Тараздағы ескі мектептер қайта жаңартылуда
Бүгінде Тараз қаласындағы іргетасы 1952 жылы қаланған №4 орта мектептің жаңа ғимараты бой көтеруде, – деп хабарлайды Egemen.kz. Аталған білім нысанының құрылысын жүргізуші мердігер компания “Бірлік Сервис и Ко” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Мектеп 180 оқушыға арналған. Жаңа жоба бойынша мұнда акт залы, спорт залы, асхана, шеберханалар салынады. Айта кетерлігі, ескі ғимарат жобасында бұл болмаған. Сондай-ақ, №2 орта мектептің орнына да жаңа оқу ошағы салынатын болды. Негізінен 318 оқушыға арналған білім нысанының ескі ғимараты бұзылды.
Мердігер “Талас Құрылыс” компаниясы аталған нысанды келер жылдың басында тапсыруды жоспарлап отыр. Жаңа ғимарат асхана және мәжіліс залымен қамтылады. №16 орта мектеп үш ғимараттан тұрады. Бір ғимарат бұзылып, орнына жаңа ғимарат салынатын болды. Ал, екінші ғимарат жөндеуді қажет етуде. Құрылыс жобасына сараптама қорытындысы бірер күнде дайын болады. Қорытынды дайын болған соң құрылысшылар бірден жұмысқа кіріседі деп жоспарлануда. Үшінші ғимарат әзірге жарамды күйінде. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жаңа салынып жатқан білім нысандарын аралап көріп, мердігерлерге бекітілген құрылыс мерзімдерінің сақталу керектігін атап өтті.
Загрузка...Мектеп алаңдарын абаттандыру да маңызды міндеттерінің бірі екенін ескертті. Сонымен қатар, мектеп директорларына да бірқатар мәселелерді айтты. – Ең бастысы – біз балаларға жайлы және қауіпсіз жағдай жасауымыз керек. Оқушылар жаңа жабдықталған кабинеттерді көріп, марқайып қалуы тиіс. Облыста апатты жағдайдағы, үш ауысымды және орын тапшылығы бар мектептердің мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде. Сонымен қатар, бұл ретте материалдық базаға ғана емес, мұғалімдердің сабақ өту тәсілі мен сапалы білім беру жайына да айрықша назар аудару керек, – деді Бердібек Сапарбаев.