Ұстаздықты ұлықтаған ұрпақ ұғымтал
Ақмола облысында ұлттық бірыңғай тестілеу қортындысы бойынша ең жоғары 132 баллды Көкшетау қаласындағы (қазақ тілінде оқытылатын) дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының биылғы жас түлегі Думанбек Шынар иеленді, – деп хабарлайды облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.
Шынар бұл жетістікке жылдар бойы үздіксіз еңбектің нәтижесі арқылы жетті. Атап айтсақ, жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жобалар байқауының облыстық кезеңінің жүлделі екінші орын иегері атанып, республикалық кезеңнің іріктеу сынында топ жаруы арқылы Алматы қаласында ұйымдастырылған ақтық бәсекеде ерекше жетістігі үшін арнайы грамотамен марапатталды. Және жалпы білім беретін пәндер бойынша облыстық пәндер олимпиадасының бірнеше мәрте жүлдегері.
Білімді шәкірт қоғамдық өмірде де өте белсенді. «Жас Ұлан» республикалық бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының әлеуметтік іс-шараларына тұрақты қатысушы. «Eco-Álem» республикалық жазғы экологиялық лагері ауысымында жаңашыл экологиялық жоба әзірлеп, ұсынғаны үшін Алғыс хат табысталған болатын. Ақмола облысы «Жас Ұлан» ББЖҰ және Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасының «Балалар мен жасөспірімдер және еріктілер қозғалысын дамытуға бағытталған іс-шараларды өткізу» әлеуметтік жобасы аясында Еріктілерге арналған оқыту семинары барысында ерекше көзге түскені тағы бар.
“Ұстазы талантты болса, Шәкірті талапты болады” деген жақсы сөз бар ғой. Мен бала күнімнен үйімнен жырақта жүріп, мектеп-интернат қабырғасында мықты майталман мұғалімдерден дәріс алдым. Әрбір күнімді босқа өткізбей, түрлі тақырыптарды пән оқулықтарымен қатар ғылыми бағыттағы әдебиеттерді оқу арқылы үздіксіз іздендім, – дейді ол бізден әңгімесінде.
– Сегізінші сыныптан бастап биология-химия бағытын таңдап, ұстаздарыммен жүйелі түрде дайындық жүргізіп отырдық. Көптеген пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар сайыстарына қатысуым да осындай жоғары нәтиже алуыма өз үлесін қосты. Мектеп қабырғасында пәндік олимпиаданың облыстық кезеңінің, ал ғылыми жоба сайысының республикалық кезеңдерінен олжамен оралдым. Қуанышым шексіз! Ең бірінші сенім артып, мақсатқа жету жолында еңбектенуді үйреткен аяулы ұстаздарыма, әрқашан қолдау көрсетіп отырған ата-анама, жақындарыма, достарыма үлкен рахмет айтқым келеді. Осы жылғы ұлттық бірыңғай тестілеудің әділ де қатаң тәртіпте ұйымдастырылуы нәтижесінде жинаған білімімнің деңгейін толық көрсете алғаным анық. Келер жылғы түлектерге ҰБТ-ға дайындықтары жүйелі болса, ешқандай шпаргалка, телефонсыз шынайы тапсырып, жоғары балл алуға мүмкіндіктері барын айрықша айтқым келеді.
Думанбек Шынар болашақта ұстаз мамандығын таңдап, химия-биология пәндерінің мұғалімі болғысы келеді. Болашағының жарқын болуына шынайы тілектеспіз!
Загрузка...