Ұстаз жаққан шырақ

Біз, Елбасы негізін қалаған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бір топ оқытушы-профессоры, отандық жоғары мектептің жетекші тұлғасы, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық машинажасау жəне көлік ғылым академиясының, Ресей көлік академиясының академигі Жиенқұлов Серғазы Ахметұлының шәкірті ретінде ұстазымыздың қазасына қабырғамыз қайысты.

Рас, ол кісі тоқсанның төріне жақындап бақиға аттанды. Бірақ ұстаздың аты – ұстаз, сондықтан ол кісі барда дәрісіміз де тәлімді, ғылымымыз да қызықты еді. Дей тұрғанмен, бұл жолдың баянды болатынына сенеміз. Отандық машина жасау мен көлік құрылғылары саласы – қиын да мехнатты сала. Шәкірттеріміз «Сіздердің ұстаздарыңыз кім еді?» деп сұрағанда да, аузымызға бірінші түсетін тау тұлғамыз – Серғазы  Ахметұлы еді. Қарапайым да бекзат, білімді де білікті, мәдениетті де зерделі академик ұстазымызды Қазақстанның зиялы қауымы түгел танитын. Қазақ азаматтың бағасын бергенде «текті жердің адамы» деп жайдан-жай айтпайды. Ол жағынан алсақ, Серғазы Жиенқұловтың аталары – бір жағы әйгілі Құнанбаймен, екінші жағы Тезек төремен құдандалы игі жақсылар. Мұны былай қойғанда, Алматының сауда тарихын әйгілейтін «Қызыл таң» дүкенін Серағаңның аталары мен Д.Қонаевтың әкесі қатар ұстаған. Ал, енді өнер тарихына келсек, біртуар Шара Жиенқұлова – Серғазы  Ахметұлының немере әпкесі.

Біз бұл әңгіменің бәрін кейін естідік қой. Әйтпесе Серағаң «мен сондаймын, атам дөкей» деп кеуде қақпайтын. «Мәуе ағашы піскен сайын басын иеді» дегендей, зиялы қалпынан айнымайтын. Серғазы Ахметұлы өмірі мен шығармашылығы ұлттық техника ғылымының қалыптасып-дамуымен тікелей байланысты. Ол 1933 жылы 29 қазанда Алматы қаласында дүниеге келген. 1959 жылы  Мəскеудегі  Н.Э. Бауман атындағы жоғары  техникалық  училищені «көтергіш көліктік машиналар  мен  қондырғылар» мамандығы  бойынша бітірген.  Алғашқы еңбек  жолын  Челябі  трактор  зауыты мен Мəскеу мемлекеттік  «Гипромез» металлургия зауытынан бастайды. Ол Баку  қаласының  құбыр  жасау  зауытының автоматтандыру желісін  жəне  Ижев  мотоцикл зауытының конвейерлерін жобалауға қатысты. Алпысыншы жылдардың басында Шымкенттегі Қазақ химия-технология институтына оқытушылыққа шақырылады.   1962-1964 жылдары В.И. Ленин атындағы Қазақ политехника институтында (қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы ұлттық техника университеті) ұстаздық етеді. Әрі қарай ғылымды аңсап, М.В.Ломоносов атындағы Одесса технология институтының  аспирантурасына түседі. Осында одаққа белгілі профессор П.Н.Платоновтың кешенді механизациялау жəне өндірісті автоматтандыру кафедрасында жұмыс істейді.

Кешікпей техникалық  ғылымдарының  кандидаты ғылыми дәрежесін алады. Мұнан соң ғылым айдынына жіберген Қазақ политехника  институтына қайта оралып, Алматы энергетика жəне байланыс  институтының ізашары – энергетика факультетіне декан болып тағайындалады. Серғазы Ахметұлы 1964-1972 жылдары республикалық жас ғалымдар кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. 1973 жылы   көліктік  жəне  тау-кен машиналары кафедрасына меңгеруші болып тағайындалып, өз саласы бойынша республикадағы  ғылыми  мектеп негіздеудің алғышартын жасайды. Ол жазған мақалалар мен қорғатқан дипломдардың өзі көкейкестілігімен, жаңашылдығымен ерекшеленеді. 1977 жылы ғалым Алматы темiр жол көлiгi инженерлерi институтының оқу iсі проректоры қызметіне шақырылады. Бұл жерде ол техникалық ғылым мен бiлiмнiң шебер ұйымдастырушысы ретiнде көріне  бiлдi. Таңдаулы ұжым қалыптастыруға атсалысты. Оның ұсынысымен жаңа факультеттер, кафедралар, мамандықтар, зертханалар ашылды.

Профессор С.А.Жиенқұлов 1979 жылы В.И.Ленин атындағы ҚазПТИ-де көтергiш-көлiктiк машиналар және гидравлика кафедрасын құрып, осы құрылымды 1998 жылға дейiн басқарды. Аталған кафедра кешендi механизациялау және ауқымды еңбек үдерістері бойынша жүздеген инженерлер, жоғары бiлiктi мамандар – техника ғылымдарының кандидат-тары мен докторларын даярлады. Өзі де ғылыми тұрғыдан ізденіп, 1984 жылы Н.Э.Бауман атындағы МЖТУ-де М.П.Александров, Л.Н.Колобов сынды әйгілі ғалымдардың жетекшiлiгiмен докторлық диссертация қорғайды. 1986 жылы КСРО ЖАК бекіткен профессор атағын алды. Серғазы Жиенқұлов  – елімізде көтергiш-көлiктiк машиналар саласының тұңғыш ғылым докторы. Сондай-ақ Н.Э.Бауман атындағы жоғары техникалық училищесiнiң түлектерi арасынан КСРО-дағы үздiксiз көлiк машиналары саласының тұңғыш докторы. Серғазы Ахметұлы Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техника университетiнде көтергiш-көлiктiк машиналар және гидравлика, баспахана машиналары сынды екі кафедраның ашылуына мұрындық болды.

Ғалым 1998 жылы Қазақ инженерлiк және қаржы-банк академиясы аталған Қазақстан – Ресей халықаралық университетiн құрып, оның президентi лауазымын атқарды. Ол отандық орта-арнаулы техикалық оқу орындарының жүйесін де құрды. Серағаңның табандылығы арқасында Алматы экономика және заманауи технологиялар колледжi, Байқоңыр, Талдықорған, Қапшағай, Қызылорда, Арал қалаларында техникалық колледждер құрылды. Академик С.А.Жиенқұлов көтергiш көлiктiк машина жасау саласында Ағындық өндiрiстiк жүйелердi кешендi механикаландыру және автоматтандыру ғылыми мектебiн қалыптастырды. 2013 жылы Ресей Жаратылыстану академиясы оған «Ғылыми мектептiң негiзiн салушы» деген құрметтi атақ берді. Серғазы Ахметұлының ғылыми жетекшiлiгiмен қырық ғылым кандидаты және 13 ғылым докторы, бес PhD докторы даярланды. Соның төртеуі бүгінде Еуразия ұлттық университетінде абыройлы қызмет етіп жүр.

Ғалымның техникалық ғылым саласындағы мұрасы да ұшаң-теңіз: бес жүзден астам еңбегі, соның iшiнде бес монографиясы белгілі. Ол – Қазақстан мен Ресейдiң 85 авторлық куәлiгi мен патентiнің авторы. Сондай-ақ 2000 жылы жарық көріп, ҚР Мемлекеттік сыйлығын алған түрлі ғылым саласы бойынша 31 томдық қазақша-орысша және орысша-қазақша терминологиялық сөздiк авторларының бiрi әрi сегіз томының бас редакторы. Серғазы Ахметұлы Қазақстан Республикасы отын-энергетикалық кешенi басым бағыттарының ғылыми-зерттеу жобаларына белсендi қатысты. Ол отандық тау-кен, мұнай өндiру, машина жасау және халық шаруашылығының басқа да салалары ағымдық-өндiрiстiк жүйелерін кешендi механизациялау және автоматтандыруға да бастамашылдық жасады. Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техника университетiнде «көтергiш-көлiктiк машиналар», «тау-кен машиналары», «машина жасау», «металлургия» мамандықтары бойынша диссертациялық кеңестің төрағасы болды. Осында 2013 жылдан академик С.А.Жиенқұловтың «Ағындық-өндiрiстiк жүйелердi кешендi механикаландыру және автоматтандыру» атты ғылыми зертханасы жұмыс істейтінін атап өткен жөн.

Танымал ғалым, қоғам қайраткері С.А.Жиенқұлов туралы «Қазақстан ғалымдары» энциклопедиялық анықтамалығында, «Ресей ғалымдары» энциклопедиясында жан-жақты мәлімет берілген. Серғазы Ахметұлы өнерден де құралақан емес еді: 2011 жылы «Жүректен шыққан жыр-жауһар» және 2013 жылы «Отанды сүйген жүрегiм» атты қос тілдегі жинағы оқырманға жетті. Ол – «Алматы – махаббатым менiң» атты әннiң авторы. Техника саласының тұлғасы қайтарының алдында ғана «Ұлы даланың ұлы түркілері» атты танымдық зерттеу жариялап, оқырманды елең еткізгенін де білеміз…

Халқымыз «Ұстаз жаққан шырақ сөнбейді» дейді. Сол айтқандай, Серағаңның шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде лайықты қызмет атқарып жүр. Үздік оқығандары, ұстаздан ұлағатпен бірге бата алғандары жоғары оқу орындарының техникалық факультеттерінде дәріс оқиды, маман даярлайды. Серғазы Ахметұлы Қазақ елінің болашағына, жастардың талабы мен табысына сеніммен қарады. Ендеше оның жаққан шырағы халқына әрқашан жарқын жол көрсетіп тұрады.

Шәкірттері атынан – Абай Бақанұлы БӨБЕЕВ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
көлік-энгергетика факультетінің доценті,
техника ғылымдарының кандидаты

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий