Қашықтан оқыту: Ақпараттық дамудың серпіні
Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы. Ал білім сипаты алуан түрлі. Ол ұрпақтан – ұрпаққа ауызша, жазбаша түрде немесе көркем әдебиет арқылы жеткен болса, қазіргі кезде адамзат дамуының ерекше артықшылығы – ақпараттық өркениетке көшу, адамдардың интеллектуалдық мүмкіндіктерін арттыратын есептеуіш техника мен ақпараттық технологиялардың жедел дамуы болып табылады.
Осыған байланысты айтқым келгені, бүгінгі таңда өркендеу көшінен қалмай жаңа технологияларды сәтті пайдалана алатын заманауи ұстаз, жан-жақты маман болғанымыз қуантады. Биылғы көктемде елімізде короновирус індетінің таралуына шектеу қою мақсатында төтенше жағдай енгізіліп, 2019-2020 оқу жылының төртінші тоқсаны кейінге қалмай, білім жүйесінің қашықтан оқыту форматына еш қиындықсыз өтіп кетуі. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осы орайда мектептердегі оқу процесінің маңызды мәселелерінің басын ашып, оңтайлы платформаларды ұсына отырып: – Қиын кезеңге қарамастан, көптеген мұғаліимдер жағдайға бейімделіп, өз міндетін лайықты атқаруды жалғастыруда. Еліміз мұндай кәсіби деңгейдегі мамандарымен мақтана алады, – деген сеніміне білім басқармасы, мектеп әкімшіліктері, ұстаздар, ата-аналар қолдау көрсетіп, жан-жақты тыңғылықты дайындалып, жоспарлы түрде жұмысымызды бастап кеттік.
Қашықтан оқыту – білім алушы мен педагог қызметкерінің жанама (алыстан) немесе толық емес жанама өзара іс-қимылы кезінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды және телекоммуникациялық құралдарды қолдана отырып жүзеге асырылатын оқыту. Бұл жаңа технологиялар дәстүрлі оқу сабақтарын «оnline», «offline» режимінде ұйымдастыруға негізделген. «Оnline» режимінде оқу сабақтары нақты уақыт режимінде оқудың өзара іс-әрекет ету үдерісін қарастырады (бейнеконференция, интернет желісімен хабар алмасу, телефон аппараты арқылы келіссөздер). «Оnline» режиміндегі оқу сабақтары оқытушы мен білім алушы арасындағы асинхронды тілдесудің (электрондық пошта, кейіннен қорытынды бақылау тапсырумен оқытушының тапсырмасы бойынша білім алушының оқулықпен жұмысы) оқу іс-әрекеті процесін қарастырады.
Білім алушылардың үлгерімін ағымдық бақылау және аралық аттестаттау оқу жұмыс жоспарына, академиялық күнтізбеге және оқу бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылады. Қашықтан оқытудың технологияларын пайдалана отырып оқыған студенттер келесі мүмкіндіктер мен артықшылықтарға ие болады: бірінші (колледжден кейін) немесе екінші (үшінші) жоғары білім алу, қайта даярлаудан өту, біліктілікті арттыру; жеке оқу жоспары, оқу траекториясын өз бетімен жоспарлау, оқу мерзімін қысқарту; негізгі қызметтен қол үзбей оқу; уақытты және қаржыны үнемдеу. Қашықтан оқытуды ұйымдастыру жүйесі оқытушылар мен студенттер арасында, өзара студенттер арасында жұмысқа қатысты кез келген форматтағы файлдармен алмасуды қолдайды. Moodle жүйесінде сабақ дайындау және өткізуде оқытушы құрамына глоссарий, ресурс, әр түрлі тапсырмалар, форум, wiki, сабақ, тест, webinar, аудиодәрістер және тағы да басқа курс элементтерінің жиынтығын пайдаланады.
Интербелсенділікті арттыру мақсатында порталда өзара әрекет етудің online-offline стандартты сервистерінен басқа (чат, форум, сауалнама, электрондық пошта) онлайн сабақты өткізу сервисі қолданылады, әр түрлі құралдары бар виртуалды онлайн класс арқылы өте көп ақпарат алуға болады (web камерадан суреттер, чат, саны шексіз интерактивті тақталар, пайдаланушының әр түрлі әрекеттерін, видеоматериалдарды монитор экранынан трансляциялау және тағы да басқалар). Қашықтан оқытудың артықшылықтары: оқытушының да, студенттің де оқытудың уақыты мен орнын тиімді таңдай білуі: білімнің тиянақтылығы; оқытушы мен студенттер арасындағы қарым-қатынастың қажеттілігінше болуы; білім берудің дифференциациясы мен индивидуализациясы; уақыт пен қаржының үнемділігі; ата-ана бақылауы (ата-аналардың білім беру үрдісін және оқытушылармен қарым-қатынасын бақылау мүмкіндігі).
Уақытша қашықтан оқыту кезінде мектеп оқушылары қажетті техникамен қамтамасыз етіледі. Қашықтан оқыту жүйесі бойынша қиындықтың туындауы мүмкін екенін жақсы түсінеміз. Бір отбасында бірнеше оқушы оқыса, бір компьютер мен бір смартфонды пайдаланудың ыңғайсыздығы немесе қажетті техниканың мүлдем болмауы мүмкін. Кейбіреулерде интернет байланысы да жоқ. Президент қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға тапсырма берді. Бұл мәселе қазір ерекше бақылауда. Әкімдіктермен бірлесе отырып, мектептегі компьютерлерді оқушылар мен мұғалімдерге уақытша пайдалануға беру, тіпті, қажет болған жағдайда, мектептерге қосымша техника (планшеттер немесе компьютерлер) сатып алып, оларды да уақытша пайдалануға беру мәселелерін қарастырудамыз. Кейбір өңірлер бұл жұмысқа кірісіп кетті, – деп жазды еліміздің бас педагогы Асхат Қанатұлы әлеуметтік желідегі парақшасында.
“Balapan” телеарнасының директоры Мақпал Жұмабайдың айтуынша, сәуір айының алғашқы аптасынан бастап күнделікті эфирдің 6 сағаты 1-11 сынып оқушылары үшін бейнесабаққа арналады. – Сабақ кестесі телеарнадан және басқа да ақпарат құралдары арқылы таратылады. Белгіленген 6 сағат уақыт аралығы әр сыныпқа бөлінеді. Яғни, бір отбасында 4 бала болса, бір-біріне сәйкес келмейтін түрлі уақытта оқиды. Бұл сабақтар тиісті платформаларға жүктелген соң, балалар қайта көре алады, – деді телеарна директоры. Сабақ аптасына бес күн, әр пәнге 30 минут уақыт беріледі. Министрлік өкілдері теле-сабақ барысында Назарбаев зияткерлік мектептерінің, республикалық, халықаралық және жеке мектептердің үздік ұстаздары еліміздің барлық балаларына сабақ беретінін айтып, жарнамалап қойды. Мұнымен қоса, телеарнадағы сабақ министрлік бекіткен жоспар бойынша бірнеше білім ресурстарында (Bilimland, Daryn online) жалғасады. Сонымен қатар, мұғалім мен оқушы Kundelik.kz, zoom, Google classroom, sabak.kz платформасында онлайн кездесіп, білімін пысықтайды.
Бұл бағыттағы шаралардың әлі де жетілдіріліп, толықтырыла түсетіндігі даусыз. Ең басты мақсат – оқушылар білім алудан қол үзбеу керек және сапа төмендемеуі тиіс. Биыл мектеп түлектері үшін де ерекше сынақ болды. Алдағы жаңа оқу жылында коронавирус індетінің беті қайтып, қалыпты өмірге оралатындығымызға сенейік.
Әлішер Тұрарұлы КӘРІМЖАН,
Шилісу негізгі мектебі директорының оқу
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Алматы
облысының Кербұлақ ауданы