Елорда мектептері мен колледждерінде жаңа оқу жылы қашықтан оқу форматында басталады – білім басқармасы
Барлық мектептер COVID-19 таралуын болдырмау үшін дезинфекциялау құралдармен, тепловизорлармен жабдықталады, – деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты. Брифингте қалалық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова мектептер мен колледждердің жаңа оқу жылына дайындығы туралы айтты. Оның айтуынша, 2020-2021 оқу жылында елорда бойынша 202 мың мектеп оқушысы болады деп күтілуде.
(Өткен оқу жылында – 182 279). Бірінші сыныпқа 27 мыңнан астам оқушы қабылдау жоспарлануда. Қазірге, 12 453 өтініш беріліп, 10090 қабылданды.(37%). Құжаттарды қабылдау электронды үкімет Egov.kz порталы арқылы және қағаз түрінде мектептерде жүргізілуде. Колледждерде алдағы оқу жылында 8 мың студент, сондай-ақ 13 мамандық бойынша ерекше білім алу қажеттілігі бар 139 білім алушы қабылданады деп күтілуде (өткен жылы – 12 мамандық бойынша 105 бала).
– Қыркүйектің бірі күні жаңа оқу жылы барлық елорда мектептерінде 1-11 сыныптар және колледждерде қашықтан оқыту форматында басталады. Бұл ретте қатаң санитарлық шараларды сақтай отырып, бастауыш сыныптың оқушылары үшін «кезекші сыныптардың» жұмысы жоспарлануда. Оның қалай жұмыс істейтінін түсіндіре кетсек. Бастауыш сынып оқушыларының ата-аналарының өтініші негізінде санитарлық талаптарды сақтай отырып «кезекші сыныптар» ашылатын болады. Оқу бірнеше ауысыммен жүзеге асады. Сыныптар кіші топтарға бөлінеді. Ол топтарда оқушы саны 10-15 тен аспайтын болады. Сабақтар бір кабинетте өткізіліп, үзіліс әр түрлі уақыттарда болады. Сонымен қатар сабақтардың бір бөлігі қашықтан жүргізіледі, – деді Ш.Қадырова.
Басқарма басшысы барлық санитарлық шаралардың сақталуы басты міндеттердің бірі екенін атап өтті. «Ол үшін мектептер дезинфекциялау құралдарымен, тепловизорлармен, қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етіледі. Дәстүрлі форматтағы оқу жағдайында, яғни кезекші сыныптардың жұмысы үшін алгоритм келесідей болады: ата-аналар балаларды «кезекші сыныптарға» әкеледі, бірақ ғимаратқа кірмейді; мектептің кіреберісі дезинфекциялық кілемшелермен қамтамасыз етіледі; мектепке кірер кезде баланың температурасын өлшенеді; қолды антисектикпен өңдеу және масканың болуы міндеттеледі; барлық қабаттарда және әрбір «кезекші сыныпта» антисанитайзерлерді орнатылады; сыныпты желдету, кварцтау және ылғалды жинау кестесі; қызыл сызықпен белгілей отырып, медициналық кабинеттердің жанында изолятор-бөлме ашу, – деді басқарма басшысы.
Загрузка...Ол сондай-ақ қашықтан оқытудың қалай өтетінін айтты. – Қашықтан оқыту үшін ең алдымен педагогтар мен оқушылардың компьютер және интернетпен қамтамасыз етілуі маңызды. Педагогтар мен оқушылардың компьютер мен интернетке қажеттілігіне мониторинг жүргізілді. Қажетті құралдар сатып алынатын болады. Бұл ретте техниканы қажет ететін аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан оқушылар міндетті түрде компьютерлермен және роутерлермен қамтамасыз етіледі, – деді Ш.Қадырова. Жаңа оқу жылында оқушыларды оқулықтармен қамтамасыз ету жұмыстары да жүргізілуде. – Қамтамасыз ету жүз пайызды құрайды. Оқушылар оқулықтарды 1 қыркүйекке дейін алады, – деп түйіндеді Ш.Қадырова.