Қазақстанның үздік студенті – 2020: Талабы таудай – Тасболат

Тасболат Серікқалиев – Батыс Қазақстан облысының тумасы. «Қазақстанның үздік студенті – 2020» халықаралық байқауына белсене қатысқан ол жеңімпаздар сапынан көрініп, тәуелсіз мемлекетіміздің жастар саясатын ілгері дамытуға қосқан үлесі, дарындылығы мен көшбасшылық қабілеті үшін арнайы тағайындалған биылғы жылдың үздік студенті төсбелгісімен және куәлікпен марапатталды.

Білім және ғылым министрлігі, ғылым комитеті және мемлекет тарихы институты мен «Білім өркениеті» ұлттық инновациялық-ғылыми зерттеу орталығының ортақ мақсаттағы үйлестіруімен бұл дәстүрлі байқау жыл сайын еліміздегі жоғары және арнаулы оқу орындары студенттерінің инновациялық әлеуетін арттыру, жастардың зерттеушілік қабілеттерін дамыта отырып, тәжірибе алмасуы бағытында тұрақты ұйымдастырылып келеді. Биылғы білім мен біліктілік бәсекесі әлем жұртшылығын әбігерге салған жұқпалы дерттен қорғанудың сақтық шараларына сәйкес қашықтан жүргізілген болатын.

Орал қаласындағы жоғары инженерлік-технологиялық колледжінің ветеринария мамандығының үшінші курс студенті оқу мен тәрбие және қоғамдық шаралар бойынша жетістіктері жинақталған портфолиосын жолдап, нәтижесінде 450  студенттің  ішінен таңдаулы екі жүз үздіктің бірі болды. Енді болашағынан үлкен үміт күттіретін бұл бозбаланың жемісті жетістіктерімен қалың жұртшылық «Қазақстанның Үздік студенті – 2020» атты халықаралық кітапты оқу арқылы жан-жақты таныса алады. Бұл құрметті жинаққа  республика көлеміндегі жоғары оқу орындары және колледж студенттері арасынан «Алтын белгі» иегерлері, халықаралық, республикалық және аймақтық олимпиадалар мен конференциялардың, жобалардың, орындаушылық байқаулардың жүлдегерлері, қоғамдық жастар қозғалыстарының көшбасшылары мен белсенділері, еліміздің ұлттық құрама мүшелері, спорттық олимпиадалар мен халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанған таңдаулы тұлғалардың есімдері енгізілетдігін айрықша атап айтқанымыз абзал.

Тасболат Серікқалиұлы білімге құштар белсенді студент санатында мәртебелі марапатқа шын лайықты-ақ. Ол киелі Қаратөбе топырағында  дүниеге келіп, аудан орталығындағы  Мұхит мектебінің тоғызыншы сыныбын аяқтаған соң 2017 жылы кәсіби білім беретін арнаулы оқу орнына мемлекеттік грантпен оқуға түсті. Жоғары инженерлік-технологиялық колледжі жанынан құрылған «Алаш» пікір-сайыс орталығының төрағасы, «Studunion» студенттік өзін-өзі басқару ұйымының көшбасшысы, «Ғасыр» жастар қоғамдық бірлестігінің және Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы «unicef Kazakhstan»  балалар қорының медиа-еріктісі, «Білім өркениеті»  ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының ҚР «Үздік студенттер академиясының» мүшесі.

Ветеринария саласында білім алып, болашағын ауыл шаруашылығымен байланыстыруға ниет еткен жігерлі жас жігіт бала кезінен жанына серік болған әдебиет пен өнерден алыстаған емес. Үш жылдық студенттік  кезеңде оқумен қатар алып жүрген шығармашылық және ғылыми жобалық жұмыстарындағы жаңашылдық табыстарының нәтижесінде мерейлі мақтаулары мол екендігін кейіпкеріміздің жеке қорында жинақталған Алғыс хат пен Құрмет грамоталары және түрлі дәрежедегі Дипломдардан  байқауға болады. Білімнің шыңына ұмтылған өнегелі өреннің қол жеткізген жемісті жетістіктеріне толығырақ тоқталсақ. Биылғы жылы «Бөбек жалпыұлттық қозғалысы» ЗТБ ұйымдастырған «Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің үздік жас ғалымы – 2020» атты халықаралық жобасында бірінші дәрежелі Диплом иеленген озық ойлы студенттің «Рухани жаңғыру тетігі – тіл» тақырыбындағы маңызды мақаласы Өзбекстан, Тәжікстан, Беларусь, Ресей, Қырғызстан, Украина, Моңғолия, Түркия елдеріне таралатын халықаралық стандартты нөмірге басылған кітапқа енген.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырған «Білім беру жүйесіндегі бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеудің маңыздылығы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясына «Қазіргі жағдайдағы ауыл шаруашылығының әлеуметтік-экономикалық мәселелері» атты ғылыми мақаласын ұсынып, І дәрежелі дипломмен марапатталған. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті ұйымдастырған «ІХ Торайғыров оқулары» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында оқыған ғылыми мақаласы халықаралық жинақта жарияланды. Бұдан бөлек, республикалық «Парасат» білім сайты ұйымдастырған «Менің әлемім» атты жас таланттар байқауында – бірінші,  «Шабыт» оқу-әдістемелік орталығы өткізген республикалық үздік шығармалар байқауында – үшінші орынды иеленді.

Мәдениет және спорт министрлігінің «Бозоқ» мемлекеттік мәдени-музей қорығы ұйымдастырған «Қазақстанның бай тарихи-мәдени мұрасы» байқауына туған жер тақырыбында деректі фильм ұсынып, бәсекелестерінің арасында екінші қатардан көрінді. Облыстық білім басқармасы және  білім беруді дамыту орталығы ұйымдастырған  түрлі байқауларда жеңімпаз атанып, колледж басшысы мен туып-өскен аудан әкімдігінің алғысын арқалап, қошаметіне бөленуде. Тасболат әрбір күнін байыппен бағамдап, бос өткізбеуді дағдыға айналдырған. Халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастыруға үлесін қсып, жастық жігерін жақсы істерге жұмсап келеді. Үнемі ізденісте жүретін талғамы мен талабы таудай және болмысы мен бітімі бөлек ұғымтал ұлан осы кең дүниенің берік кірпіші ретінде қаланып, бәсекеге қабілетті білігімен тәуелсіз мемлекетіміздің ілгері дамуына кәсіби мамандығымен лайықты үлес қосуды азаматтық парыз санайды.

 Елмұра АСХАТҚЫЗЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий