Бастауыш оқушылары үшін уақытша сыныптар ашып беруге дайынбыз – БҒМ
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен “Оқу процесін ұйымдастыру туралы” онлайн брифинг барысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, – деп хабарлайды осы салалық министрліктің баспасөз қызметі.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша күз айларында ЖРВИ-дің таралатын уақыты. Сондықтан, осындай мәселелерді саралай келе шешім қабылдадық. Қыркүйектің бірінен бастап еліміздегі барлық мектеп қашықтан оқыту форматында оқитын болады. Бұл өте күрделі шешім. Мұндай шешімді қабылдамас бұрын ең алдымен, сарапшылармен ақылдасып, ата-аналардың пікірлерін тыңдадық. Халықаралық тәжірибеге де назар салдық. Ең басты мәселе – балалардың, ата-аналардың, педагогтердің денсаулығы. Сол себепті осындай шешім қабылдап отырмыз. 1-11 сынып тұтас қашықтан оқитын болады. 1 қыркүйекке дейін тиісті жағдайды асап беруіміз керек, – деді ол. Министр бұл бағытта тағы екі мәселе барын айтты.
Біріншіден, қашықтан оқытуды енгіземіз дегенмен де еліміздегі шалғай жатқан ауылдарда шағын мектептер бар. Мұндай мектептерде 5, 10, 15 баладан оқиды және мектепке жаяу барып келеді. Осындай шалғайдағы қауіп жоқ өңірлерде орналасқан мектептерде штатты режимде оқыту жұмыстарын ұйымдастыруға мүмкіндік беріп отырмыз. Екінші мәселе, бастауыш сыныптардың оқушыларына қатысты. Егер осы бастауыш сыныптарға қатысты ата-аналардың өтініші болса, біз уақытша сыныптарды ашып беруге дайынбыз. Оған әрине, тиісті жағдай жасалуы қажет. Барлық санитарлық талаптарға сай жұмыс жүргізілетін болады. Оның ішінде бала таңертең сабаққа келгенде оның дене қызуын өлшеу, зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізу, сыныптарды бірнеше ауысымға бөлу мәселесін қарастыратын боламыз, – деді Асхат Аймағамбетов.
Министр колледждер мен университет студенттері де қашықтан оқитынын мәлімдеді. Тек тәжірибе, лабораториялық жұмыстар және т.б. кейбір мамандықтардағы дәстүрлі режимде оқу бойынша ұсыныс қабылдап, мүмкіндік жасаймыз. Бірақ, колледж болсын, университет студенттері болсын қашықтан оқу форматында оқуын жалғастыратын болады, – деді ол. Естеріңізге сала кетейік, еліміздің Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой кезекті Үкімет отырысында бірінші тоқсандағы сабақты қашықтан оқуды ұсынған болатын.
Загрузка...Күндізгі оқуды іске қосу балалар арасында ауру жұқтыру деңгейін арттырып жіберуі мүмкін. Коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдайдың күрделілігіне байланысты шағын жинақты мектептерді есептемегенде, оқу жылының алғашқы тоқсанында барлық мектептерді қашықтан оқыту жолдарын қарастырған дұрыс деп есептеймін, – деді Алексей Владимирович.