Жас түлек – 2020: Назарбаев университетінде білімімді жалғастырмақшымын – Шынар Марс

Биыл SAT, ACT, IB халықаралық стандартталған тесттерінің балын Ұлттық бірыңғай тестілеу балына ауыстыру шкаласы енгізілгені мәлім. Осы орайда ҚР Білім және ғылым министрлігінің шешімімен Батыс Қазақстан облысындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешенінің екі түлегі Әміржан Армандиев пен Шынар Марсқа 140 балл көрсетілген сертификат табыс етіліп, олар ҰБТ тапсырудан босатылған болатын, – деп жазады республикалық “ҚАЗАҚПАРАТ” сайты.


Шынар Асқарқызы, ҰБТ-ның биылғы ерекшелігі, халықаралық емтиғанды сәтті тапсырған түлектерге 140 балл берілді, осыған байланысты не айтар едің? – Иә, SAT, ACT немесе IB халықаралық емтихандары – шетелдік университеттерге түсу үшін басты критерийлердің бірі. Бұл емтихандар сындық ойлау қабілеті мен математика пәнінен білімін тексеруге арналған. Осы тесттерді сәтті тапсыру табандылық пен өз бетімен дайындықты талап етеді. Шетелге немесе Назарбаев университетіне оқуға қабылдау уақыты ертерек өтеді және оқушылардың дайындықты мүмкіндігінше ерте бастауын талап етеді. Өз басым, SAT емтиханын қазан айында сәтті тапсыруым – жүйелі дайындық пен уақытты ұтымды пайдаланудың арқасы деп ойлаймын. Ал, мемлекеттің халықаралық емтихандар тапсырған оқушыларға 140 ұпай беруі – түлектердің еңбегін жоғары бағалау деп түсінемін.

Өз табыс-жетістіктеріңе тоқтала кетсең? – Қазіргі таңдағы ең үлкен жетістігім – әлемнің ЖОО-лары арасында 75-орында тұрған Гонконг политехникалық университетіне (The Hong Kong Polytechnic University) және Назарбаев университетіне қабылдануым. Одан басқа, SAT Subject Test емтиханынан мүмкін болған 1600 ұпайдың 1550 жинауым. Мектеп кезінде физика пәнінен бірнеше олимпиадаға қатыстым. Соның ең ауқымдылары: 8-сыныпта астрономиядан оқушылардың республикалық турнирінде – бірінші, 9-сыныпта халықаралық «PhysiCo 2018» қашықтық олимпиадасында үшінші орынға ие болдым. Ал 10-сыныпта жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада бақ сынадым.

Шынар, бала күннен кім болуды армандадың, ендігі жоспарың, арман-мақсатың қандай? – Шынын айтсам, бала күнгі арманым сәулетші болу еді. Анама «Мен Францияда оқығым келеді» деп айтушы едім. Жоғары сыныптарда физика пәніне қызығушылығым оянып, осы пәннен бірнеше олимпиада мен сайыстарға қатыстым. Алайда компьютерлік ғылымдар мамандығын тандауымның себебі – бағдарламалау қазіргі кездегі маңызды құралға айналды. Осы салада білім алып, білікті маман болып еліміздің дамуына өз үлесімді қосқым келеді. Қазіргі жағдайларға байланысты толық грант алған Гонконг политехникалық университетіне барудан бас тарттым. Енді білімімді Назарбаев университетінде жалғастырмақпын.

Осыншама жылдар бойы білім берген ұстаздарың туралы не айтар едің, өмірде үлгі тұтар адамдарың? – Ең алдымен барлық жетістігім алғашқы ұстазым Гүлназ Иманқызы мен әжемнің арқасында деп ойлаймын. Мектепке аяқ басқанымнан бастап табандылық, талапшылдық пен енбекқорлық сияқты қасиеттерді бойыма сіңірген осы екі тұлға. Ал жоғары сыныптарда, өз күшіме сенуге көмектескен, мақсатқа жеткенше тайсалмай еңбек етуге баулыған физика пәні мұғалімдері – Айгерім Мырзажановна мен Ержан Сейтжанұлына алғысым шексіз! Ал, мектепте тегін IELTS емтиханына дайындық ұйымдастырып, оқушыларына бар білгенін үйретуден аянбаған ұстазым Аян Рамильұлының мен үшін орны бөлек. Шетелге құжаттар тапсыру ұзақ процесс, осы жолда мені бағыттап, көмектескен Асылбек Серікұлына ризашылығымды білдіргім келеді. Жетінші сыныпта бауырына басып, қимастықпен мектептен шығарып салған кураторым Дианара Аскарқызын үлгі тұтамын. Әр оқушының тұлға болып қалыптасуына үлкен үлес қосқан, өзінің жұмысын беріліп жасайтын маман.

Тағы бір сауал, биыл еліміздегі төтенше жағдайға байланысты шәкірттердің қашықтан оқытуға көшкені мәлім. Бұл тәсілдің мүмкіндіктері қандай деп ойлайсың? – Менің ойымша, қашықтан оқыту оқу үрдісін толыққанды алмастыра алады. Себебі, күн тәртібін өзіңе ыңғайлы қойып, спортпен айналысуға, кітап оқуға немесе сүйікті ісіңмен айналысуға көбірек уақыт табуға болады. Қазіргі кездегі технологиялардың арқасында мұғалімдермен байланысқа шығып, түсінбеген сұрақтарды нақтылап сұрап алуға ешқандай кедергі жоқ.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий