Саламаттылық сабағы

Әлемдік коронавирус пандемиясының елдегі күрделі жағдайы мен оған қарсы шұғыл іс-шараларға байланысты Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың телевизиялық Үндеуі аса маңызды және көкейкесті деп білеміз. Өйткені осынау жауапты кезеңде жұртшылық шынайы да білікті саламаттылық жұмыстарымен бірге ағымдағы түрлі күрделі мәселелерге нақты жауапты қажетсініп отырғаны да рас.

Бірден айтайық, Мемлекет басшысы мен Үкімет жаһандық қауіп – вирус індетінің алдын алуға қатысты кешенді жұмыстарды сауатты, жүйелі бастады. Дегенмен ғаламдану заманында коронавирустің алапат қиындық туғызатынын сәт сайын сездік. Онымен күрестің ақыл мен білікке, бірлік пен күш-жігерге арқа сүйейтінін және оның үйлестірушісі – мемлекет болғанымен, барлық мәселе халықтың сақтық шараларына келіп тірелетінін аңғардық.

Соңғы деректер мен мәліметтер жер-жерде осы мәселе босаңсып кеткенін аңғартты. Сала дәрігерлерінің жанқиярлық еңбегіне бейқамдықпен, немқұрайлықпен көлеңке түсірушілер де көбейе бастады. Сонымен бірге халық қиналған кезде дәрі-дәрмектің спекуляциясы дүрбелең туғызды. Сараптан өтпеген ақпарат, қилы дерексіз мәлімет әлеуметтік желіні ұшындырып жіберді. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев халыққа арналған 8 шілдедегі Үндеуінде: «Коронавирустың таралуына байланысты денсаулық сақтау жүйесіне көп ауыртпалық түсуде. Ашығын айту керек, денсаулық сақтау жүйесі індетке тойтарыс беруге дайын болған жоқ. Осы мәселе бойынша біз тергеу жүргіземіз және бұл жағдайдан сабақ аламыз. Әкімдердің жіберген қателіктеріне тиісті баға береміз.

Дегенмен, мемлекет тарапынан барлық қажетті шаралар қабылдануда. Қабылданған шаралар мен медицина қызметкерлерінің ерлігінің арқасында емделіп шығып жатқан азаматтардың саны едәуір көбейді. Көптеген елдердегі жағдай бізден де қиын. Дегенмен, «Әр қазақ – менің жалғызым» дегендей, Әр азаматымыздың қазасы менің жүрегіме қатты батады» деп мәселені бүкпесіз айтты. Расында, коронавируске шалдыққан алғашқы науқас анықталған 13 наурыздан бастап әрбір күн, әрбір сағат, әрбір минут 18 миллион 400 мыңға жуықтаған Қазақстан халқы үшін зор сынақ болды. Мемлекет басшысы сол кезде-ақ айтқандай: «Біз дүрбелең тудыруға жол бермейміз. Дәл осы кезде халық мемлекетке қолдау көрсетуі керек. Бұл аса маңызды. Коронавирус – батпандап кіріп, мысқалдап шығатын қауіпті дерт».

Президент айқындаған саламаттылық сабағын алу, түптеп келгенде, тек атқарушы билікке ғана емес, бәрімізге қатысты. Бұл ретте мына сөзі сәт сайын жадымызда тұруы тиіс: «Бұл індетті адамзат жуық арада жеңе қоймас. Алайда, уайым мен қайғыға батып, түрлі қауесеттерге сеніп, еңсемізді түсіруге тағы да болмайды. Салмақты, сабырлы болайық! Біздің жұмысымыз – айқын, қоғам алдында ешнәрсені жасырмай, ашық айтамыз. Болашақта да солай болады. Бүкіл күш жігерімізді жинап, індетпен күресе беруіміз керек». Сонымен бірге коронавирус індетінен көз жұмған отандастарымызды еске алу үшін 13 шілдені Ұлттық аза тұту күні деп жариялауы да саламаттылық сабағын нықтай түскендей. Бұл – адами жауапкершілік және имандылық шарты.

Қасым-Жомарт Кемелұлы жаһандық қауіпке қарсылық шаралары мен кесепаттың екінші кезеңімен күреске даярлықтың мән-жайына да жан-жақты тоқталды. Біріншіден, алғашқы медициналық көмек көрсету жұмысы одан сайын жетілдіріледі. Елде универсалды 400 мобильдік емдеу бригадасы болса, шілде соңына дейін оның саны 3,5 мыңға арттырылмақ. Екіншіден, ауруханаларда осы дертке байланысты орындар көбейтіледі. Ол қазір 70 пайызға арттырылып, 43 мыңды құраса, енді қарулы күштердің көмегімен дала госпитальдарын жасақтау да қолға алынады.

Үшіншіден, күніне 40 мың қан тестін сапартай алатын 8 мобильді орталық тұрақты жұмыс істейтін болады. Төртіншіден, дәрі-дәрмек тапшылығы, қолжетімділігі кешенді түрде шешіледі. Алып-сатарлар аяусыз жазаланады. Қосымша тыныс беру аппараттары қажет мөлшерде сатып алынады. Бесіншіден, коронавирусты емдейтін шетелдік және отандық дәрілердің сертификациясы мен қолдану амалдары жылдамдатылады. Мемлекет басшысының: «Біз – талай зобалаң мен сынақты бастан өткерген, тарихтың талай дауылына бой бермеген халықпыз. Батыр бабалардың жолын жалғаған бүгінгі ұрпақ та қазіргі қиындыққа төтеп береді деп сенемін. Бәлкім, бұл біздің бірлігімізді байқау үшін берілген сынақ шығар. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ұйымдаса білсек, бұл сыннан да өтерміз» деп, баршамызды жігерлендіргені де – елеулі факт.

Рас, қай сынақтан болсын, дана Абай айтқандай, қайрат пен ақыл алып шығады. Мұндай әлеует елімізде бар. Біз – жоғары білім саласының мамандарымыз. Сондықтан саламаттылық сабағына ғылым көзімен қарау – міндетіміз. Бұл тұрғыдан келсек те, үндеудің жүйелілігі мен нақтылығы дағдарыс салмағын да, соған байланысты амал-тәсілдерді айқын түсіндіріп тұр. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті – 24 мыңға жуық адамнан тұратын іргелі ұжым. Мемлекет пен үкімет тапсырмасымен қашықтан оқыту үдерісін толық тәжірибеден өткізіп, қабылдау емтихандарын да саламаттылық тәртібімен жүргізуге жәрдемдесіп жатырмыз. Мұны жүйелеген Білім және ғылым министрлігі баршамызды мемлекеттілік талап төңірегіне топтастыра білді. Оқытушы-ғалымдарымыз бен білім алушыларымыздың талап-жігері, арман-иеті Отанымыздың тілегімен үндеседі. Олар қиын да жауапты кезеңде қажетті саламаттылық шараларына атсалысуға даяр.

Ерлан СЫДЫҚОВ, 
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық

университетінің ректоры, академик

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий