Рухани жаңғыру: Зерде мен зейіннің тұнбасы
Көркем шығарма – рухани жаңғыруға бастар зерде мен зейіннің құймасы. Ал қазіргі таңда оқырман моделі, көркем шығарма оқу мәселесі, оқырман талғамы туралы ой қозғау – қоғамның өзекті де жанды саласы. Мәселенің салмағы ауыр. Ең алдымен айтарымыз, көркем әдебиет – қастерлі өнер. Көркем әдебиеттің құндылығы ешқашан төмендемек те емес. Бұл жерде көркем шығарманы біреудің оқуы не оқымауының қатысы жоқ. Даусыз ақиқаты – әдеби шығарманың адамның күллі ойы мен қиялын баурап, биік қоғамдық идеяларға, арман мен мұраттарға жетелейтіндігі. Бұлайша тұжырым жасау – қазіргі құндылықтар алмасқан дәуірде ескірген сенім емес пе дерсіз?! Асылы, белгілі бір көркем әдеби шығарманың қоғамдық, тәрбиелік маңыздылығына, оқырманын эстетикалық сезімге бөлей алатынына шүбә жоқ!
Демек, әдебиеттің құдіретін, әлеуметтік мәнін, күллі қоғамды өзгертушілік күшін осы тұрғыдан тану шарт. Шынайы әдебиет ескірмейді. Өз кезеңінде атақты Аристотель әдебиетті өмірді танудың, тәлім-тәрбие берудің негізгі нысанасы тұрғысында пайымдаған. Әйгілі Әуезов әдебиеттің зор міндетінің бірін елдің мінезін түзеу тұрғысында түйіндеген. Бүгінгі кезеңдегі зерттеуші ғалымдардың бірі, профессор Кит Оутли көркем әдебиетті «сананың пилотажды жаттығуы» үлгісінде таниды. Бұл – ұшқыштардың жерде тұрып-ақ әуе лайнерін басқаруды үйренуі деген сөз. Көркем әдебиетке жиі назар аударатындар өз бетінше әлеуметтік дағдыларын да жақсартпақ. Бұл үдерісті әдеби персонажбен өзімізді ұқсастыруымыз, психикалық жағдайды модельдеу, таным формасы қабілетіне ие болу десек де болады. Нәтижеде кейіпкер басындағы ойдың оқырман тарапынан айқын ажыратылуы, оқырман санасында осы іс-әрекетке жауап берер қызметтердің іске қосылуы жүзеге аспақ.
Бүгінгі таңда бізге жеткен ақпарат бойынша Қазақстандағы Меломан/Marwin желісі арқылы күн сайын алты мың кітап сатылады деген мәлімет бар. Кітап үйінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқырманды көбіне заманауи әдебиет пен классикалық туындылар қызықтырады. Өзін-өзі дамыту, бизнес саласындағы әдебиеттер мен балалар әдебиеті оқырман назарынан тыс қалмайтын көрінеді. Біздің байқауымызша, заман шындығын сөз еткен туындылар да, автобиографиялық немесе мемуарлық ыңғайдағы беллетристика сипатындағы шығармалардың да оқырмандарды бірден баурап алары рас. Ал деректі не ғылыми әдебиеттерді оқитындардың ерекшелігі өз алдына бір бөлек. Қысқасы, қандай туынды болмасын адамның ой-санасына белгілі бір деңгейде әсер етері даусыз.
Психологтардың, психоаналитиктердің пікірінше, көркем шығарма эмоциялық интеллектіні дамытуға көбірек септеспек. Бұл орайда бірден айқын танылар тұс – көркем әдебиет оқитындар мен оқымайтын адамдардың бір-бірінен мүлдем бөлекше келетіндігі. Мәселен, кітап оқитындардың сөздік қорының бай болуы. Сондай-ақ, әлемдегі ең ірі баспа санатындағы Оксфорд университетінің баспасынан шығатын әлеуметтік неврология бағытындағы ғылыми журналда жарияланған мақалада осы мәселеге акцент берілген-ді. Зерттеу нәтижелеріне сүйене айтсақ, көркем әдебиетті оқу адамның қайырымдылық, азаматтық белсенділік сияқты әлеуметтік – танымдық қабілетін жақсартады. Күллі әлемдегі зорлық-зомбылық деңгейінің біртіндеп төмендеуіне әкеледі. Жеке адам тағдырына қатысты қайшылықты жағдайлар өзіндік шешім іздеуге ұмтылдырады. Бұл реттегі мамандар тарапынан жүргізілген эксперимент нәтижелері де ойлантады. Мәселен, фотосуреттегі адамның бет-әлпетіне, кескін-келбетіне қарап, оның көңіл-күйін дәл айтып бере аламыз ба? Оңай шаруа емес.
Нәтижесінде көркем әдебиетпен көп шұғылданғандар аса қырағылық танытып, тұлғааралық қабылдау шкаласы бойынша жоғарғы көрсеткішке ие болған. Әлеуметтік неврология бойынша көркем әдебиетті жиі оқитындар өзгенің қуанышы мен қайғы-қасіретін жақсы сезініп, шынайы түсіне алары айқындалған. Яғни, кітап оқитындар өзгенің эмоциясын жақсы ажырата алмақ. Ал мұның тиімділігіне келсек, көркем шығарма оқуға ден қоюшылардың өзгелерге риясыз қызмет көрсетуге даярлығын айтар едік. Қысқасы, көркем әдебиет оқырманды кейіпкердің ішкі әлеміне терең бойлай алатын артықшылыққа ие етеді. Демек, бұл айтылғандардан шығарылар түйін – әдебиет тек сөз өнері ғана емес, парасат пен нәзік сезімталдыққа бастар жол. Бүгінгі таңда техникалық білім беру салаларына гуманитарлық модульдердің көптеп енгізілуі де осыдан болса керек-ті.
Есімде, бала кезімде ертегі атаулыны жарыса оқушы едім. Ауылдық кітапханада, мектеп кітапханасында мен оқымаған ертегі қалмаған шығар-ау! Әсіресе, қиял-ғажайып ертегілеріне құмар болатынмын. Бала кезімнен кітап атаулыны күндіз-түні (шамның жарығымен, көрпе астында фонарикпен (кішкентай мысығым жанымда)) оқып қана қоймай, оқыған ертегілерімді кешқұрым ауылдың өзім сияқты қара домалақтарын үй жанына жиып, негізгі мазмұнға өз жанымнан сөздерді де, оқиғаларды да молынан қосып, кей тұстарда «өтірікті шындай, шындықты құдай ұрғандай» қылып, тыңдаушыларымның ауыздарынан суын ағыза, кейбір тұстарда әндетіп те қойып, айыздарын қандыра айтатынмын. Сонда шама-шарқымша образға ене өзімше «құлпырта баяндаудың шебері» атандым.
Мына ғажапқа қараңыз, мен сөйлеп жатқан тұста шыбынның ұшқаны білінбеуші еді. Менің баяндауымның әсерінен болса керек, кішкентай тыңдаушыларымның жүзі бір бозарып, бір қызарып, жүздері алабұртып, жүздері ғана емес, көздері де алуан күйге еніп, кейбірі сөз желісін бұза қозғалақтап қалса, екіншісі оны «тыныш отыр» деп түрте белгі беріп, кейбірі отырған жерінде қалғып кетіп, не басыңды ауыртайын, әрбір балдырған тіпті дем алмастан ұйып тыңдайтындай көрінетін. Ал бұндайдан кейін, құдды бір көлкөсір шаруа бітіргендей, өзімді биіктерден көруші едім. Демім көкте, денем жерде жүруші еді. Балалық бал дәурен-ай десеңші!..
Мен оқыған мектептің қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері таңғажайып мамандар болды. Алғашқы лепте сол ұстаздарымның әсері болғаны даусыз. Бастауыштағы Айжан есімді мұғалимам, ортаңғы, жоғарғы сыныптардағы Мағжан, Кәкима сынды апайларым, орыс тілінен сабақ берген Ғибырат, Әміржан ағайларым – алтын адамдар еді ғой!.. Оның үстіне бала тәрбиесінде мектеп мұғалімдерімен тығыз байланыс орнатып алған үйден бақылаушы талапшыл әрі мейірімді марқұм Зылиха анамның өзіндік методикасына не жетсін! Алғаш ден қойып, сүйіп оқыған шығармам – Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» туындысы. Кейін қолға тиген Ғабит Мүсірепов, Мұхтар Әуезов, Әбіш Кекілбаевтардың прозалық туындыларының, поэзиялық дүниелерден Махамбет толғауларының, Мұқағали, Қадыр, Фариза өлеңдерінің берері мол ғой, шіркін!.. Бүгінгі таңда тақырыптық монографиялық ғылыми еңбектерді қазақ, орыс тілінде оқығанды тәуір көремін.
Бірегей жазушы Шерхан Мұртазаның айтқаны бар емес пе: «Көркем әдебиет – ауыр артиллерия болса, публицистика – жеңіл кавалерия» деп. Сол айтқандай, афоризмдерді (Әбу Насыр әл-Фарабидің, Абайдың тұңғиық ойларынан қуат алу) оқығанды жаным қалайды. Ғұлама ойшыл Лев Толстойдың күнделіктерін оқып бір жасап қалғаным бар! Дүлдүл классик Әбіш Кекілбаев публицистикасын ұнатамын, жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев прозасы сүйсінтеді. Бұл тізімге өз басым ерекше қызығушылықпен оқыған Дэниель Смиттің «Думай, как Эйнштейн», Хэл Элродтың «Магия утра» (Как первый час дня определяет ваш успех), Дейл Брекенридж Карнегидің «Как завоевывать друзей и оказывать влияние на людей», Стивен Р.Ковидің «Семь навыков высокоэффективных людей» (Мощные инструменты развития личности), Абрахам Маслоудың «Мотивация и личность», Джон Кехоның «Подсознание может всё!», Даниэль Канеманның «Думай медленно… Решай быстро», Джеймс Алленнің «Человек мыслящий», Эрминия Ибарраның «Действуй как лидер, думай как лидер», Энтони Роббинстің «Разбуди в себе исполина» (Карнеги XXI века), Генри Фордтың «Моя жизнь, мои достижения» еңбектерін қосыңыз.
Өзіме көл-көсір ағыл-тегіл ой салған осы бағыттағы еңбектерді студент шәкірттеріме де оқуға кеңес берер едім. Құдайым-ау, түбіріңмен өзгересің ғой! Әрине, ішкі жан-дүниеңдегі өзгерісті дұрыс бағытқа бұру, бағыттау – сіздің арыңыздың еншісінде! Сонымен көркем шығарма оқудың тиімділігі, оқырманға берер рухани құндылығы неде? Алдыңғы тұста да айта түстік, көркем шығарма оқудың тиімділігі таңғажайып. Көркем шығарманың оқырманға берер рухани құндылығы ұшан-теңіз. Көркем шығарма – рухани жаңғыру көзі. Ал рухани білім қашан да шынайы, толық, анық, мықты әрі жүйелі болуы тиіс. Көркем шығарма ақылыңа ақыл қосады, ал ақыл еркіндікке жол ашады, еркіндік әрекетке иелік етеді. Көркем шығарма даналыққа баулиды, ал даналықты үйрену адамды мықты әрі жанын жомарт етеді.
Көркем әдебиетті сүймеу, оқымау мүмкін еместей болуы тиіс. Мәселе тек бастапқыда оның дәмін татуда, хош иісін сезуде. Одан әрі оның арынына тосқауыл болу мүмкін емес. Себебі халықтың рухани тұнбасы «әдебиеті мен өнері ұлы болмаған жерде ұлт та ұлы бола алмайды» (Ғабит Мүсірепов). Мұхтар Әуезовке сүйене айтар болсақ, қай дәуірде де өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық мәнді зиялы интеллектуал бола алмайды. Себебі ол қандай мамандыққа қатысты білімі болса да, рухани ой тәрбиесінде сыңаржақ кейіпте. Демек, «әдебиеттің атқаратын орасан зор қызметімен ештеңе де теңесе алмайды» (Сағатхан Әшімбаев).
Ал көркем туынды оқудың оқырманға берер рухани құндылығы да оның адам баласына алғашқы кезекте сыйлар эстетикасынан бастау алмақ. Мәселен, бір танымал ұлы қаламгерге жас жазушы келіп, тырнақалды жазған әңгімесін бағалауды өтінеді. Тәжірибелі тарлан алғашқыда жас жігіттің арқасынан қаға, таудай талабына ризашылық танытып шығарып салады. Жас жазушы қайтара оралады. Қаламгер әңгімені парақтап қарай отырып, екінші ретте де жас тұлғаның қадамына құптау білдіреді. Бұған да қанағат тұтпай үшінші қайтара оралған жас жігіт классик жазушының жазылған шығармаға сын айтуын қалап қадалып тұрып алады. Сонда ғана өмір көрген тәжірибелі жазушы: Айтыңызшы, Сіз осы жазған дүниеңізді көркем шығарма деп есептейсіз бе? – деп сұрайды.
Мұндай оқыс сауалдың боларын күтпеген жас жігіт: – Бұлайша айтуға қандай дәлеліңіз бар? – дейді. – Мәселен, Сіздің әңгімеңізде «Бес тиын ақша жерге түсті» деген сөйлем бар. Осы сөйлемнен оқырман қаншалықты ләззат алмақ. Ешқандай да, себебі бұл тек ақпарат қана емес пе?! Көркем шығармаға тән образ қайда, жанды қозғалыс қайда? – дейді жазушы. – Сізше қалай болар еді? – деп жас жігіт енді қызарақтап шамдана бастайды. – Мәселен, былай болса ше: «Бес тиын пақыр ақша жерге ыршып түсті де, зыр-зыр қағып дөңгелей жөнелді»… Көркем шығармада алғашқы кезекте образ, динамика болуын ескергейсіз, қалқам!.. – дейді қарымды қаламгер. Жас жазушы не айтарын білмей, мүдіре ойланып қалса керек. Бір мезетте тілге келіп: – Сонда қашан, қалай жазуға кеңес берер едіңіз? – деп сұрапты баяулап… – «Біріншіден, інім, қашан жазбауға мүмкіндігің болмаған кезде жазғайсың! Екіншіден, жаза қалсаң, соқыр көретіндей, саңырау еститіндей жазғайсың»! – деген екен дүлдүліміз… Бұндай астары терең тағылымды дүниелерді келтіре беруге болар…
Ал ендігі кезекте отбасында ата-әже ретінде немере-жиендерге ертегі, мысал, тақпақтарды бірлесе оқуға қалай қарар едік? Тиімділігі неде? Қазақтың қайсар мінезді талантты ақыны Қасым Аманжолов айтқандай, отбасы – шағын мемлекет. Отбасының сәні – сыйластық, достық сәні – қимастық емес пе? Халық даналығына ден қойсақ, атасыз үй – батасыз, анасыз үй – панасыз. Ата – асқар тау, ана- бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ. Ата – бәйтерек, бала – жапырақ. Атаның жүгі – атанның жүгі. Ата балаға сыншы. Ата сөзі – бата сөзі, ана сөзі – ақылдың көзі. Атасыз ұл – жетесіз ұл. Атадан – өсиет, анадан – қасиет. Үйінде атасы бардың берер батасы бар. Ал бала – адамның бауыр еті, жүректің миуасы, көңілдің гүлі, көздің нұры. Бала – балым, баланың баласы – жаным. Бала балдан тәтті, немере жаннан тәтті.
Олай болса, отбасында ата-әже ретінде немере-жиендерге ертегі, мысал, тақпақтарды бірлесе оқу – аса қажет іс. Баланың жақсысы – сүйініш, жаманы күйініш. Баланың сүйініш болуы да, күйініш болуы да ата-әже, әке-ана тәрбиесінен. Бұл ретте баланы ақырып үйретпе, ақырын үйрет дейміз. Баланы жақсылыққа жанастыру, жамандықтан адастыру жөн. Отбасында ата-әжелеріміздің немере-жиендеріне ертегі, мысал, тақпақтарды бірлесе оқуының, ауызша образға ене мазмұндап, мәнерлеп айтуының тиімділігі шаш етектен. Бұл – менің сүйікті ісім, ұнататын хоббиым! Көмекшілерім – балаларды кішкентайынан халық ауыз әдебиетімен сусындататын көркем суретті қиял-ғажайып, тұрмыс-салт және батырлар туралы ертегілерінің жинақтары, Қадыр ақынның «Күміс қоңырауы» және «Айгөлек» республикалық балалар журналы және тағы да басқа мерзімді басылымдар.
«Талапты бала талпынған құстай, Құмары қанбас биікке ұшпай» дегендей, баланы армандауға, қиялдауға, сөздік қорын байытуға баулисыз. Сөздің тонын, мәнерін қалыптастыруға шыңдайсыз, шеберлігін арттырасыз. Күнсіз гүл өспесін, күтімсіз ұл өспесін білген жөн. «Әдепті бала – арлы бала, әдепсіз бала – сорлы бала» демекші, әдепсіз бала – аяққа басылған шала. Демек, аталған іс – немере-жиеннің әдебін қалыптастыруға сеп. Ұстазына қарап бала өсерін, бақташысына қарап мал өсерін ескерсек керек. «Балаға айтқан сөз – байлаусыз бұзау» деп түңіле бермегейсіз. Баланың аузымен періште сөйлерін ескергенге не жетсін! Бала – ата-ананың көз қуанышы емес пе? Түптің түбінде ата ұлы аталықтың сөзін айтары даусыз. Ендеше, бұл ретте Майқы би бабамыз айтқандай, тұлпардан тұлпар туарын, сұңқардан сұңқар туарын, асылдан асыл туарын, жалқаудан масыл туарын, масылдан мал бақпас туарын, тілазардан қылжақпас туарын, сараңнан бермес туарын, соқырдан көрмес туарын, мылжыңнан езбе туарын, қыдырмадан кезбе туарын ескерген жөн-ау!
Қысқасы, келешек ұлт тірегі болар тұлғаның кісілігі – бүгінгі ата-әженің немере-жиенді ұлттық құндылықтарға орнымен баули білуінде. Ал бүгінгі замандастарыма жоғарғы ретте санамалаған көркем, ғылыми дүниелерге қоса Немат Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді» ғұмырнамалық деректі хикаят-монологын, «Күншілдер» хикаят-диалогы мен «Қариялар», «Ұлыма хат» эсселерін, Әзілхан Нұршайықовтың «Әдеби күнделігін», Герольд Бельгердің «Тень минувших дней» күнделігін, «Шедевры восточный мудрости», «Қазақ афоризмдері» («Ақыл-ой антологиясы: бағзыдан бүгінге дейін»), «Золотые правила успешных людей» жинақтарын зер сала оқуға кеңес берер едім. Сондай-ақ Энтони Роббинстің «Книга о власти над собой», Карстен Бредемайердің «Черная риторика: Власть и магия слова», Аллан Пиз, Барбара Пиздің «Харизма. Искусство успешного общения», Кэтлин Адамстың «Дневник как путь к себе» (22 практики для самопознания и личностного развития), Ричард Брэнсонның «К черту всё! Берись и делай!» сияқты әлемдік деңгейде танымал еңбектерін бүгінгі ізбасар шәкірттерімнің міндетті түрде салмақ сала ойлана оқығанын қалар едім.
Бұның бәрі – көркем шығарма оқуға қажетті адами сананы алдын-ала әзірлеуде. Биыл Жұбан ақын Молдағалиевтің туғанына бір ғасыр. Бұл ретте тілек тұрғысында айтсақ, ұлтымыздың ұлылығын, қазақтың қазақтылығын күллі әлемге паш еткен айбарлы тұлғаның рухани мұрасы бүгінгі жаңа ұрпаққа терең ой салғай! Өткен сәуір айының 30-ында қолыма Мәскеу Жазушылары Одағының «Венец» сыйақысының иегері, ақын, аудармашы Татьяна Кузовлеваның Жұбан ақынның 100 жылдығы қарсаңында сәуірдің 27-сі күні жолдаған «Легко ли жить крылато? » (О трёх счастливых знаках в судьбе Джубана Мулдагалиева) атты мақаласы тиді. Мәскеулік ақын Жұбан сөзін эпиграф ретінде алған ( «Легко, конечно, жить крылато в небе, Труднее жить крылато на земле»). Мақалада «Всегда подтянутый и энергичный, он шёл по жизни крылато и твёрдо, преодолевая выпадавшие ему испытания с открытым забралом. Шёл, по его собственному выражению, «лицом к судьбе»; «Поэты пишут свои биографии стихами» деген үзінділер бар. Ұнамды!.. Кейін мақала жергілікті «Приуралье» газетінің бетінде жарияланды.
Сөз соңында айтарым, ғылым мен көркем әдебиетте ортақ қасиеттер мол: бұлардың екеуіне де бақылау да, салыстыру да, зерттеу де тән. Шынайы көркем шығарма адам бойына қаншама рухани құндылықтарды еге алады десеңші! Көркем шығарма адамды адамиландырады, адами кеудені абаттандырады. Түптің түбінде көркем шығарма тұлғаны бір мезет ойлануға жетелейді, тіпті еркіңнен тыс мәжбүрлейді. Десек те, оқу айтулы ережелі тұжырымдарды меңгеру үшін, ал тәжірибе одан ауытқу жолдарын игеру үшін керектігін білгенге не жетсін! Өз тұсында қытайлық философ, қытай халқының дәстүрлі ілімі даосизмнің негізін салушылардың бірі, «кәрі ғұлама» Лао-Цзы: «Ойыңызға мұқият болыңыз, кез келген іс ойдан басталады» деген екен. Әркез жадыда ұстағанға не жетсін! Олай болса, көркем туындылар арқылы санамызға жол тартқан ойымыздың у болмауын, сөзіміздің су болмауын, үмітіміздің бу болмауын тілелік! Ол үшін көркем әдебиет оқуға бой бұралық!
Абат Сатыбайұлы ҚЫДЫРШАЕВ,
Қазақстан Республикасы Журналистер
одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті ұстазы