Онлайн олимпиадалар ойды жетілдіреді
Ғалымдар кез келген адамның талантты болып өмірге келетінін айтады. Бірақ мектеп олардың дарынының толық ашылуына мүмкіндік бермейді-міс. Білім ошағын аттағаннан кейін баланың қабілеті бірте-бірте төмендей береді екен. Себебі бүгінгі оқу процесі, институт бағдарламалары тұлғаның бейімін шектейді. Бұл – тәжірибе жүзінде берілген анықтама. Ата-ананың қысымы, ұстаздардың күштеп оқытуы баланы «шаблонды» ойлауға итермелейді. Ал мұның алдын алу үшін не істеу керек?, – деп жазады республикалық “ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН” газетінің сайты.
Оқушының еркін ойлауына қалай мотивация береміз? Бұл үшін әлем оқымыстылары онлайн олимпиадаларды жиі ұйымдастырады. Ал Қазақстандағы онлайн олимпиадалардың халі қалай, отандық білім байқауларының мазмұнын арттыра алдық па? Шетелдік байқауларға қатысуға бейіл мектеп ұстаздарының әрекеті еске түседі. Жарнасын жұмыла жинап, іріктеп, бірін бәйгеге қосады. Шәкіртін де үгіттеп, түсініксіз тапсырмаға бірлесе жауап іздеп зар қағатын да, содан соң артынан бір жапырақ мақтау қағазға мәз болатын-ды. Қазір бұл жүйенің дәуірі өтті. Шынында, отандық рухани өнімдер ығыстырды. Білікті мамандар біздегі білім жүйесіне сәйкес арнайы ақылы байқаулар ұйымдастыра бастады. Әрине, бір шетінен пайдалы кәсіп деп алсақ, екіншіден сұранысқа сай қаракет. Міне, мәселе осы жерде қоюлана түсетіндей.
Алдымен Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің жылдық есебіндегі мына сөзін дәйекке алсақ, «Үйде болғанда, сабақтан бос уақытта ақылы олимпиадаға қатысамын десе, оған ешкім шектеу қоя алмайды. Өйткені бұл – адамның жеке таңдауы. Олимпиадаларға қатысу әркімнің өз еркінде». Министрдің бұл сөзінен олимпиадалардың бала қабілетін шыңдауда, жеке ізденістерінде маңызды рөл атқаратынын аңдаймыз. – Қазір олимпиада көбейіп кетті деп айтуға болмайтын шығар. Олардың саны біршама азайды. Кейбір олимпиадалардың мазмұны да жоғалып кетті. Олар тапсырманы береді. Кейін оны бала алып, үйіне барады. Туған-туыстарымен бірге тапсырманы орындап, жауабын береді.
Ол жауап бойынша 1 емес, 30 адам бірінші орын, 30 адам екінші орынды алады. Сонда мұндай олимпиаданың қандай мәні бар?, – дейді А.Аймағамбетов. Бұдан онлайн олимпиадалардың мағынасына мән беру керектігін, әлі де жүйеленбей жатқан дүниелердің барын аңғарамыз. Қазір карантин уақыты. Білім ордаларының қашықтан оқуға көшуі қазақстандықтардың цифрлы технологияларды қолдану деңгейін көтерді. Осы ретте мұғалімдердің біліктілігін арттыруда және дарынды оқушыларды анықтауда онлайн олимпиадалардың үлесі ұшан-теңіз. Мұны есеп беру кезінде министр де ескерді. Әйтсе де әттеген-айы, әлі күнге онлайн олимпиадалардың мәртебесі айқындалмай келеді. Онлайн форматқа көшу, автоматтандырылған порталдар қатысушылардың шынайы білім көрсеткішін көрсетеді. Ең бастысы, сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейді. Барлығы адами факторлардың әсерінсіз анықталып, ашық жүзеге асады.
Қарапайым педагогтер үшін оның көптеген оң әсері бар. Жасыратыны жоқ, бұған дейін шетелдік сайттар елімізде үстемдігін жүргізіп келді. Ал қазір отандық білім саласының дамуына үлес қоса алатын мекемелер көп. Бәсеке бар жерде өнім де, қызмет көрсету сапасы да артады. Сол себепті оларды қолдап, арнайы талаптар қойып, еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік жасаған тиімді. Қазақстандағы онлайн олимпиада өткізетін Daryn.kz, cdo.kz, Qaztest.kz, nio.kz, daryn.online сайттары үлкен сұранысқа ие. Осы орайда Қазақстанда алғаш білім сайттарының іргетасын қалаған азаматтардың бірі, SKILLS ACADEMY мекемесінің директоры Берікбол Төлеген отандық онлайн олимпиадалардың мәртебесін айқындап, арнайы реестр жасау керектігін айтады.
– Жалпы, онлайн олимпиадалар министрліктің жұмысына қолдау білдірмесе, кедергі келтіріп отырған жоқ. Біздің олимпиадаларға қатысушылардың барлығы ризашылықтарын білдіруде. Себебі аттестаттаудан өткен кезде жоғары рөл ойнап жатады. Дегенмен, кей өңірлер онлайн олимпиадаларды жарамсыз деп танып алған. Оған себеп, министрлік тарапынан нақты мәлімдеме болмауы. 2018 жылы министрлік аттестаттауға жарамды байқаулардың тізімін жариялады. Оған біз де қосылдық. Кейіннен оны жарамсыз деп танып, күшін жойды. Бірақ әлі күнге жаңа тізім шығарылмады. Журналистер көп жағдайда министрліктің аузынан шыққан сөзді бұрмалап жеткізеді. «Мектептерде ақылы олимпиадалар жүргізуге болмайды» десе, ақылы олимпиадаларға тыйым салынады дегендей жазады. Осы тұрғыда екінші тараптың да құқы қорғалып, онлайн олимпиадалардың арнайы тізімі жарияланса деген ұсыныс бар, – дейді Б.Төлеген.
Кейіпкеріміз алғашқы білім сайтын 2014 жылы ашқан. Ол кезде қазақ интернет кеңістігінде білім сайттары енді кеңейе бастаған еді. Серіктесімен бірге мұғалім мәртебесін көтеру мақсатында Martebe.kz порталын құрады. Портал аз уақыттың ішінде оқырманның көңілінен шығып, көптеген жобалары өз нәтижесін берді. 2016 жылы Мемлекеттік тілді дамыту қоры мен Тұңғыш Президент қоры ұйымдастырған ең үздік қазақ тілді сайт байқауында «Білім бұлағы» аталымы бойынша жеңімпаз атанады. Қазір республикадағы үздік 40 сайттың қатарында. Жалпы бұл сайт өз миссиясын толық атқарды дейді маман.
– Martebe.kz сайтын жүргізген кезде бізге байқаулар, олимпиадалар өткізу туралы ұсыныс көп келетін. Сосын мұғалімдердің портфолиоларын зерттеп қарадым. Қазақстандық педагогтердің 70-80 пайызында ресейлік infourok.ru, kopilkaurokov.ru сынды сайттардың марапаттарын алған. «Неге біз өзіміздің сұранысымызды өзіміз қанағаттандырмаймыз?» деп өзімізді қамшылап qaztest.kz жобасын бастадық. Бұл сайттың жобалары бүгінде көпшілікке таныс. Бір айта кетерлігі, байқау жасаған кезде біз қазылыққа ЖОО-ның оқытушы құрамдарын, ғылыми атағы бар тәжірибелі мамандарды шақырдық. Бірақ қазылардың бағалауында біркелкілік жоқ, кейде көңіл күйіне қарай, кейде басқа да адами факторлар әсер етіп жатады. Осы жағдай қайталанбас үшін байқаулардың барлығын түбегейлі онлайн форматқа ауыстырдық. 2019 жылдан бастап барлық конкурс олимпиада түрінде Qaztest.kz сайтында өте бастады. Бұл шешімнің дұрыстығына көзіміз жетті. Елімізде онлайнға көзқарас енді қалыптасуда. Осы салада жүрген маман ретінде онлайн олимпиадалар – мұғалімнің шынайы білімін көрсете алады дегім келеді, – дейді Б.Төлеген.
Қазір сайтқа жүз мыңнан астам қолданушы тіркелген. Басым көпшілігі тұрақты түрде қатысады. Олимпиада сұрақтары мектеп бағдарламасына сай әзірленеді. Педагог мамандармен арнайы келісімшарт жасалып, авторлық құқық сақталады. Тест сұрақтары арнайы qaztest олимпиадалары үшін құрастырылады және ешқайда таратылмайды! Біз көптеген байқаулардың тест-тапсырмаларын әзірлеген білікті маман, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің аға оқытушысы Дариға Әзімбаеваға хабарласып, сұрақтарды құрастырарда неге сүйенетінін сұрадық.
– Онлайн-олимпиада тапсырмаларын құрастыруда бірнеше әдістемелік қағидаттар ескеріледі: Олар: пәнаралық байланысты ескеру, тапсырмалардың күрделілігі (жеңілден ауырға өту), олимпиада тапсырмаларының тақырып мазмұнын ашуы. Онлайн-олимпиада тапсырмаларын құрастыруда авторлар пән оқулықтарына, заңнамалық құжаттарға, министрлік бекіткен нормативтік құжаттарға негізделеді. Міндетті түрде әдебиеттің соңғы жылдары шыққан жиілігі пайдаланылады және авторлар тарапынан олимпиада тапсырмалары мұқият тексерілді, – дейді Д.Әзімбаева.
Биылғы оқу жүйесі төртінші тоқсанда карантинге байланысты онлайн режімге көшкені белгілі. Сол тұста Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов оқушыларға Daryn.online платформасын негізге алып оқуды ұсынды. Тіпті сайтқа қалай кіріп, пайдалану керектігін де нұсқаған болатын. Демек төтенше жағдай кезінде ақылы білім сайттары министрліктің мойнына түскен жүкті бірге көтерісті десек артық айтпағанымыз. Daryn.online республикалық білім беру платформасының директоры Асқар Мақсат карантин кезінде тегін сабақтар өткізгенін тілге тиек етті.
– Біздің мақсат – қолжетімді сапалы білім. Республикалық деңгейдегі жарыстарға арнайы мектеп оқушылары ғана емес, ауыл жастары да қатысса деген ниет. Біз платформамызда барлығын автоматтандыруға тырыстық және оқушыларға сабақты оқуға мотивация болсын деген оймен бонустар үлестірудеміз. Бұл оқушыларға үлкен мүмкіндік береді. Яғни сабақ оқып отырып, тапсырмаларға дұрыс жауап берсе, басқа да сабақтарды сатып алуға болады. Осындай элементтер арқылы қолданушылар саны артты. Карантин уақытында тұтынушыларға ақысыз қызмет көрсеттік, – дейді А.Мақсат.
Загрузка...Қазіргі таңда платформаға 2 546 000 оқушы тіркелген. Білім порталының толық қазақша екенін ескерсек, мектеп оқушыларының 80 пайызы пайдаланады деуге болады. Ата-ана баласына қосымша білім алу үшін репетитор немесе білім беретін орталықтар іздеп уақыт жоғалтпайды. Үйде интернет желісі мен компьютер болса жеткілікті. Қаржылай тиімділігіне тоқталатын болсақ, оқушы бір пәннен білім алу үшін айына 2 мың теңге көлемінде қаржы жұмсайды. Оған қоса тәжірибелі, білікті ұстаздардан онлайн білім алады. Жоба авторларының түлектерге арнаған тосынсыйы да бар. Бұл – білім гранты. Еліміздегі бірнеше жоғары оқу орындарымен келісімшарт жасасқан.