Жас түлек – 2020: Мұғалім мамандығын таңдады

Мәлика Баймұрат Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешенінің биылғы жас түлегі. Ол маусым айының 28-інде ұлттық бірыңғай тестілеу сынағын тапсырып, 104 ұпай жинады.

– Осы жылғы ҰБТ ерекше қатаң тәртіппен карантиндік шектеулер мен сақтық шаралары аясында жүргізілгені баршамызға белгілі. Бейіндік пәнім – қазақ тілі мен әдебиеті. Алдағы уақытта өзім қалаған жоғары оқу орнына түсіп, білімімді жетілдіру жоспарымда. Таңдаған мамандығым – қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі. «Неге бұл мамандықыты таңдадың?» деген сауалды көп адамдар қояды. Оларға берер жауабым біреу: «Мен бұл мамандықты жақсы көремін және болашақта еліме дәл осы мамандық арқылы өз септігімді тигізгім келеді». Көп адам қызыға бермейтін мамандық иесі мұғалімдер екені рас. Алайда парасатты педагогтер ғана шәкіртті жеке тұлға ретінде қалыптастырып, білім мен тәрбиені қоса алып жүретін маман иелері. Болашақта мұғалім мамандығын игеріп, еліміздің ұлтжанды, саналы да білімді жастарын тәрбиелеп, олардың болашақта өз орнын табуға үлесімді қосқым келеді, – дейді бізден әңгімесінде Мәлика Мұтиғоллақызы.

Оның айтуы бойынша ҰБТ-ға дайындықты былтырғы қыркүйек айында бастап, әртүрлі тест нұсқаларын жасау арқылы өзінің білім деңгейін тексеруге кірісіпті. Алғашқы нәтижелер көңілінен шықпағандықтан арнайы кітапшаларды сатып алып, жеке дайындалуды жолға қойыпты.

– Шынымен де, осы кітапшалар маған көп көмегін тигізді, алайда осыған дейін алған білімімді де қайталап шықтым. Өйткені қайталап отырған кезде мәлімет жадыңда тез сақталып, ұзақ уақыт бойы ұмытылмайды. Мен арнайы оқу курстарына барып, немесе репетитордың қымбат бағаланатын ақылы көмегіне жоқпын. Тек өзіммен-өзім жеке отырып, ыңғайлы уаққытта аптасына 3-4 рет нұсқа талдаумен болдым. Ең бастысы қаншалықты жиі дайындалу емес, қаншалықты сапалы әзірленуіңде. Мысалы сіз басыңызды көтерместен, ұзақ дайындалып, бірақ өз қалаған нәтижеңізге жете алмауыңыз мүмкін. Бұның себебі уақытты жүйелі пайдалана білмеуіңізде. Күніне бір-екі сағат дайындалыңыз да, қалған уақытта ата-анаңызға көмектесіп, не болмаса сүйікті ісіңізбен айналысыңыз. Аз-аздан, бірақ сапалы әзірленіңіз. Қанша ұпай алсаңыз да, өзіңізге сенімді болыңыз. Өйткені кез-келген істің жақсы орындалып шығуы, өзіңізге тікелей байланысты. Менің ең басты арманым Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде таңдаған мамандығыма сәйкес мемлекеттік грант бойынша білім алу. Бірақ бұйырғаны болады ғой. Қай жоғары оқу орнына түссем, сол жерде оқитын боламын, – дейді ол.

Мәлика Баймұрат сөзінің соңында, он бір жыл бойы бұла бойына білім нәрін сіңіріп, биік шыңға жету жолында біліктілігін аямаған барша ұстаздары мен алтын ұя мектебіне алғыс сезімін білдіріп, құрбы-құрдастарының үлкен өмірді аттаған алғашқы қадамдарына сәттілік тіледі.

– Ең алдымен мектеп директоры Хамзина Аягөз Орынбайқызына, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Шхан Нұрлан Елемесұлына, сынып кураторы Сағынғалиева Әлия Еркінқызына, сонымен қатар ҰБТ-ға әзірлікте қолдауын көрсеткен Ахмадиев Арман Сансызбайұлына ризашылығымды білдіремін. Сонымен қатар маған үлкен сенім артып, жан-жақты қолдау көрсеткен ардақты ата-анам, Жанбоз Мұтиғолла Баймұратұлы мен Жанбоз Айдана Еділбайқызын ізгі лебізім ерекше. ҰБТ тапсырушыларға жан-жақты дайындықпен барып, қалаған ұпайларын алулары үшін берік сенім серік болсын. , – деді сөзінің соңында Мәлика Мұтиғоллақызы.

Нұрлан САБЫРБАЙТЕГІ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий