“Балдәурен” және ел ертеңі болар жас достар!
Диірменнің тасындай шыр айналған дүниеде өмір сүрудеміз. Барлық нәрсе өзгеруде. Дүниемен бірге адамдардың көзқарасы мен танымы да, қазынасы мен құндылықтары да, ой-сана, пікірлері де өте қатты жылдамдықпен өзгеріп, ауысып жатқанын көзіміз көріп отыр. Перзенттерімізді ұлтжанды етіп өсіруге, қазақ халқының салт-дәстүрін білуге жетелеу әрбір педагогтың борышы. Осы жолда талмай еңбек етіп, жаһандану тезінен қалыс қалмай жұмыс жасап келе жатқан республика деңгейіндегі креативтілігімен, ой ұшқырлығымен талайларды тамсандырып келе жатқан педагогтар – «Жастар» педагогикалық тобының еңбегін ерекше атап өтуге болады.
«Балдәурен» деген атаумен соңғы он сегіз жылдың көлемінде жұмыс жасап келе жатқан орталықтың жүрегі болып табылатын «Жастар» педагогикалық тобыда осынау бір бала күлкісі, бала қуанышы, балғын сәттерінің әрбір күнін қызыққа толы, жарқын естеліктерімен өткізулері үшін жан аямай қызмет атқаруда. Орталықтағы ұйымдастырушы – ұстаздардың жұмысының жемісі, бар сый-сияпаты – демалушы балалардың алғысы. Осынау бір алғысты қазіргі таңда Мақтаарал ауданы балаларынан естудеміз.
Сол өңірде орын алған жағдайға байланысты қолдау танытып, балалардың көңіл айнасын кірлетпеу үшін мамыр айынан бастап Түркістан облысы «Балдәурен» республикалық оқу – сауықтыру орталығы филиалында балалар жазғы демалыстарын өткізуде. Балалардың жас ерекшелігіне сай түрлі іс-шаралар, қызыққа батыратын ойындар, кәсіби психолог мамандары тарапынан жүргізілетін тренингтер, бала дамуына көптеген үлес қосатын спорттық сауықтыру танымдық маршруттары, қызығушылық үйірмелер жүргізуде. Балалар үшін арнайы ұйымдастырылатын ауысым жоспары тақырыптық ауысымның ерекшелігіне қарай жасалады.
Шілде айының ерекше күндері «Шекарасыз достық» Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына орай достық кездесу атауымен өткен тоғызыншы ауысым бала көңіліне қызықты демалыс сыйлауымен қатар, ерекше естелік, тың мәлімет, басқа ұлт өкілдеріне деген құрмет пен достыққа баулыды. «Балдәурен» мақтааралдық жас достардың көңіліне күн сәулесінің шуағындай жылулық сыйлап, мөлдір тұнық балалық шақтарының айнасын нұрландыра түсті. Оған дәлел бала көңілімен шынайы айтылған алғыс, шексіз сағыныштары болмақ.
Маржанай Сманкұлқызы ҚЫЗМЕТОВА,
“Балдәурен” республикалық оқу-сауықтыру орталығы
филиалы әдістемелік бөлімінің әдіскері