Қашықтан оқыту нысанындағы білім тәжірибесі
Колледждің «Бағдарламалау» бөлімінің студенттеріне білім беруде «Цифрлық оқыту», «Төңкерілген сынып» цифрлық оқыту технологиясының элементтерін қолданғанмен, қашықтан оқыту барысында осы технологияның қыр-сырын қайта меңгеруіме тура келді.
Осы ретте «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыздандыру» мамандығы бойынша 3-ші курста «Микропроцессорлық техника» пәнінен жүргізілетін оқу тәжірибесін қашықтан оқыту нысанында өткіздім. Электрондық есептеуіш машинаның арифметикалық және логикалық негіздерін, микропроцессорлық жүйе элементтері мен түйіндерінің функционалдық сұлбасын, жұмыс істеу қағидалары мен қолдану саласын зерттеу, микроконтроллерді бағдарламалау негіздерін практикалық тұрғыда меңгерту мақсатында Lucas Nulle LabSoft, Com3Lab зертханалық жұмыстар нұсқаулары мен бағдарламалық құралдармен жұмыс жасадым.
Олар WidGet, Electronics Workbench, MultiSim, XOD, Fritzing, Quartus II, LabVIEW (Laboratory Virtual Instrument Engineering Workbench) бағдарламалары. Оқу тәжірибесі аясында студенттер Arduino-ға арналған графикалық бағдарламалау ортасы – Tinkercad Arduino онлайн симуляторларымен, Сібір телекоммуникация және информатика мемлекеттік университетінің электрондық оқыту құралдары зертханасының қашықтан жұмыс істейтін FPGA online бағдарламалаушы логикалық интегралдық сұлбалар негізінде (http://www.labfor.ru/guidance/digital-leso2/3) цифрлық схемо техника виртуал зертханасының жұмыс істеу дағдыларымен танысты.
Цифрлық сұлбаны құрастыру үшін Quartus II автоматтандырылған жобалау ортасында құрылған конфигурация файлын қолданды. Студент зертхананың ашылған парағында бағдарламалаушы логикалық интегралдық сұлбаның конфигурациялық файлына дейінгі жолды көрсетіп, оны қашықтағы зертханалық стендке жүктеді, цифрлық құрылғыны құрастыра отырып web-камера арқылы жұмыстың орындалуын бақылады. Оқу тәжірибесінде Google ClassRoom web-сервисі, Zoom бейнеконференциясы, онлайн-кездесу, қашықтан оқыту сервисі, VoIP, Discord ақысыз мессенждері қолданылды. Осы ретте зертханалық жұмыстар студенттің нақты теориялық білімін практикалық тұрғыда меңгеруіне, төртінші курс соңында микроконтроллер-ді бағдарламалауда дипломдық жобалау тақырыбын таңдауына және уақытын үнемдеу арқылы қосымша ақпараттармен жұмыс жасауына септігін тигізді.
Қашықтан оқытуда студенттердің танымдық қызығушылығын арттыруға бағытталған технологияларды және визуалды оқу контенттерін құруға арналған сервистерді қолдануға болады. Осы мақсатта қашықтан оқыту платформалары арқылы лабораториялық жұмыстарды, емтихан, сынақтарды қабылдауды, курстық және дипломдық жобаларды қорғауды ұйымдастыруға болады. Берілген оқу тәжірибесін жүргізуде жинақталған оқу материалы негізінде дипломдық жоба аясында «Микропроцессорлық техника» пәнінен оқу практикасының онлайн оқыту ресурсы әзірленіп (https://prac.apkstudent.kz/) хостингке орналастырылды.
Қорыта келе, интербелсенді онлайн құралдарды (вебинар, чат, «экранды көрсету» функциясы) тиімді қолданса, қашықтан оқыту нысаны педагогтердің кәсіби және тұлғалық шеберлігін жетілдіретін тиімді оқыту нысаны болатындығына сенім зор.
Торғай Есімжанқызы МҰХТАРОВА,
Астана қаласы білім басқармасының “Политехникалық
колледжі» МКҚК, арнайы пән оқытушысы