Қыран ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі
Адам өзінің жасы ұлғайған кезде, өткен өміріне ой жүгіртіп не тындырдым, өзімнен өсіп-өнген ұрпақтарыма, тәуелсіз еліміздің жастарына қандай өнеге, тәрбие көрсеттім, артымда жетіліп келе жатқан ұрпақтарымның өмірге деген көзқарастары қандай бағытта кетіп барады?-деп, осы төңіректе жиі ойлайды екен. Сол ойдың жетегімен өзімнің бойымдағы қасиетімді, өмірден алған өнегелік, тәрбиелік мәні бар тәжірибемді кейінгі ұрпақтарыма қалдырсам деген ой туды. Кез келген адам ата-ананың тәрбиесі аясында балалық балдәуренді, жастық-жігіттік шақты, бір басың екеу болып отбасын құруды, жоғары білім алып, жұмысқа орналасуды, қатардағы қызметкер мен басшылық жұмыстың жауапкершілігін бастан өткізеді. Бұл өмір соқпақтары. Одан өзің тағылым аласың. Сол алған тағылымың ұрпақтарыма жұғысты болса екен, – деп арман етесің. Құдайға шүкір, Алланың берген жасын жасап келемін. Қазір зейнет жасындамын, жетпістен астым.
Халқым қарғамайтын, ұрпағымды ұялтпайтын үлкен өмір жолынан өтіп келемін деп ойлаймын. Байлық, дәулет мұрат емес, өлмес, өшпес мұра – ақылыңнан, ой-санаңнан туған рухани дүниең, шығармашылығың, артымда өнегелі ісім, аталы сөзім қалса деген ниетім бар. Мен ата-апамнан көп үлгі алдым. Олар арақ ішпейтін сопы кісілер болды. Спирттік ішімдікті 30 жасқа таянғанда аузыма алдым. Құрдастарым мені арақ іш деп ешқайсысы қинамайтын. Аздап ішкен ішімдіктің өзін тәрбиемдегі төрт баламның ешқайсысы сезбей өсті. Атам мені жұмысқа шынықтырып өсірді. Есік алдындағы 50 сотық жоңышқаны шалғымен шабу, жүгері егіп, оның арам шөбін отау, пешке жағу үшін өрістен қурай орып, тезек теріп арқалап әкелу, егістік алқаптың жағасынан пішен шауып, сабан жинап, ат арбамен үйге тасу сияқты жұмыстарды ынта-жігермен атқаратынмын. Оқыдым, қара жұмысшы болдым, жоғары білім алдым, қызметке тұрдым. Барлығында атыма кір келтірмей, абыройға ие болдым, қызметтен қызметке өстім. Меркі аудандық «Меркі тынысы» газетінде 30 жылдан астам уақыт қызмет еттім, газет басушыдан бастап барлық сатылардан өтіп, редакторлық қызметке дейін көтерілдім. Зейнет жасына толар алдында алты жыл Меркі ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тіл саласы бойынша бас маманы ретінде қызмет атқардым.
Отыз бес жасымда, 4 баланың әкесі бола тұра, (1982-1984 жылдары) Жамбыл облыстық партия комитетінің жолдамасымен Алматы Жоғары партия мектебінің күндізгі бөліміне оқуға түсіп, саяси білім алдым. Осындай өмір жолдарымнан жинақталған және бұрынғы ата-бабалардан қалған өсиеттерді, оқыған-түйгенімді қағаз бетіне түсіруді мақсат еттім, мұнымды кейінгі ұрпақтар оқып, өз бойларына дарытса екен деген ой болды. Құдайға шүкір, ұл-қыздарым ер жетіп, отау құрды, өздерінің қалауы бойынша жоғары білім алып, ел қатарлы еңбек етуде. Енді осы балаларыма, жалпы егеменді еліміздің жас буын ұрпақтарына айтар ақыл-кеңесімді төмендегідей сабақтап, тізбектеп айтып көрейін. «Кішіпейілділік – кісі көркі» дейді халқымыз. Бұл сөздің үлкен тәрбиелік мәні бар. Жүрген ортаңда, жұмыс барысында сыпайгершіліктің, мәдениеттіліктің, кішіпейілділіктің үлгісін көрсету – парызым деп есептегін. Кез келген адамдармен жолыға қалсаң, жайдары қабақпен алдымен сәлем беруге ұмтыл, хал-жағдайын сұрап, жөн сұрасаң, сәлем берген адамың марқайып қалады. Әсіресе, өзіңнен жасы үлкен адамдармен сөйлесе қалған жағдайда оларға ілтипат таныт, сөзін бөлме, өз ой-пікірің болса, әлгі кісінің сөзі аяқталған соң айтқаның дұрыс, кейбір жастар өзі жақсы танитын адамға немесе жолдастарына қарсы келгенде, аузына құм құйылғандай үндемей, сәлем бергеннің жөні осы екен деп, қолын шала-пұла береді де өте шығады. Қолыңды беріп амандасқанда ұлдар «ассалаумағалейкүм», қыздар «сәлеметсізбе» деп сәлемдескен дұрыс. Осыған дағдыланған жөн.
Қарапайымдылық пен кішіпейілділік адамның жақсы мінездері деп есептеймін. «Тәлімнен әдеп жақсы» дейтін халқымыз кішіпейілділікте адамның табиғи көрінісі болуы тиіс, сонда ғана ол сүйкімді, ажарлы. Бұл сөздің ерекше тәрбиелік мәні зор дер едім. Жұмысқа тиянақты, ұқыпты бол, өзіңе жүктелген тапсырманы уақтылы орындауға дағдылан, басшыңмен сөз салыстырып айтысу – тәрбиесіздікке жатады. Басшы – біреу, қалғаны оған тіреу болып жүрсе, жұмысың алға басады. Жүрген ортаңда дөрекі, былапыт сөз айтушы болма. Көлікке мінгенде, түскенде, үйге кіргенде, үйден шығарда қасыңдағы адамға, ол жас болсын, кәрі болсын, құрдасың болсын құрмет көрсетіп есік аш, алдына түсіп алып тайраңдамай, жол бергің, өз үйіңде немесе бөгде үйге келгенде аяқ киіміңді есіктің көзіне шешпе, есіктің бір шетіне реттеп қой, аяқ киімің былғаныш болса, үйге кірмес бұрын тазалап алған жөн. Үй иелері мәдениетті, білімді азаматтар болса, сенің аяқ киіміңе, оны шешіп реттеп қойғаныңа назар аударады. Қоғамдық көлікте, мәдениет ошақтарында және тағы басқа көпшілік орындарда, қасыңда түрегеліп тұрған таныс немесе бөгде танымайтын жасы үлкен адамдар болса, орын бер, батасын аласың. «Батаменен ел көгерер, жауынменен жер көгерер» дейді халық. Ата-бабаларымыз бұл сөзді тегін айтпаса керек. Тәрбиелі, саналы, түйсігі бар, кішіпейілділік пен парасаттылық таныта білген жастарымызға үлкендер жағы, жүрек жарды батасын беріп отырған.
Қоғамдық өмірден тұрақты түрде хабардар болу үшін телеарналардағы кешкі қорытынды жаңалықтарды көріп, газет-журналдарды үзбей оқып отыруды әдетке айналдырған жөн. Сонда сен еліміздегі, жалпы әлемдегі жаңалықтарды біліп отырасың. Аптасына бір күнді кітап оқуға арна. Газет-журналдарды, кітаптарды оқығанда өзіңе ұнаған мақалалар, мәліметтер болып қалады, мысалы, Ұлы адамдар туралы жазылған жақсы шығармалар, мақалалар, республика, облыс, тіпті аудан көлеміндегі өзіңді қызықтырған мәліметтерді жинақтап, ұқыптылықпен сөреңе жинақтап қойсаң, олар түбінде, әсіресе жасың ұлғайғанда қажет болып қалуы мүмкін. Орыс тілінде мектеп бітіргендер, қазақ тілінде көбірек сөйлеп, қазақ тілді басылымдарды көбірек оқыған жөн. Өз ана тіліңді құрметте! Ұлтын сүюдің, тілін қастерлеудің үлгісін көрсетіп кеткен хас батырымыз Бауыржан Момышұлының мына сөзі еріксіз ойға оралады. «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім, енді қорқынышым көбейіп жүр.
Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқамын. Екінші, немересіне ертек айтып беретін әженің азаюынан қорқамын. Үшінші, дәмді, дәстүрді сыйламайтын балалар өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсе, кімді де болса, шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әже, әке жоқ» деген екен күйінішпен. Ендеше осы күйінішті сүйінішке жетелейтін кейінгі толқын – жастар, ұлт тілін ұрпақ игілігіне айналдыруда парасаттылық танытқандарың жөн! Сол сияқты Қадыр Мырзалиев: Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте,-деген екен. Осы сөзге ерекше мән берілсе тіліміздің, ұлтымыздың болашағы айқындала түседі. Қазір еліміз дамыған отыз елдің қатарына қосылу үшін барлық мүмкіндіктерді қарастыруда. Көкірегі ояу, көзі қарақты азаматтарымыз байқап, көріп жүргендей қазіргі шақта еліміз дүние жүзінің көптеген елдерімен қарым-қатынаста екенін жақсы біледі. Ол елдермен қарым-қатынас жасау үшін, алдымен ағылшын тілін және өзіміз бұрыннан білетін орыс тілін меңгеру қажеттігі туындап отыр. Осы ой-мақсаттың негізінде Тұңғыш Президентіміз – Елбасының бастамасымен «Үш тұғырлы тіл – мәдени бағдарламасы» қабылданғандығы белгілі. Ондағы мақсат – жастарымыз үш тілді меңгеру. Ал, осы бағдарламаның мақсатын, Елбасының саясатын жете түсінбеген кейбір ата-аналар тілі жаңадан шығып келе жатқан сәбилерін орыс тілінде тәрбие беретін балалар бақшасына апарып жатқандығын жасыруға болмайды. Тіпті кейбір балалар бақшасы «орыс тіліне қосымша ағылшын тілін үйретеміз» деп бөсуде. Өзге тілдің тәрбиесімен өскен сәбилеріміз өзінің ана тілін, дінін, салт-дәстүрін білмей өседі. Бұл туралы мерзімді баспасөз беттерінде де жазылып жатыр.
Республикалық «Ана тілі» газетінің 2007 жылғы 1 қарашасындағы санында Әбдіжәміл Нүрпейісов, Мұзафар Әлімбаев, Мұхтар Шаханов, Мекемтас Мырзахметов, Бибігүл Төлегенова, Қадыр Мырзалиев бастаған республикамызға есімдері белгілі ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, барлығы 73 адам қол қойған «Үш тұғырлы тіл туралы» көлемді мақала жарияланды. Онда былай дейді. – Шындығын айтатын болсақ көп тіл игеруге ешкім қарсы емес, Әл-Фараби бабамыздың 76 тіл білгені біз үшін мақтаныш. Бірақ бала оң-солын танығанша өз ана тілінде оқып, білім алмаса, оның табиғи жолмен дамуына кінарат түсіп, ұлттық ділін қалыптастыра алмайтыны белгілі. Мәселен, Жапонияда бала 12 жасқа келгенше тек өз ана тілінде тәрбиеленеді. Өзге де өркениетті елдерде, тіпті кешегі КСРО-ның өзінде бастауыш сыныптар тек ұлттық тілде оқытылды. Шет тілдерін игеруге 5-ші сыныптан бастап бұрылатын. Солай бола тұра «шаш ал десе, бас алуға» бейім кей пысықайлар үш тұғырлы тіл идеясын жалаулата көтеріп, әлі бұғанасы қатпаған, ой-санасы, буыны бекімеген 2-3 жасар сәбилерді балабақшадан бастап үш тілде оқытуға кірісіп кетті. Тіпті телеарналар бұл орайда қай облыстың игі нәтижелерге қол жеткізгендігін жарыса насихаттауда. Сонда тұнығы астан-кестен қозғалысқа түскен әлгі сәбилердің болашақ тағдырына кім жауап береді?! Кезінде қазақтың дара перзенті Жүсіпбек Аймауытов «Бала өз ана тілінде тәрбиеленбесе, өз ұлтына қызмет ете алмайды» деп ұран тастамап па еді?» деп жазады.
«Қыран ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі,» дегендей қазіргі жастардың өмір талабына сай көпке ілесе алмай жүргендеріне кімді кінәлар едік. Мектепті ме? Бала тәуліктің 6-8 сағатын мектепте өткізсе, 16-18 сағат үйде, ата-анасының тәрбиесінде болады екен. Олай болса, бала тәрбиесінің жауапкершілігі ата-анадан көбірек дәрежеде талап етілсе керек. Кешкі дастарқан басында, ұйқыға жатар алдында, жалпы баланың бос уақытында онымен әңгімелесіп отырған тиімді. Әңгіме үстінде, күнделікті тіршілікте қалай отырып-тұруға болатындығын балаға бір-екі рет ескертсе де жетіп жатыр. Олай дейтініміз бала әрқашанда ата-анасының көңіл-күйіне, іс-әрекетіне үнемі бақылау жасайды, сенен үлгі алады, сөйлеген сөзіңе мән береді, жағымды, жақсы жағыңды көрген бала соны қайталауға тырысады. Бала ойнағысы келеді, оған тежеу салмау қажет. Ойын – бала еңбегі. Адам баласының санасы, мінез-құлқы жас кезінде тек ойын үстінде қалыптасады. Бір ойшыл: «Баланың өзі өмір сүрген дүниені тануына бастайтын жол – ойын» деп айтқан. Бірақ көпшілік ата-аналар балаларының ұзақ ойнауын жақтыра бермейді. Баланың ойынға қалай айналып, өзін қоршаған ортамен қарым-қатынас жасайтынына тиісті көңіл аудармаймыз. Ал, адамның бойындағы барлық қасиеттер осы ойын арқылы қалыптасады. Сондықтан, балаларды жас кезінен түрлі спорт секцияларына беріп, тәрбиелеген жөн деп есептеймін. Осыны жас жұбайлар жадында ұстаса екен.
Балаларыңды 13-14 жасқа дейін еркелет, ойнасын, күлсін. Ойын баласы көбірек ойнағанды жақсы көреді. «Болды, жетеді, ана жұмысты, мына жұмысты істемедің» деп достарының көзінше ауыр сөздер айту баланың көңіліне ауыр тиеді. Сонымен қатар аямай жұмса, тапсырған жұмысыңның орындалуын қатаң бақылауыңа ал, ұлдың, қыздың жұмысы деп бөлмей, бәрін істет. Әсіресе, қыз балаға лайықты үйдің тіршілігінің бәрін анасы үнемі үйретіп отырғаны абзал. Ал, 14-15 жастан кейін, олармен пікірлес, сыйлас, айтқанын тыңда, аты-жөні жоқ бақырып, ұрып-соғудан аулақ бол. Ата-ана мен балалардың арасындағы сыйластық, ынтымақтық, түсінушілік болуы шарт. Бір-біріңді тыңдай білу- мәдениеттілікке жатады. Баланың мектепте білім алып, саналы азамат болып қалыптасуына, сөз жоқ, оны оқытып, тәрбие берген ұстаздарының орны ерекше. Бауыржан Момышұлы: Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасаң, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз,- деп шегелеп айтқанын әрбір саналы азамат ойында мәңгі ұстауы тиіс.
Әрбір ата-ана Б.Момышұлының осы сөзін немесе осы мазмұндас өнегелі сөздерді өзінің отбасында, жүрген ортасында жас ұрпақтарға өсиет ретінде айтып отырса пайдасы зор. Үй болған соң, үйіңе қонақ келеді, дастарқан жайылады. Сол кездерде үй иесі, ер азамат, әйеліне «ананы істе, мынаны істе, – деп бөгде кісінің алдында нұсқау беру жарасымсыз. Түйсігі бар әйел, сен айтпасаң да, дастархан мәзірін «барымен базар» дегендей, барын әкеледі. Әйеліңе отырып алып, нұсқау бергеннің орнына, өзің қолғабыс беріп, келіншегіңнің дайындаған дастарқан мәзірін үстел үстіне жайғастырып, орналастыруға көмек берудің еш сөкеттігі жоқ. Қонақ шақырғанда, ерлі-зайыпты адамдар, бар ықыласымен, шаттық көңілмен, мейірмандылықпен күтуі қажет. Қонағың үйге кіргенде алдынан шығып, сырт киімін ілгішке ілуді өз міндетім деп санаған жөн. Қонақ күткен осы екен деп, ішкілікті бастырмалата берудің қажеті жоқ. Әркім өзінің шамасына қарай ішкендері дұрыс. «Ішкілік іш» деп бірін-бірі қинау мәдениетсіздікке жатады. Мөлшерінен артық ішілген ішкілік болған жерде, түрлі қисынсыз әңгімелер болады, былапыт сөздер айтылады. Артық ішілген ішкілікті көтере алмайтын кейбір адамдар отырыстың шырқын бұзады, жанжал шығарады, содан сақ болған жөн.
Аудандық газетте қызмет етіп жүрген кезім. Газеттің қат-қабат жұмыстарымен бірге аракідік, қызметкерлердің туған күні құрметіне бір-бірімізді құттықтап, дастархан жайылады. Сондай бір туған күні құрметіне дастархан басына жиналғанымызда Левинь Игорь Яковльвич деген жігітіміз бұрын аздап ішетінін білеміз, жүз граммды мүлде алмай қойды. Өзі еврей ұлтының өкілі еді. Біз аң-таңбыз «Саған не болды, бізге өкпелісің бе» дейміз ғой біз. Сондағы оның жауабы: «Жігіттер мен жақында үйленемін, біздің дәстүріміз бойынша үйленгенге дейін үш ай бұрын және үйленген соң да келіншегім құрсақ көтеріп ол босанғанға дейін біз спиртті ішімдікті ауызға алмаймыз, ал нәрестенің анасы үйленгеннен бастап, дүниеге келген нәресте емшектен шыққанша аузына арақ алмайды» дегенді айтты. Бәріміз аузымыз ашылып, ойланып қалдық. Ойпырмай деп таңдай қағыстық. Жас болса да болашақ ұрпақтың қамын ойлаған Левиньге өз басым риза болдым.
Ал, біздің қазекең, отау құрғанның жөні осы екен деп ақаңды бұрынғыдан бетер ішетінін көріп жүрміз, тіпті ұлдарды былай қойғанда, қыздарымыздың өзі ішімдікке, темекі тартуға жақын. Әрине, жастарымыздың бәріне топырақ шашудан аулақпын, алайда ұлтымыздың өсіп-өнуіне айтарлықтай өз зиянын, кесепатын тигізетін мұндай өрескелдік жағдай, өмірде ара кідік болса да, кездесіп жүргенін жасыра алмаймын. Ішкілікке жақын, әуес болу, ешкімге жақсылық, мәртебе әкелген емес. Жастық лептің буына масаттанған кейбір жастарымыз алғашқы жылдары ішкілік ішуді өзінше сән көргенімен, уақыт өте, оны ішпесе жүре алмайтындай күйге түсіп маскүнемдікке салынып кеткенін байқамай да қалады. Мұндай жағдайға түскендер біріншіден өз денсаулығын құртады, екіншіден өз кіндігінен жаралған ана құрсағындағы ұрпақтың болашағына балта шабады. Улы нәрмен қоректенген ұрпақ, өмірге келіп, есейген шағында маскүнем әке жолын қуатынын қазіргі медицина дәлелдеп отырғанын жастарымыз мықтап ойланғаны жөн. Ал маскүнемдікке салынған адамның өмірі де қысқа, ұзақ жасай алмайды. Жаңадан отау құрған жастар осына қаперіне алса екен.
Әйел – отбасының берекесі, балалардың анасы, ерінің сүйіктісі. Әйел биязы, жайдары, көтеріңкі көңіл-күйде, қабағы ашық жүрсе, біріншіден, өзінің денсаулығына жақсы, екіншіден, ерінің сүйіспеншілігіне бөленеді. Әйел – үйдің берекесін кіргізуші, отағасының сүйеніші. «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп»,- деп бұрынғылар тегін айтпаса керек. Ағайынның басын біріктіретін, сыпсың сөз жүгіртіп, арасын ажыратататын да әйел. Ақылды әйел өзінің отбасының, ағайын-туыстың ғана емес, ауыл-аймақтың да ақылшысы бола біледі. Қазақта мынадай жақсы сөз бар: «Әкесі тұрып ұлы сөйлегеннен без, шешесі тұрып қызы сөйлегеннен без» деген мақалға, мен «Ері тұрып, әйелі сөйлегеннен без» деген сөз тіркесін және қосар едім. Шынын айту керек, кейбір жағдайларда күйеуінің сөзін бөліп тастап, әйелі пысықсынып бір сөйлейді дейсің, түк жараспайды. Ең болмаса ерінің айтқан әңгімесін соңына дейін тыңдап барып, айтса болмай ма? Бұл жағдайда әйел біріншіден, өзінің тәрбиесіздігін көрсетсе, екіншіден ерінің беделін мысқылдап түсіріп жатқанын аңғармайды. Ері ақымақ емес, ақылды азамат болса, үйіне келгенде, балалар естімейтін оңашада әйеліне алдағы уақытта, көпшілік ортасында сөз бөлмеуін жайлап ескертуі керек. Түйсігі бар әйел, екінші жолы сөз бөлмеуге тырысады.
Күтпеген уақытта үйге, күйеуіңмен бірге бөгде адамдар келген жағдайда әйел баласы жайдары қабақ танытып, «үйге кіріңіз, отырыңыз, шай ішіңіз, тамақтан алыңыз, – деп кішіпейілдік танытса, күйеуімен ілесіп келген әлгі адам саған, риза болып қайтады, ал керісінше, тоңмойындық көрсетіп, жылы қабақ танытпасаң, өзіңнің тәрбиесіздігіңді көрсетіп аласың, әлгі адамның алдында күйеуіңнің беделін түсіресің. Жас келін немесе бой жеткен қыздар өзіне жақындап қалған жасы үлкен адамдардың алдын кесіп өтпей, тосып тұрып, өткізіп жіберсе, ол адамның батасын алады. Шынын айту керек, орысша оқып, тәрбие алған кейбір жас қыздар, келіндер өзіңді қағып кетуге шақ қалып жатады. Мұндай көрініс қазақтың менталитетінде болмаған, тәрбиесіздіктің нышанын көрсетеді. Бұрынғы қыз-келіншектер жасы үлкен адамдардың алдын ешқашан кесіп өтпеген. Оның мысалын, әдеби-көркем шығармаларды оқығанда көптеп кездестіруге болады. Мысалы, үш жүздің басын біріктірген, ақылгөй, данышпан, төбе би атанған – Төле би бабамыз Данагүл есімді келінін баласына құда түсіп, алып бермес бұрын, оның ақылды да парасатты келін болатынын тани білген. Төле би: -Балама әйелді өзім таңдап алып беремін. Байдың байлығына қызықпаймын, бидің билігіне қызықпаймын. «Асыл пышақ қап түбінде жатпайды» деген. Ел сыйлайтын ерді ақылдылықпен адам етіп тәрбиелейтін әйел, кең жайылған дастарханмен ердің атын шығаратын да әйел. Малына, байлығына қызығып, ешкіммен құда болмаймын. Келінді асықпай ел арасынан өзім іздеймін. Бұйрық болып, кездессе көрермін,- деп айтқан екен.
Осындай ұлағатты сөзді айтқан Төле би бабамыз бірде өз жолдастарымен бір ауылдың іргесіне жақындап қалғанда, атқа мініп жортып келе жатқан қасындағы бір топ қыздарға Данагүл: – Әй, қыздар, тоқтаңыздар, аттарыңыздың басын тартыңыздар, жоғары жақтан бірқатар аттылар келе жатыр, алдынан кесе-көлденеңдеп өтіп кетпейік. Үлкендердің алдынан кесіп өту дұрыс болмайды. Олар ел қорғайтұғын, жер қорғайтұғын ерлер. Кім біліпті, араларында ақылы асқан ақылды, данышпан қариялары бар шығар, ашулы, арынды батырлары бар шығар. «Ер сыйлаған есікте қалмас» деген. Әлі-ақ бәріміз де бір-бір үйдің иесі боламыз. Шарапат жақсылығы тиер, үлкен кісілердің батасын алып, алғысына бөленейік. Апалар, аттарыңыздың басын тартыңыздар, тосып тұралық. Атты ер кісілер алдымыздан кесіп өтсін. Сонан соң жүрсек те ауылымызға жетеміз,- деп қыздарды тоқтатады. Қыздардың алдарынан өтіп бара жатқан Төле би, өз нөкерлерімен аттарының басын іркіп, алдарынан кесіп өтпей тосып тұрған қыздардан жөн сұрайды. Сол кезде Данагүлдің нұсқауымен барлық қыздар аттарынан түсе-түсе қалып, Төле бидің алдына баяулап барып, жауап қатады.
Данагүл: -Ата, Сіздерді біз алыстан-ақ байқадық, араларында ұлағатты, ел басқарған үлкен кісілер бар шығар, алдын кесіп өтпейік, үлкендерден бата алайық,-деп, әдейі күтіп тұрдық. Ата, батаңызды беріңіз, – деді. Төле би қыздарға батасын беріп, Данагүлдің аты-жөнін, кімнің қызы екенін өзінен сұрап біліп алды да, былай шыға бере, қасындағы жолдастарына Данагүлге құда түсіп, баласына алып беретін ойын айтып, қыздың әкесі Алакөздің үйіне тіке бару қажеттігін айтты. Алакөз, байдың жылқысын бағатын, сіңірі шыққан кедей адам екен. Отырған киіз үйі шұрқ тесік, төсенішке көрпесі жоқ. Бірақ оған назар аудармаған Төле би осында тоқтауды ұйғарды. Ауыл-аймақтағы адамдар Алакөздің үйіне Төле би келіпті деген сөз лезде тарап кетті. Бір кезде, домаланып бай да келді, – Төке, ініңізді ұялтқаныз ба, мұныңыз не, біздікіне түспедіңіз бе?-деді.
– Байеке, мен үй таңдамайтын Төле бимін, байдың сөзін сөйлеп, кедейлерге төбеден қарасам, онда мен кім болғаным. Мен өзімді халықтың адамымын деп санаймын. Көңілім кетіп Алакөздің үйіне түстім. Бәрің де менің туысымсыңдар, Алакөзде болмаса, елімде бар деп осында түстім. Құрмет жасаймын десеңдер жасай беріңдер, қай үйге түскенде тұрған не бар. Байдың нұсқауымен, шамалы уақыттың ішінде мал сойылып, дастархан жайылды, буы бұрқыраған шәйнектің шайы құйыла бастады. Жиналған ауыл адамдары Төле бидің сөзіне құлақ түре тыңдайды. Бір кезде, қазандағы піскен ет түсіріліп, кісілердің алдына тартыла бастады. Алдына бас келген Төле би бір ұртын алып өзі аузына салды. Бір құлағы мен таңдайын алып, сыртта жүрген Данагүлді шақыртып: -Қарағым Данагүл, өз қолыммен ұсынайын. Құлақ бергенім, екімнің бірі бол, таңдай бергенім, айттырмай біліп, құпия жұмбақ сырымды шешіп, өсиетімді жұртқа жайып жүретін балам бол, міне, – деп ұсынды. Данагүл: – Рахмет, ата, айтқаныңыз қабыл болсын, – деді басын иіп.
Адам тани білетін, Төле би қыздың мына жауабына риза болып, қыз әкесі Алакөзге, жанында отырған жұртқа қарап, құда болуға ниеттеніп отырғанын жеткізді. Мұндай сөзді күтпеген Алакөз әйелі екеуі қуанғаннан көзіне жас алып, жылап жіберді… Арада біршама уақыт өткенде Төле би Данагүлді келін етіп үйіне түсірді. Данагүл, көп ұзамай-ақ ағайын-туыстарының арасында өзінің ақылдылығымен, парасаттылығымен, орынды сөйлей білетіндігімен таныла бастады. Үнемі ел аралап жүретін Төле би, бірде алыс жолды қысқартып, қызыл құмды тіке кесіп өтуді ұйғарды. Алайда, ол қысқа жол болғанымен, бұл жолдың бойында ел тонайтын қарақшылар болатындығын білмеді. Білсе де оған мән бермеді. Үшінші күні Төле би қырық қарақшыға тап болды. Қасындағы жолдасы екеуін ай-шайға қарамастан аттан аударып, киімдерін шешіндіріп алды. Олар Төле би екенін білмеді. Бір кезде Төле би әлгі қарақшының басшысына қарап: – Сендерге адамның жаны керек пе, әлде мал керек пе,-деп сұрады. – Бізге әрине мал керек,-деді қарақшының басшысы. – Олай болса, сендер бізді өлтірмеңдер, мен табындаған жылқысы, қоралаған қойы бар бай адаммын. Мен балаларыма хат жазайын,-дейді. Қарақшы келісті. Төле би: қарақшылар сенетіндей жұмбақтап хат жазады. Ол жұмбақ хатты тек Данагүл ғана шешімін тауып, қасына қарулы жігіттерді ілестіріп атасын қарақшылардың қолынан құтқарып алады.
– Шіркін, қазіргі біздің қыздарымыз бен келіндеріміз осы Данагүлдей ақылды, парасаты биік, Төле бидей данышпан, қара қылды қақ жарып сөйлейтін ұлы тұлғаларымыз әр ауылдан, қаладан төбе көрсетіп жатса, саналы да тәрбиелі ұрпақтарымыздың арқасында, өркениетті елге айналуымыз жылдамдар еді,- деген ой қылаң береді. – Жолдасыңа, досыңа адал, жанашыр бол, қиянаттық, арамдық жасама, басына ауыртпалық түскенде жанынан табылуға тырыс. Мен өз басым жолдастарыма, достарыма деген ниетім түзу, адал болды. Жаны қиналғанда қасынан табылуға тырыстым. Соның бір мысалын келтіре кетсем, кейінгі ұрпақтарға сабақ болар деп ойлаймын. Менің Екпінді ауылында жастайымыздан бірге өскен Зәкір Тәбішев деген жолдасым болды. Оның анасы атақты қызылшашы Тұрсын Байназарова – Кеңес үкіметі тұсында СССР Жоғарғы Советіне қатарынан екі мәрте депутат болған кісі еді. Зәкір түрлі шаруашылықтарда бас инженер болып қызмет атқарды. Сол жолдасым 1995-96 жылдары жүрек талмасымен қатты ауырып, дәрігерлерге, тәуіптерге көрінемін деп біраз жерлерге барып жүрді, бірақ күн өткен сайын ауруы асқынып, сырттағы дәретханаға әрең жететіндей жағдайға келген, қатты азып кеткен.
Көңілін сұрай барып, Өзбекстанның Шыршық қаласында бір дәрігер-тәуіптің көп адамдарды емдеп, жазып жүргендігін, соған бару керектігін айтсам, ол досым «Беке, біраз жерге бардым, ем қонатын түрі жоқ, қаржы да таусылып қалды, оның үстіне ол жерге мені апаратын көліктің де реті жоқ.» деп қалды. Мен жаңа жигули алғанымды, қаржылай көмек беріп, өзім апарып, алып келетінімді айтқанымда қуанғаннан көзіне жас алды. Оны көріп жүрегім сыздап кетті. Сонымен қыс айында яғни желтоқсан айының 1-ші жұлдызында, түнгі сағат 3-00 те Зәкір әйелі Айша және мен үшеуміз Өзбекстанға қарай жолға шықтық. Тараз қаласынан ары қарай боран болып, жолдың тайғақтығынан жүру қиындай түсті. Бірақ соған қарамастан, алға қарай жүре бердік, машинам бір-екі жерде шыркөбелек айналып та кетті, абырой болғанда, ешнәрсеге соқтыққан жоқпыз. Ертеңінде түс ауа Шыршық қаласында тұратын емшіге аман-есен жеттік. Зәкір емшіге көрініп, ем қабылдады. Сол Шыршық қаласына мен Зәкірді екі мәрте апарып келдім. Дәретханаға баруға зәру болып қалған Зәкір оңала бастады, тіршілік жасап, машина алды. Баласы Қанат екеуі кезектесіп жеңіл машинасымен адам тасып, «таксировка» да жасауға шамасы келді. Сондағы Зәкірдің маған риза болғандығынан былайғы жұртқа мен туралы жылы сөз айтып жүргенін талай мәрте естідім. Жолдасым емшінің «Бір жылдан кейін тағы келіңіз» деген сөзіне онша мән бермеді.
Қайта баруды қажетсінбеді. Өзін-өзі күтпегендіктен, жүйкесіне салмақ түсіргендіктен, өмірі қысқа болып, екі жылдан соң қайтыс болып кетті. Артында қалған балалары мені күні бүгінге дейін өз әкесіндей сыйлайтынына ризамын. Ұрпақтарыма, жастарға айтарым, жолдастарыңа қиын кезеңде қол ұшын беруден ешуақытта тартынба. «Ұлық болсаң – кішік бол» деген халық мәтелі бар. Оның мәнісі, қызметің жоғарлаған сайын, өзіңнің төңірегіңдегі жора-жолдастарыңа, ағайын-туыстарыңа кішіпейілділік танытуды айтады. Өмірде талай адамдарды көрдім, қызметі сәл жоғарыласа, көкірегі айқаптай болып, жан-жағына менсінбей қарап тұрады, аузын болар-болмас жыбырлатып сәлем бергендей болады, жасы үлкендердің қолын алып, сәлем беруді ойламайды. Қайта «маған келіп, өздері сәлем берсін» дегендей кекшиіп тұрады. Мұндай қылығымен ол адам өзінің беделін жоғалта береді. Ұрпақтарыма айтар өсиетім, жора-жолдастарыңның, ағайын-туыстарыңның, танымайтын жасы үлкен кісілердің ( әсіресе, туып-өскен ауылыңа келгенде) тұрған ортасына немесе үйіне келгенде, жайдары қабақпен, алдымен өзің дауыстап «ассалаумағалейкүм», немесе «сәлеметсіздер ме?» деп, ер азаматтармен екі қолыңмен әр қайсысымен амандасып шығу керек. (Әйелдерге қол бермесе де болады).
– Мен бастықпын, менің қызметім жоғары деп өзіңнен дәрежесі төмен адамдардың ортасында тұрғанда, біреуге өктем сөйлеу, мұқату, сынау, ұялту, келемеждеу, мазақтау, сөз салыстыру, білімділікке жатпайды. Қайта, ондай ортада өзіңді төмен ұстап, өзгелердің арына тимей, қасыңдағы адамды мақтап көтермелеп отыру керек. Өзіңмен қызметтес әріптестеріңді, достарыңды жұмыстан тыс уақыттарда бұйрық беріп, өктем сөйлеп жұмсаудан аулақ бол. Біреуге жағымпаздану, жарамсақтану, өтіріктен сөзін сөйлеу, аярлық таныту, сылдыр сөзді сапырып сөйлеу, қолыңнан келмейтін іске уәде беру сияқты жағымсыз қылықтардан аулақ болған жөн. Жағымпаздық – адамның қарғыс атқан қылығы, адамдық қасиетінен, абыройынан айырады. Былайғы жұртқа, қасыңда жүрген адамдарға сенің бастықтарға жасаған сүйкімсіз жағымпаздық әрекетің білініп тұрады. «Сыйға-сый, сыраға бал» дейді халық. Сол айтпақшы өзіңді орнымен сыйлап, қолпаштап тұрған адамдармен ғана өз тарапыңнан әрекет болуы керек.
Қызмет бабында өзіңді салмақты ұста, дегбірсіздікке, ұшқалақтыққа, жеңіл мінезділікке жол берме. Әр нәрсені байыппен ойлап, кесімді сөз айтуға дағдылан. Сөйлеп тұрған адамның сөзін бөлме, сөйлеген адамның сөзі дұрыс болсын, қате болсын соңына дейін, зейін қойып тыңдауды әдетке айналдыр. Сөз тыңдау үлкен өнер. Мұндай әдетті, мінезді, салмақтылықты, сөз тыңдауды, кешегі ел басқарған Ұлы тұлға Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтан үлгі алуға болады. Мен, Д.Қонаевтың қарапайым, кішіпейіл, сөз тыңдай білетін керемет адам екендігін елден естуші едім. Оның нағыз тұлға екендігі туралы Алматы қаласындағы «Санат» баспасынан 2002 жылы жарық көрген Серік Әбдірайымұлының құрастырған «Елу жыл ел ағасы» деген кітабын оқып, көзім жетті. Жастардан осы кітапты толық оқып шығуын өтінер едім. Бұл кітапты оқыған адам көп өнеге, тәрбие, парасаттылықтың, сөз тыңдаудың, елмен сөйлесудің, кішіпейілділіктің үлгісін алатыны сөзсіз.
Жұмыс бөлмеңе, біреу рұқсат сұрап кіріп келгенде отырған орныңнан тұрып, тіпті алдынан шығып жылы шыраймен сәлемін қарсы ал. Шаруамен келген адамның жұмысы сенің қолыңнан келетін болса, сөзбұйдалыққа салмай, шешіп беруге тырыс. Уәде берсең орында, еш уақытта өтірік айтушы болма. Шығарып саларда да орныңнан тұрып, қоштас. Ал, өзің басқа бір басшының (өзіңнен төменгі органның басшысы болса да) қабылдауына барғанда, қабылдау бөлмесінде отырып, хатшы қыз арқылы ішке енуге рұсат сұра. Кезекте адамдар отырса, кезексіз кіргенің әдепсіздікке жатады. Жұмыс болған соң, кемшілік те болып жатады, сол жіберілген кемшіліктерді тізіп жүретін адам да болып қалуы мүмкін. Ол адам, сенің атқарып жүрген жақсы істеріңді елегісі, көргісі келмейді, тек кемшілік жағыңды термелеп жүреді. Мұндай адам «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп жоғарғы органдарға арыз жазуды әдетке айналдырады. Бұл – өзінше ауру. Біреудің жақсы істерін, жоғары лауазым иесі болғанын көре алмаушылық, іштарлық дертке ұшырайды. «Арыз жазғыш бәленің, көңілін табайын» – деп, оның ыңғайына жығыла беруге болмайды. Жүрген ортаңда беделің кетеді. Одан құтылудың жолы, оған берілген тапсырмаңның нақты орындалуын қатаң бақылауға алуың қажет. Өзің ұжымның басшысы болсаң, ол адамды үнемі өз бақылауыңда ұста, егер мүмкін болмаған жағдайда өзіңнің сенімді бір адамыңа оның жүрген-тұрғанын, ұжым арасында қандай әңгіме жүргізетінін, тіпті өзінің отбасында қалай жүретінін айтып, саған жеткізіп тұратын сенімді адамың болуы керек.
Осындай жағдайда оның да кемшілігін табасың, содан кейін үш рет әкімшілік жазаны (ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс) жазбаша қолданасың. Төртінші рет кәсіподақ ұйымымен бірлесе отырып бұйрық жазып, жұмыстан босатасың. Ұжым жиналысында қатардағы қызметкер болсаң да, басшы болсаң да белсенділік танытып, өз пікіріңді ашық айтуға дағдылан. Жұмыс барысында жіберген кінәңді біреуге аударып, қиянаттық жасаудан, жала жабудан аулақ бол. Кемшілікті мойындау – абыройыңды көтермесе, төмендетпейді. Басшы болсаң, қамқоршы бол. Әсіресе, білімді жастарға қамқоршы болып, оларды көтермелеп, қолдап отырған жөн. «Асыл – тастан, өнер – жастан» деп бұрынғылар тегін айтпаған. Білімді жастарды көтермелеу – өзіңнің білімділігіңді, біліктілігіңді көрсетеді. Ата-анаңа, бірге туған бауырларыңа мейірімді, қамқоршы, демеуші болуға тырыс. Әсіресе, өзіңді тоғыз ай құрсағында көтеріп, түн ұйқысын төрт бөліп, бағып-қаққан анаңды ерекше құрметте. Өйткені оның саған жасаған еңбегін ешбір нәрсемен теңестіруге келмейді.
Сен өмірге келіп, саналы азамат болып қалыптасқаныңша анаң небір ауырпалықтарды, қиындықтарды бастан өткізді, елдің бәрі түнгі ұйқыда жатқанда сенің анаң түн ұйқысын төрт бөліп, ешбір қабақ шытпастан, мейірлене емшек сүтін беріп, бесік жырын жырлады. Ұйқысы шала болса да, ертеңінде сендердің тамақтарың тоқ, киімдерің бүтін болуы үшін, ерінің бір басына салмақ салмау үшін жұмысқа барады. Еңбек ақысын алған күні ол сендер үшін дүкендегі ең дәмді тағамдарды сатып алып, ауыздарыңа тосады. Дүниедегі бар жақсылық ананың ақ сүтінен бастау алады. Өмірдің ұйытқысы, құт-берекенің бастауы – Ана. Дүниеде үш нұр бар екен, оның біріншісі – күннің нұры, екіншісі – ақылдың нұры, үшіншісі – ананың нұры. Керемет теңеу емес пе? Шындығында Күн мен Ананың нұрлы шуағы болмаса, сен өмір сүре алмайсың. Ұлы даналарымыз: «Ана – бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді әлдилейді» деп айтып кеткен. Құранда да «Анаңды Мекке – Мәдинаға үш рет арқалап апарып, алып келсең де, оның саған жасаған еңбегін өтей алмайсың» деп жазғанын түсінген саналы азамат анасын өмір бойы сыйлай біледі.
Ата-анаңа қандай жағдайда да дауыс көтеріп, ауыр сөз айтушы болма, әсіресе қартайған шағында сенің жағымсыз айтқан әрбір сөзің жүректеріне инедей қадалады. Зейнеткерлікке шыққан ата-анаң бұрынғыдай елмен көп араласа алмағандықтан, балаларымен, келіндерімен сөйлесіп, жаңалықтар естігісі келіп тұрады. Осындай мезетте өзіңнің оқығаныңды, білім-парасаттылығыңды танытып, естіп-білген, газет-журналдардан оқыған жаңалықтарды айтып отырсаң, олардың көңілі марқайып қалады. Өзіңнің тұрмыс-жағдайың жақсы болып, жиған мүлкің бала-шағаңнан артылып жатса, ең алдымен ата-анаңа, бірге туған бауырларыңа қол ұшын беріп тұрған абзал. Сондай-ақ жетім-жесірлерге, мүгедектерге қамқорлық жасау үлкен сауап. Бірақ, бергеніңді міндетсініп, оларға еш уақытта оғаш мінез көрсетпе.
Ата-анаңның көзінше ішкілік ішіп, темекі тарту, былапыт сөз айтып, әйеліңді, бала-шағаңды немесе басқа біреулерді балағаттау әдепсіздіктің, ұятсыздықтың белгісі деп саналады. – Әрбір ата-ата өзінің бауырынан өсіп-өнген балаларының теңін тауып, шаңырақ құрғанын қалайды. Ұлың ер жетіп, қызың бой жеткен шақта, оларға өз ақыл-кеңесіңді айтудан әсте жалықпа. Адам үш нәрседен қартаймайды: бірі оның ізгі ісі, екіншісі – ізгі сөзі, үшіншісі балаларының жақсы жүріс-тұрысы. Олай болса, әр кез жақсы қылықпен қатар жақсы сөзің болсын. «Жақсы болғың келсе, жаман сөз айтпа», «Жақсы сөз – жанның тынысы, азығы» деген халқымыздың ұлағатты сөзін жадыңда ұста. Өзіңнен өсіп-өнген ұл-қыздарың кәмелеттік жасқа толған соң, олардың қабілетіне қарай білім алуларына немесе жұмыс істеулеріне ешбір кедергі жасамаған жөн. Мектеп бітіріп, өмірге жолдама алған ұл-қыздарың алғашында ата-ананың қамқорлығын қажетсінеді.
Жоғары оқу орнына түскен немесе белгілі бір жеке кәсіппен айналысқысы келген жағдайда әр ата-ана қамқорлық қолын беріп отырса, олардың қолға алған ісі орындалатыны сөзсіз. Кейбір ұл балалар алдымен жеке кәсіппен айналысып, өзіне қаражат жинауды, сөйтіп өзіне жағдай жасауды көздейді. Бұған кедергі жасамай, қайта жеке кәсіппен айналысқысы келген балаңа мүмкіндігің болса, қаражат жағынан көмек берген жөн. Кәсіпкерліктің де өз қиындығы болады. Мініп жүрген машинаң болса, балаңа басы-бүтін бер. Балаңа сеніп берген ақшаңды қадағалап, қайда жұмысап жатқанын сұрап, тексерудің қажеті жоқ. Балаң ісіне тиянақты болса, қолға алған ісінің нәтижесі алғашқы жылдары-ақ байқалады. Сол кезде берген ақшаң екі еселеп қайтады. Негізі, әке мен баланың арасында сенімділік, сыйластық болғаны абзал.
Көптің ортасында немесе жиын тойларда сөз сөйлейтін болсаң өзіңді салмақты ұста, қолыңды жан қалтаңа салып тұрып сөйлеу, былайғы жұртқа өрескел көрінеді. Адамдармен қол беріп амандасқанда кейбір жастар екінші қолын жан қалтасына салып тұрады, бұл мәдениетсіздікке жатады. Амандасқан адамың бір қолын берсе сен екі қолыңды ұсынып амандас. Ұл ер жетіп, қыз бой жеткен соң өздерінің теңін тауып, екі жүрек бірігіп, қосылып жатады. Оған дейін ұл да, қыз бала да өздерінің теңін тапқанша алаңдаумен, қызық қуыммен уақытын өткізеді. Қыз бен жігіттің махаббаты, сүйіспеншілігі қалай болу керек екенін Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері, елімізге есімі белгілі, халық жазушысы Әзілхан Нұршайқовтың «Махаббат қызық мол жылдар» романын, Ақселеу Сейдімбектің алты томдық жинағындағы «Ұлы сөзде ұяттық жоқ» деген тақырыппен берілген шығарманы оқып шыққан жастар – жігіттер пен қыздар махаббат пен сүйіспеншіліктің биік үлгісін алар еді.
Келіншектің жүктілік кезінде айналасында жақын жүрген адамдар – ата, енесі, әсіресе сүйіп қосылған қосағы оның көңіл-күйіне ерекше ден қойғаны жөн. Бала көтерген келіншектің көңіл-күйінің көтеріңкі жүруі, жүйкесінің шаршамай бірқалыпты болуы бірінші кезекте оның күйеуіне көп байланысты. Күйеуі келіншегінің қас-қабағына қарап, ұрыс-керістен аулақ болса, ішімдік пен қыдырымпаздықтан бойын тысқары ұстаса, баратын жеріне келіншегімен бірге қыдырса, жұмыстан уақтылы оралып, үйдің жұмысына қолғабыс беріп отырса жұбайының көңіл-күйі де өз орнында болады деп есептеймін. Сонда ғана дүниеге келетін ұрпақтарымыздың сана-сезімі, ақыл-ойы, білімділігі еврей ұлтынан аспаса, кем соқпайды деп ойлаймын. Әрине дүниеге келген нәрестенің жетіліп, саналы азамат болып қалыптасуы үшін ата-ананың өлшеусіз еңбегі қажет. Бұл туралы жоғарыдағы тарауларда шамамыз келгенше тоқталып өткендейміз.
Ер азамат өз тарапынан барлық жағдайды жасап отырса да кейбір келіншектер бала көтергенін міндетсініп, күйеуіне шектен тыс түрлі талап қоятындығы, сөйтіп жүйкесінің жұқарғанының салдары өзінің және құрсағындағы баланың денсаулығына қатты әсер ететіндігін ойламайды. Сөзіміздің түйіні, бала көтерген келіншектер ең болмаса нәресте дүниеге келгенше «сабыр түбі сары алтын» демекші сабырлылық сақтап, әрнәрсені байыппен ақылға салып, шешіп отырған абзал. Бұл тақырыпты сөз етіп отырғанымның негізгі себебі, көп жастарымызға, әсіресе зорлық-зомбылыққа барып жүрген ұл балаларға, тұрмыс құрмай тұрып, жүктілікке душар болып, тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, қиналып тапқан нәрестесін қоқыс тастайтын жәщікке, біреудің аулаларына тастап кетіп жатқан қыздарымызға, іштен туа біткен мүгедек бүлдіршіндердің ата-аналарына мысқылдай болса да септігі тиер деген ой мазалады мені.
Құрметті оқырман жастар! Мен көкейде жүрген біраз мәселелерді қозғағандай болдым. Оқыған, сауатты, білімді, парасаты биік жастарымыз айтылған пікірді дұрыс қабылдайды деп сенемін. Осынау алмағайып заманның тұсында, жастық леппен басқаға еліктеу болғанымен, сендерді ұлттық салт-дәстүрімізден алшақтап, кері кеткен ұрпақтар дей алмаймын, білмегенін үйренеді деген сенімдемін. Атам қазақтың ұлылығын биік тұғырға көтеретін де, асқақтата шығаратын да, тұқыртатын да өздеріңсіңдер. Олай болса, біздің мемлекеттігіміздің, елдігіміздің туын биікке көтеретін біздің болашағымыз сендерсіңдер.
Бектұрған ЖАМБАБАЕВ,
ардагер журналист, Меркі ауданының
құрметті азаматы, Жамбыл облысы