Павлодарлық NIS оқушысы халықаралық Менделеев олимпиадасында күміс медаль жеңіп алды
Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Хайдар Қайырбек 54-ші оқушылардың химиядан халықаралық Менделеев олимпиадасында күміс медаль жеңіп алды. 2020 жылы COVID-19 коронавирустық инфекция пандемиясына орай 54-ші халықаралық Менделеев олимпиадасы 13-18 шілде аралығында алғаш рет қашықтықтан өткізілген болатын.
Олимпиадаға 27 елден 130 оқушы қатысты: Ресей, Австрия, Сауд Арабиясы, Әзірбайжан, Македония, Армения, Израиль, Беларусь, Венгрия, Болгария, Сирия, Грузия, Латвия, Иран, Қазақстан, Эстония, Қырғызстан, Сербия, Словакия, Тәжікстан, Түркіменстан, Литва, Түркия және басқа елдер. Атап өту керек, Қазақстанның құрама командасы 1 күміс және 5 қола медаль жеңіп алды. Хайдар екінші жыл қатарынан Қазақстан құрамасына еніп, ел намысын халықаралық додаларда қорғап жүр. Өткен жылы да Менделеев олимпиадасында жүлдемен оралып, қола медальді иеленген болатын.
Загрузка...– Мен химиямен 8-сыныптан бастап тыңғылықты айналысып келемін. Әсіресе физикалық химия секциясы маған өте ұнайды. Химияға деген қызығушылығымды арттырып, терең біліммен сусындатқан алтын ұя мектебіме, ұстаздарым Асылбек Оразбай, Ілияс Шорманов пен Ирина Бабичқа зор алғысымды білдіремін, – дейді Хайдар. Оқушымызды және ұстаздарды жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз!