Елбасы мерейлі 80 жасқа толды
1940 жылы 6 шілдеде Іле Алатауының баурайындағы Үшқоңыр жайлауында Әбіш пен Әлжан Назарбаевтардың шаңырағында көптен күткен ұл өмірге келді. Оған әке-шешесі Нұрсұлтан деп ат қойды. Сәбиге ат таңдаудың өзі жатқан бір хикаяға айналды. Тойға жиналған ағайын-туыс түрлі есімдерді тұс-тұстан айтып жатты. Ең ақырында жаңа туған ұлдың әжесі Мырзабала мынадай ұсыныс білдірді: «Менің сүйікті немерем екі бірдей есімді алып жүрсін. Оның аты Нұрсұлтан болсын».
Әлемдегі барлық әжелер секілді Мырзабала да немересінің азамат болып қалыптасуына ерекше еңбек сіңірді. Нұрсұлтанның анасы Әлжан Мырзабаланың балалары мен келіндеріне ақыл-кеңес беріп, халықтың байырғы дәстүрлері мен жоралғылары туралы әңгімелейтінін, немересі Нұрсұлтанның тәрбиесіне аса белсеніп кіріскенін еске алады. Мырзабаланың ұлы, Нұрсұлтан Назарбаевтың әкесі – Әбіш 1903 жылы Алатаудың бөктерінде, Назарбай бидің шаңырағында өмірге келді. Әбіш Назарбаев көңілді, қадірлі адам болды. Ол тек қазақ тілінде ғана емес, орыс және балқар тілдерінде де еркін сөйлейтін. Әбіш қазақ және орыс әндерін беріліп айтатын, әңгімелескен адамын зейін қойып тыңдап, пайдалы кеңес бере білетін. Әбіш Назарбаев 1971 жылы қайтыс болды.
Назарбаевтың анасы Әлжан 1910 жылы Жамбыл облысы Қордай ауданы Қасық аулындағы молданың отбасында дүниеге келді. Үшқоңырға жер аударылған әкесімен бірге келген Әлжан Әбішпен танысады. Ауыл арасында ән салу мен суырыпсалмалық өнерден оның алдына түсетін ешкім жоқ еді. Жарқын жүзді Әлжан ұлын үлкенді құрметтеуге, сыйлауға баулыды, оның ұлттық дәстүрлерге, ән-жырларға, салт-ғұрыптарға құштарлығын оятты. Әлжан Назарбаева 1977 жылы қайтыс болды. Отбасында Сұлтан деп аталған ұланның балалық шағы соғыстың сұрапыл жылдарына және соғыстан кейінгі ауыр кезеңге тұспа-тұс келді.
Бұл соғыстағы жеңіске миллиондаған адамды құрбан еткен алып мемлекеттің айрықша күш жұмылдырғанының арқасында қол жетті. Жарымжан күйге түскен ел үйінді арасынан шығып, енді ғана еңсесін көтерді. Жеңістен кейін бірнеше жыл өткен соң КСРО «қырғи-қабақ соғыс» деп аталған, барлық ауыртпалығы қарапайым халықтың иығына түскен жаңа мазасыз додаға қосылды. Бұл ел әлі аш-жалаңаштықтан арыла қоймаған ауыр кезең еді. Бірақ бала Нұрсұлтанның жас зердесінде сол кезеңнің қыспаққа салған қиыншылықтары ғана емес, анасының аялы алақаны мен әкесінің мейірлі жүзі де сақталып қалды. Тату отбасы, бауырлар, әке-шешесі айтқан әндер… Алатаудың әсем ақбас шыңдары, баланы еліктіретін ойындар… Оның қатарластарының бәрінің балалық шағы осылай өтті.
Нұрсұлтан өз әкесінің ешқашан қол қусырып қарап отырмағанын көріп, оған үнемі көмектесуге ұмтылды. Үйде де, бақшада да, алма бағында да әкесінің жанында болып, картоп пен алма өсіруге жәрдемдесті. Нұрсұлтан мал жайғарумен айналысты, әкесімен бірге тауға барып, шөп шапты. Бірде Әбіш үйге арнайы жер аударылған балқарлар отбасын ертіп келді. Назарбаевтар отбасы оларды шаңырағына паналатты, жұмысқа тұруына көмектесті. Ал Әбіш Назарбаев балқарлармен тез тіл табысып, олардың тілін үйреніп алды. Көп ұлт мекендеген Шамалған тұрғындарының бәрі де сөйтті. Ешкім ұлтқа бөлінген жоқ. Нұрсұлтан Назарбаев кейінірек кітаптарының бірінде сен қазақсың ба, украинсың ба, чешен әлде неміссің бе, балалардың арасында оны ешкім де есіне алмайтыны туралы жазды: «Егер қазақ үйіне месхеттік түріктің баспанасы жапсарлас салынып, ал келесі үйлерде Богдан, Рихард, Олег тұрып жатса, қайтіп бөлінеді…». Ұлдар жағы тек тұрған көшелеріне қалай топтасатын. Көше-көшеге бөлініп, төбелескен кездері де болды. Бірақ достық пен өзара көмек өмір салтына айналған еді. Бастан кешкен барлық қиындықтарға қарамастан, ұлдар мен қыздарды білімнің сиқырлы әлемі, мәнді де мағыналы, шаттыққа толы жарқын болашақ тартты да тұрды.
1967 жылы Қарағанды металлургия комбинаты жанындағы жоғары техникалық оқу орнын бiтiрдi. Экономика ғылымдарының докторы. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі. Бірқатар шет мемлекеттер мен еліміздің жетекші университеттерінің құрметті профессоры және докторы. Көптеген кітаптар мен ғылыми мақалалардың авторы. 1960-1969 жылдары Қарағанды металлургия зауытында жұмыс істеді. 1969-1973 жылдары Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы партия-комсомол жұмыстарында жауапты қызметтер атқарды. 1973-1977 жылдары – Қарағанды металлургия комбинатының партком хатшысы.
1977-1979 жылдары – Қарағанды облыстық партия комитетiнiң хатшысы, 2-хатшысы. 1979-1984 жылдары – Қазақстан КП Орталық Комитетінің хатшысы. 1984-1989 жылдары – Қазақ КСР Министрлер Кеңесiнiң төрағасы. 1989-1991 жылдары – Қазақстан КП ОК бiрiншi хатшысы, 1990 жылғы ақпан-сәуір аралығында Қазақ КСР Жоғары Кеңесiнiң төрағасы. 1990 жылдың сәуірінен Қазақстан Республикасының Президенті болды. 1991 жылдың 1 желтоқсанында тұңғыш рет Қазақстан Президентінің жалпыхалықтық сайлауы өтті. Сайлау нәтижесінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев басым дауыспен (98,7 пайыз) жеңіске жетті. 1995 жылдың 29 сәуірінде жалпыхалықтық референдум нәтижесінде Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өкілеттігі 2000 жылға дейін ұзартылды.
1999 жылдың 10 қаңтарында өткен баламалы сайлаудың нәтижесiнде Н.Назарбаев 79,78 пайыз дауыс алып, Қазақстан Республикасы Президентi болып қайта сайланды. 2011 жылдың 3 сәуірінде сайлаушылардың 95,5 пайыз дауысымен Қазақстан Республикасының Президенті болып қайта сайланған-ды. 2015 жылғы 26 сәуірде өткен кезектен тыс сайлауда да айқын жеңіске жетті. 2019 жылғы 19 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін атқару туралы» № 887 жарлыққа қол қойып, Президент лауазымынан өз еркімен кетті.
Дәл осы жарлыққа сәйкес, 2019 жылғы 20 наурыздан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігі қалған мерзімге Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы – қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан халқына ант берген сəтінен бастап көшкен еді.
ресми ақпараттардың негізінде дайындаған Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ
Загрузка...