадамыңа сәттілік тілеймін! – Ия, еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласында Назарбаев университетінде білім алатын боламын. Елорда төрінде, Қазақстандағы таңдаулы оқу орнында білім алу бір ғанибет қой. Қазақстан ғана емес, шет елдерден білікті оқытушылардың келіп, дәріс беруі нәтижесінде Назарбаев университеті, менің ойымша, еліміздегі ең деңгейі жоғары, сапалы оқу орнына айналды. Сонымен қатар университетте студенттерге толық жағдай жасалған, соның ішінде зертханалардың, компьютерлік кабинеттердің оқу процесінде үлкен көмегі бар. Еске сала кетейік, 136 балл жинаған түлектің болашақта білікті дәрігер болғысы келетінін, Шынар Марстың Назарбаев университетінде білімін жалғастырғысы келетінін жазған болатынбыз.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий