Оқушылардың пәнге қызығушылығын арттырудың мәні
Терең ойдың түбінде теңіз бар,
Тесіле көп қараса, көңіл ұғар. Ұлы Абайдың азаматтығы, халықшыл биік рухын жас ұрпаққа жеткізу – әр ұстаз парызы. Мен аймақтағы білім беруді дамыту оқу – әдістемелік орталығында өткен жылдың қыркүйек айынан бері жұмыс жасаудамын. Әдіскер жұмысындағы өзекті аспектілері; мұғалімнің кәсіби шеберлігін арттыру. Кәсіби қиындықтарды анықтау, уақытылы көмек көрсету, білім сапасын көтеруге ықпал ету. Ал педагогикалық кәсіпқойлықтың негізгі көрсеткіші-сабақ және әрқайсысына әдіскер оны талдау шеберлігіне ие болуы керек. Бұл оқу нәтижесін арттырудағы ең басты қажеттілік.
Қазіргі таңда оқушыны таң қалдыру қиын. Осы тұрғыдан оқушылар мұғалімдерді қаншалықты іздейді. Мұғалім білімін шыңдап, шығармашылық ізденіс орнатып, оқушы қызығушылығын таба білсе, оған суық көзқараста емес, жылулықпен білім бере алса, онда оқушы мұғалімнен қашанда жаңашылдық күтіп, мұғалімнен өзіне деген жылулықты сезініп, әрдайым мұғалімнен білгісі келген дүниесін сұраудан жасқанбайтын еді. Ал, бұл оқу нәтижесін арттырудағы ең басты қажеттілік. Енді, пәнге деген қызығушылығын арттыру үшін бірнеше нақты мысалдарды бірге қарастырып көрейік. Қазіргі кезде жетісулық шәкірттерге терең де тиянақты білім беру үшін сабақтың әр түрлі формалары мен түрлері қолданылуда.
Мектеп оқушыларының білімін жақсарту мақсатында мұғалімдер алдына қоятын аса бір маңызды талаптарының бірі – оқушылардың өз бетімен жұмыс жасап үйренуін қалыптастыруы. Мектеп оқулығында материалды жан-жақты түсіндіріп, ұқтырумен қатар, мұғалім оқушылардың кейбір мәселелерді, өз бетімен оқып, жазып, шешіп, нәтижесінде жаңаша бір мәселені біліп үйренуге жаттықтырулары керек. Демек, жаңа білім игеру мақсатында оқушылардың өз бетімен жасайтын жұмыстарына үнемі көңіл бөліп, ұйымдастырғаны жөн. Яғни, оқушыларымыздың сезімдеріне қысым жасай берсек, олар өздерінің дұрысын дауыстап айта алмайтын болады және өздерінің құқығын қорғай алмайды. Мектеп оқушыларының ата-аналарынан немесе ұстаздардан жиі естиміз. «Мына бала сабақты біліп тұрса да айтпайды. Сұрамасан айтпайды». Міне, бұл бала да өзінің біліп тұрған нәрсесін дауыстап айтудан қорқып тұр. Оқушы дұрыс болмай қалса, мұғалім ұрсады немесе қате айтсам, басқалар күледі деген үрей бар.
Білім негізі – сабақта демекші, әрбір сабақ үлкен дайындықпен, жан-жақты жұмыс түрлерімен ұштасып жатады. Әсіресе, әр кластағы тақырыптың мазмұнына қарай, жас ерекшеліктеріне байланысты дәстүрлі емес сабақ түрлендіріп өткізу оқушылардың белсенділігін, пәнге қызығуын арттырады. Сабақ – оқу-тәрбие үрдісінің ең басты, маңызды мәселесі. Шындығында бір сабақта оқыту, еңбектену, тәрбиелеу, дамыту үрдістері қатар жүріп жатады. Егер кластағы әрбір оқушы жеке белсенді жұмыс атқара алмаса, сабақтың мәні жойылады. Оқушылардың танымдылық белсенділігін арттыру мәселесінің шешімін өз бетінше табуға ұмытылуға тәрбиелеу – мұғалімнің басты міндеті. Ал, сабақтың тиімділігін арттырудың маңызды факторлары – теориялық материалды терең түсіндіре білу.
Әр оқушымен жеке жұмыс оқушылардың өз бетінше ізденуі арқылы жүзеге асады. Егер мұғалімдердің оқушылардан күткен нәтиже мен талаптары оның қабілетіне сай болмаса, ол оны істей алмай қиналуы мүмкін. Оның істей алмағанын бетіне басып, оны кінәлай беру арқылы немесе жетістікке жетсін деп оны жазалау арқылы көмектескен болмайды, керсінше, оның сағын сындырамыз. Бала күнінен тежеу көрген адамдардың өмірде өзін табуы, өзінің орнын табуы өте қиын. Сондықтан да бір сәттік шешімдерге ұмытылып, оқушылардың бүгінін ғана ойламай, жалпы өмірін ойлау керек әр ұстаз. Берілген сарамандық жұмыстар көп ұйымдастырылса оң нәтиже береді. Сарамандық жұмыс кезінде оқушылар дайын материалға үлгілерге қарап жазып, сызатын болса, өздік жұмыстары орындау нәтижесінде оқушы азды-көпті жаңа нәтижеге жетеді. Кез келген сарамандық жұмыс жаңа нәтиже берген жағдайда ғана оқушылардың өз бетімен жасаған жұмыстары болып табылады.
Ал «оқушының ар-ожданына қалай әсер етеміз?» деген сұраққа келер болсақ, оның шарты сарамандық жұмыстар мен өздік жұмыстар бірін-бірі толықтырып, жалғастырып отырады. Оқушыларды білім жүйесімен ғана қаруландырып қоймай, олардың назарын, білгендерін жадында сақтай білу қабілетін, ойлауын, тіл шеберлігін, білім негізін біліп алуға құштарлығын, өмірге көзқарасың дұрыс қалыптасуын, ықыласын, төзімділігін, іскерлігін, іздемпаздығын, тағы да басқа қасиеттерін жетілдіру педагогиканың негізгі мақсаты болса, әр ұстаздың міндеті – оқушылардың білімін түрлі әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы жетілдіру болып табылады. Баланың танымдық құштарлығын арттыру, олардың ойлау қабілетін дамыту негізінде ұйымдастыру керек. Оқушылардың өз бетімен орындауына берілетін әрбір тапсырма, олардың күші келетіндей түсінікті, көлемі жағынан бағдарламаға сай, мазмұны оларды қызықтырарлықтай әр түрлі болғаны жөн.
Әрбір жұмыс орындалған соң тексеріліп кері байланыс беріп тұруы қажет. Оқушыға «дауысын қандай әдемі еді» деп ілтипат жасау арқылы позитивті тәрбиенің керемет үлгісін көрсетуге болады. Оқушымен қарым-қатынаста баланың кемшіліктеріне емес, артықшылықтарына көңіл бөлу керек екенін байқау. Асып-тасып жатқан жақсылығының ішінен кемшілігін тауып алудың ұстаз шеберлігі емес екенін, керсінше, көптеген кемшіліктерінің көлеңкесінде қалып, көрінбей қалған артықшылықтарын байқап, соны суырып шығара алудың өзі ұстаздық шеберлік екенін түсіну керек. Класта және үйде өз бетімен орындалған жұмысын мұғалім көңіл бөліп тексермесе, онда оқушылар білімге деген жауапсыздық пен ұқыпсыздыққа үйренеді.
Бұл жерде де жай ғана сабақ өткізу емес, сапалы сабақ өткізу.Оқушыны тындаған болу үшін тындай салуға болмайды. Оны жан-тәнімен тындауды үйрену керек. Назар аудару керек, жай ғана жақсы көру емес, шынайы жақсы көру. Себебі оқушыны жақсы көрмейтін ұстаз жоқ шығар деп ойлаймын. Оны тыңдап жатқан кезде, оған «мен үшін ең маңызды адам сенсің» дегенді немесе «қазір мен үшін ең маңызды жұмыс сені тыңдау»дегенді сезіндіре алу қажет. Осы құндылықты ескеріп, оларды әдетке айналдырса, оқушы мен ұстаз арасында сенімді көпір орнайды. Айтылған жағдайлардың маңызды екендігі өз-өзінен түсінікті. Тәжірбие көрсеткендей, бұл бағытта аянбай тер төгіп келе жатқан педагогикалық ұжымдар жетіп түр. Сөйтіп, биік деңгейдегі білім мен тәрбиені шығармашыл, идеялық-әлеуметтік, моральдық тынысы кең, әрбір мүшесі білікті ұжым ғана жүзеге асыра алады. Бір қызығы, біз қанша шебер болып, сабақты қалай өткізіп жатсақта, бала балалығын істеуді және қателесуді тоқтатпайды. Өйткен ол – бала. Басынан бастап, соңына дейін оқып шыққандарыңыз үшін сізге алғысымды білдіремін. Пайдалы болған шығар деп үміттенемін!
Дастан Есіркесінұлы ЕШКЕНОВ,
Алматы облыстық білім беруді дамыту
оқу әдістемелік орталығының инновация
және эксперимент бойынша әдіскері, Талдықорған қаласы