Үздік түлек таңдаған ерекше мамандық

Біздің аймақта 8204 оқушы биыл өз өмірінің жаңа кезеңінің табалдырығын аттады. Оның ішінде 746 оқушы – «Алтын белгі», 447 оқушы – үздік аттестат иегерлері, – деп хабарлайды Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының баспасөз қызметі. Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағында өңір бойынша ең жоғары 138 балл жиған Еркежан Бейсенова Аягөз қаласындағы № 5 мектептің түлегі.

– Мен бала кезімнен оқуға құмартып, алтын ұя мектебімде он бір жылдық білім алдым. Үйдің үлкенімін. Әкем- әскери бөлімде шартты қызметкер, анам-аудандық ауруханада медбике. Бастауыш сыныптан бергі арманым – адам жанын емдеу болатын. Осы арманға қалай қол жеткізсем деген ой күндіз-түні мазалады. Ол үшін терең білім керек екендігін терең түсіндім. Өмірлік ұстанымым Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: – Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман,-деген ұлағатты пікірі еді. Енді міне сол арманыма жақындап, білім сынағында қарым-қабілетімнің нәтижесінде 138 ұпайға қол жеткіздім. Бұл мерейлі мәртебеде ұлағатты ұстаздарымның ерен еңбегі бар. Ата-анам мен туған туыс бауырларыма және білім ордасының ұйымшыл ұжымына үлкен қуаныш сыйлағаным мен үшін зор жетістік. Бұл биік белесті бағындыруыма жинаған білімім негізгі себеп болғанын білемін, – дейді ол.

«Білімдіден шыққан сөз – талаптыға болсын кез», – деп қазақтың данышпан ақыны Абай Құнанбаев айтқандай жас түлек жан-жақты қолдау көрсетіп, демегендері үшін Айнұр Аулейсовна жетекшілік жасайтын №5 жалпы білім беретін орта мектептің парасатты педагогтері мен тілектес жасандарға айтар алғысы шексіз. Себебі осы білім шаңырағында сегізінші сыныптан бері ұлттық бірыңғай тестілеудің үлгілі базасы қалыптасқан.

– Әр пәннің мұғалімдері уақытпен санаспай, бізге қосымша сабақтар ұйымдастырды. Таңдау пәндеріме байланысты тапсырмаларға көп көңіл бөліп, сұрақтарына жауап табу үшін арнайы уақыт бөлдім. Бірнеше жыл бойы жеке дайықтар жасадым. Жоспарлы түрде жүйелі жүргізілген жан-жақты әзірліктің қорытындысы баршаға белгілі. Басты мақсатым – тіс дәрігері атану. Семей қаласындағы медициналық университеттің студенті атанудан үміткермін. «Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса-ол елдің еңсесі де биік болады. Өршіл, намысшыл жас отаншыл, патриот келеді, халқына, ұлтына адал қызмет етуге ұмтылады», – деп ұлт көшбасшысы айрықша атап айтқандай тәуелсіз мемлекетіміздің ілгері дамуы үшін бәсекеге қабілетті кәсіби маман ретінде қалтқысыз қызмет арқылы жұртымның асқақ абыройын арттыруға әрдайым дайынмын, – деді сөзінің соңында.

Мектепте бірге оқыған қатарластары мен достары да білімдері мен біліктіліктерінің жоғары нәтижесін көрсете білген. Сондықтан ол замандастарының қалаған кәсіптері бойынша мықты маманы болып қалыптасулары үшін үлкен өмірде сәтті қадамдар тілеген ізгі ниетін жеткізді.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий