Тәрбие бастауы – балабақшада
Қазақ халқы ұрпақ тәрбиесін ұлттың тағдыры, болашағы деп білген. Тәрбиелі, тәртіпті, саналы жас ұрпақты тұлға етіп қалыптастырудың алғашқы баспалдағы – балабақша. 2018 жылы есігін айқара ашқан елордалық №95 «Алматы» балабақшамыздың сырт көрінісі, қазақтың киіз үйі пішініндегі ойын алаңқайлары алыстан көз тартады. 12 топтың (9 қазақ және 3 орыс тобы) бөлмелері арнайы тапсырыспен жасақталған барлық қажетті дүниелері құдды Алматы қаласының көрікті орын-дарында жүргендей әсер қалдырады.
Балабақшада мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бағдарламасына сай білімді де тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеуде 60-қа жуық білімді де білікті тәрбиешілер ізгілік педагогикасы, этнопедагогика, «Реджио» педагогикасы негізінде инновациялық технологиялар мен әдіс-тәсілдер қолданады. Балабақшада бала денсаулығын нығайтуға арналған галокамера – тұзды шахта, арнайы музыка залы, робототехника, құм терапиясы, би, шахмат, бейнелеу студиялары, тілдер орталығы, логопед, жасыл зертхана кабинеттері жұмыс істейді. Ізденіс пен жаңашылдықты заман талабына сай үйлестіріп, балалардың жан-жақты тұлға болып қалыптасуына барынша жағдай жасап жатқан балабақша ұжымы «Балабақшамыз елордалық мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарының үздіктері қатарына еніп, білім тәжірибесін тарататын үздік платформа алаңына айналатынына сеніміміз мол», – дейді.
2019-2020 оқу жылының Тамыз конференциясында балабақшаның бір топ бүлдіршіндері эковолонтер ретінде іс-шараға жиналған ұстаздар мен қала қонақтарының назарына «Пайдалы және зиянды тағамдар» және «Қалдықты дұрыс сұрыптау жолдары» танымдық ойындарын ұсынды. Сондай-ақ, тілмаш міндетін атқарған бүлдіршіндер қонақтармен сұқбат жүргізіп, көпшілікті тамсандырды. Ағымдағы жылы қаңтар айында «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» бағдарламасы аясында қосымша он үш топпен жасақталған екінші ғимарат іске қосылды. Бұл ғимарат та ұлттық нақышта айшықталған ойын түрлері мен шеберлік құралдарынан тұратын «Жеті ойыншық», «Жеті қазына» және қоршаған ортаға деген сүйіспеншілікті, табиғат сұлулығын сезіндірер «Ғажайып зертхана» кабинеттерімен ерекшеленеді.
Онымен қоса бала бойында ұлттық құндылықтарды сіңіру және ұлттық тәрбиені қалыптастыру мақсатында «Асық кабинеті» пайдаланылуда. Мұнда балалар алуан түрлі ойындар арқылы саусақ моторикасын дамытып, түстерді ажыратуға үйренеді, сөздік қорларын дамытады. Балабақшада дұрыс тәлім-тәрбие алған бала ертең мектепке барып саналы түрде сапалы білім алуға тырысады. Еліміздің болашағы – тәртіпті де тәрбиелі ұрпақ екені сөзсіз. Сол тәртіпті, тәрбиелі ұрпақты өсіру – баршаға ортақ міндет.
Анар Долдабекқызы СМАКОВА,
№ 95 “Алматы” балабақшасының мегерушісі,
Нұр-Сұлтан қаласы