Ақтөбе облысы: Оқытудағы үш нұсқаның екеуі енгізіледі

— Еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты Білім және ғылым министрлігі мектептерде сабақ өткізудің үш нұсқасын ұсынды. Біріншісі — қашықтан оқыту. Екіншісі — аралас оқыту, яғни оқушылардың жартысын дәстүрлі тәсілмен, жартысын қашықтан оқыту. Үшіншісі — толығымен дәстүрлі жүйеде оқыту. Бұл шағын жинақты мектептерге қатысты. Өйткені бұл мектептерде бала саны аз. Мұндай жағдайда да санитарлық талаптар қатаң сақталады. Біз соңғы екі нұсқаны ұсынып отырмыз, — дейді Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева.

Қазір өңірде 402 мектеп жұмыс істейді. Онда шамамен 158 481 оқушы оқиды деген болжам бар. Шағын жинақты мектептердің саны — 210. Аталған білім шаңырақтарында 16 429 бала білім алып жатыр. Осы екі жүз он мектептегі оқу процесін толықтай дәстүрлі тәсіл бойынша ұйымдастыру жоспарлануда. Ал аралас оқыту жүйесі 192 мектепке (142 052 оқушы) енгізілмек. Бұл мектептердегі 1-5 сынып оқушылары (77 499 бала) дәстүрлі түрде білім алса, 6-11 сынып оқушыларын (63 471 бала) қашықтан оқытудың мүмкіндіктері қарастырылуда. Ләззат Аманжолқызының айтуынша, қыркүйек айының 1-інен шағын жинақты мектептердегі оқушылардың барлығы да мектепте оқуларын жалғастыра береді.

— Оқу жылының алғашқы тоқсанында өңіріміздегі аралас оқыту жүйесі бойынша білім беретін 192 мектепте сабақ қашықтан басталады. Бұл қанша уақытқа дейін жалғасатыны өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты. Дегенмен ахуал жақсара бастаса, араға 1-2 апта салып, бұл білім беру ұйымдары кезең-кезеңмен дәстүрлі оқу жүйесіне көшіріле бастайды. Мұндай жағдайда, ең алдымен, 1-5 сынып оқушылары рет-ретіммен, кезекші топпен дәстүрлі оқуға көшірілетін болады. Дәстүрлі түрде оқитын сыныптардың оқушылары екі топқа бөлініп оқиды. Негізгі пәндер мектепте оқытылады. Бұл жағдайда санитарлық талаптар қатаң сақталады. Мектептер міндетті түрде қызу өлшейтін құрылғы, санитайзерлер және тағы да басқа қажеттіліктермен толық қамтамасыз етіледі, — дейді облыстың бас ұстазы.

Жаңа оқу жылынан бастап ақтөбелік мұғалімдердің барлығы да мектепте жұмыс жасайтын болады. Қазіргі кезде жергілікті ұстаздардың дені еңбек демалысында. Еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты олар демалысқа әдеттегіден ертерек шыққан болатын. Еліміз бойынша шілденің 20-сынан кейін педагогтердің біліктілігін арттыру мақсатында оларға қашықтан оқытудың қыр-сырын меңгертуге бағытталған курстар ұйымдастырылмақ.

— Мемлекет басшысының тапсырмасына байланысты қашықтан оқитын балалардың үйлерінде компьютердің бар-жоқтығын нақтылап жатырмыз. Басты міндет — компьютері жоқ балаларды қажетті құрал-жабдықпен қамтуымыз керек. Наурыз, сәуір айларында облыста 4100 жаңа компьютер алынды. Соны қосқанда қазір облыс мектептерінде жалпы саны 12 550 сапалы жұмыс жасайтын компьютер бар. Бұл тізімде ақауы бар, ескірген компьютерлер жоқ. Талдау қорытындысы бойынша 8 балаға 1 компьютерден келіп тұр. Қашықтан оқитын  6-11 сыныпта 27 142 оқушы (жалпы саны 20 228 отбасының балалары) бар. Балалардың бәрі компьютермен толық қамтылуы үшін 7672 компьютер қажет. Бұл мәселені шешу мақсатында өңірдегі ірі компанияларды тартуымыз мүмкін. Бюджеттен де қаржы қарастырылуда. Облыс әкімі Оңдасын Сейілұлы бұл мәселені жіті бақылап, оны шешумен айналысып жатыр.Айта кету керек, талдау қорытындысына сәйкес педагогтерге де компьютер қажет екен. Облыс мектептерінде 17 004 педагог еңбек етеді. Оның 644-інде компьютер жоқ. Мұның дені — Ақтөбе қаласындағы мұғалімдер. Бұл мәселенің де шешу жолдары қарастырылып жатыр. Әрине, кәсіподақ ұйымдары бар. Аталған мәселені шешуде жан-жақты қолдау күтеміз. 

Биыл жаңартылған оқу мазмұнына 11-сыныптың оқушылары көшірілетін болады. Оқулықтар барлық балаларға толық таратылады. Өңірдегі эпидемиологиялық жағдай жақсарғанша облыс орталығында орналасқан кәсіптік техникалық білім беру ұйымдарының барлығында сабақ қашықтан оқытылатын болады. Ал аудандардағы колледждерде білім беру үрдісі санитарлық талаптарды қатаң сақтау арқылы дәстүрлі түрде жалғаса береді, – деді Ләззат Аманжолқызы.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий