“Бала – болашағымыз”: Тәрбие мен білімнің баспалдағы
Балабақша келер ұрпақты еңбекке, өнер-білімге, елінің ар-намысын қорғауға және адамгершілікке баулиды. Сондай балабақшалардың бірі – біздің жергілікті бөбекжай, – деп жазады Алматы облыстық “ЖЕТІСУ” газетінің сайты. Балалардың тәрбиелі болып өсуіне қызмет етіп келе жатқан балабақшамыз осыдан тоғыз жыл бұрын ашылды. Мұндағы тоғыз топта 215 бүлдіршін тәрбиеленеді. Өз жұмысын жақсы білетін білімді, білікті отыз педагог жұмыс істейді.
«Үйренер нәрсең – білім мен мейірімділік» деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, ұжым әр күнін ізденіспен өткізеді. Ұжымның жетістіктерге жетуі, әрбір педагог еңбегінің нәтижесі деп білеміз. Атап айтсақ, 2019-2020 оқу жылында көптеген жетістікке жетті. Қазан айында бүлдіршіндер мектеп оқушылары мен жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған ІІІ республикалық «Ұлы Дала ұрпағы» балалар шығармашылық байқауында ақтық финалға жолдама алды. Хореография жанры бойынша «Аңшы», «Қазақ» билері мен бас жүлдені, «Қуыршақ» биі І орын иеленді, қатысушылар дарынды шәкірт төсбелгісімен және лауреат дипломымен марапатталды.
Хореография жанры бойынша «Шағала» тобының тәрбиеленушісі Дильназ Камзина «Микки маус» биімен І орын иеленді. Эстрадалық вокал бойынша жеке әнімен «Гүлдәурен» тобының тәрбиеленушісі Альфия Муратова «Ұстаз Ана», «Шағала» тобының тәрбиеленушісі Нәби Құсайын «Тілім жүрегім» әнімен және «Жұлдызша» тобының тәрбиеленушісі Темірлан Айдарбек «Жау-жау жаңбыр» әнімен І орынды жеңіп алды. «Шағала» тобының тәрбиеленушісі Василиса Ефименко «Анамның тілі» әнімен ІІ орын иеленді. Аталмыш байқауға бүлдіршіндерді қатыстырғаны үшін балабақша ұжымы Құрмет грамотасымен марапатталды. Осы байқауда балалардың шығармашылық қабілетін аша білгені үшін балабақша хореографы Гүлназ Андабаева, Шынәділ Есжанов, әдіскер Индира Рамазанова, «Шағала» тобының тәрбиешісі Гүлнұр Зейнолла «Үздік ұстаз» төсбелгісімен, Құрмет Грамотасымен марапатталып, 16 сағаттық сертификат табысталды.
Қараша айында аудандық Ә. Сарыбаев атындағы Мәдениет үйінде «Жарқын болашақ» Республикалық ғылыми-әдістемелік журналының ұйымдастыруымен «Ұлы Даланың – Ұлы Абайы» атты өнер байқауы өтті. Онда балабақшамыздың «Шағала» ортаңғы тобының бүлдіршіндері вокал жанры бойынша Нәби Құсайын, Василиса Ефименко және хореография жанры бойынша топтық бимен «Шағала» тобының тәрбиеленушілері қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Талдықорған қаласында өткен VI республикалық «Ақжелең» байқауына балабақшамыздың бүлдіршіндері Дильназ Камзина, Нұрай Мирасқызы, Василиса Ефименко, Нәби Құсайын, Темірлан Айдарбек қатысып, жүлделі орындарды иеленіп, Ташкент қаласына жолдама алып қайтты.
Осы байқауда өскелең ұрпақтың бойына шығармашылық нәрін сусындатқан ұстаздарымыз Сабыр Айт, Шынәділ Есжанов, Ильмира Үкібасова, Гүлнұр Зейнолла Құрмет грамотасымен марапатталды. Ақпан айында аудандық «Үздік балабақша тәрбиешісі» сырттай байқауына балабақша тәрбиешісі Ильмира Үкібасова қатысып, жүлделі І орынды иеленді. Сәуір айында «Зере әженің ізімен» атты республикалық байқауына балабақшамыздың педагогтары мен бүлдіршіндері қатысып марапаттарға ие болды. Жыл бойы балабақша педагогтары республикалық онлайн байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп келеді.
2019-2020 оқу жылының қорытындысы ретінде «Өрлеу» біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы» АҚ филиалынан педагогтарымыздың «Туған өлкем» әдістемелік жинағы шықты. Балабақша – барлық тәрбие мен білімнің ең алғашқы баспалдағы іспеттес. Мұнда балалардың табиғи мінезін, қабілетін ерте жастан дамытады. Бала – болашағымыз, бала – қуанышымыз. Ендеше мектепке дейінгі үздіксіз тәрбиемен, біліммен қамту өзіміздің басты мақсатымыз екенін қуана айта аламын.
Асем АКЫЛБЕКОВА,
“Балдырған” бөбекжай балабақшасының
меңгерушісі Сарыөзек кенті, Кербұлақ ауданы,
Алматы облысы