Қашықтан оқыту: Ауыл жағдайында жүзеге асуы

Тағы бір оқу жылы да аяқталып, білім шаңырақтары кезекті түлектерін үлкен өмірге қанат қақтырды. Қорытынды кезеңге аз уақыт қалғанда елімізде коронавирус індетінің таралуына байланысты төтенше жағдай енгізілуі себепті жылдар бойы қалыптасып, дәстүрге айналған соңғы қоңырау салтанатына ғана емес жаһан халқының қалыптасқан тынымсыз тіршілігіне үлкен өзгеріс әкелді.

Өкінішке орай әлемдегі соңғы болған оқиғалар бүкіл адамзатты тығырыққа тіреді. Еліміздегі барлық елді мекендердің карантинге жабылуына байланысты салалық қызмет көрсетулер мен түрлі жұмыстың уақытша тоқтап, қоғамдық шаралардың кейінге шегерілуі ұстаздар қауымын тығырыққа тіреді. Ең үлкен жаңалық – қалыптасқан дәстүрлі білім беру үдерісінің  қашықтан оқыту жүйесіне көшуі болатын. Әрине, бұл оқушылар мен мұғалімдерді айтпағанда үйлерінде оқшауланған ата-аналарды тосын қиындықтартарға тірегенін білеміз. Алғашқыда көптің көкейінде келіспеушілік пен реніш, сансыз сауалға қоса үрейдің де туындағаны белгілі. Дегенмен, іштегі қорқынышқа, сенімсіздікке қарамастан ортақ мақсатқа сәйкес алға басу барлығынан маңызды еді. Осы тұста біздің ұстаздарымыздың шеберлігі мен табандылығы мәртебелі міндетті абыроймен атқаруға негіз қалады. Пән мұғалімдері кәсіби мамандығының алдындағы жауапкершілігін терең түсініп, шәкірттері мен ата-ананың сенімінен  шығу үшін қатаң талапқа тез бейімделе білді. Барша педагогтерге қашықтан білім беру жағдайында білікті мамандардың әдістемелік көмегі ауадай қажет еді. Осы тұста облыстық білім беруді дамыту оқу орталығының инновация және зксперимент бойынша әдіскері Дастан Ешкенов жедел көмекке келіп, мектеп мұғалімдеріне қашықтан оқытудың мақсаты мен міндеттерін, оның кемшілігі мен артықшылығын түсіндірді.

Қашықтан білім беру платформаларының түрлерімен таныстырып, ауылдың жағдайына, мұғалім мен ата-ананың мүмкіндігіне сай қай түрін таңдау тиімді болатындығын шешу мектеп пен ұстаздың өз құзіреттілігіңде екенін естен шығармау керектігіне көпшілігіміздің көзімізді жеткізді. Интернет платформалар арқылы ұйымдастырылған сабақтар – оқушыларға ұсынылатын тақырыпты қайта қарауға, кері байланыс орнатуға, жеке дара оқыту мен тапсырмаларды орындауға зор мүмкіндік беретінін, тестілеу жұмыстарын жүргізуге және алған білімдерін бағалауға мүмкіндік молдығы айрықша атап айтылды. Платформаларды білу және тиімдісін пайдалануды, тапсырма қалай берілуі керектігін, баланың жасына сай, шағын, бірақ қызығушылығын төмендететін өте жеңіл болмауын есте сақтау керек екендігін түсіндірді. Оқушыға қойылатын талаптар азайғанымен жауапкершілік төмендемеуі керек. Әр мұғалім шәкіртінің әлеуметтік жағдайын және интелектуалдық деңгейін білуі шарт.

Кейде оқушы шамасы келіп тұрған тапсырманың жартысын орындап жібереді. Осы кемшіліктерге жол берілмегені дұрыс. Сонда ғана білімнің сапасын жоғалтпаймыз. Бұл өте маңызды. Білімленд, Дарын онлайн, Опрig.kzkz платформаларындағы электронды мәліметтерді лайықтап беру. Әр мұғалім оқушылардың алдында тұрмағанын әрдайым естен шығармау керек. Өйткені кез-келген тапсырманы оқушы  ата-ана, туған туыстарымен бірге талқылайды. Соған байланысты мұғалім сабағын мұқият дайындауы керек. Кейбір жағдайда оқушыдан гөрі ата-аналардың абыржуы және жоқтан кінә іздеуі орын алады. Сондықтан мұғалімнің ата-аналармен ынтымағы күшейіп, байланысты арттыру қажеттілігі түсіндірілді. Міне, осындай шаралардың арқасында алғаш абдырап қалған ата-аналар мен мектебін, ұстазын іздеген оқушы, тығырықтан шығудың жолын қалай табарын білмегендер үшін Дастан Есіркенұлының қолдауы өте зор болды. Дер кезінде жүргізілген жұмыс, ары қарай қашықтан оқудың қиындығы мен қызығын бірдей алып жүру арқылы еңсеруге мүмкіндік берді.

Қашықтан оқыту ерте ме, кеш пе бізге жететін еді. Ақпараттандырылған жаңа ғасырда озық технологияның тың тәсілдерін тиімді пайдалану-заман талабы. Өйткені бұл – дамыған елдердің шешімі. Сондықтан тәуелсіз мемлекетіміз үшін бұл да бір биік белес! Ендеше, біздің ұстаздарымыздың кезекті асуды бағындыра білгені айдан анық. Иә, мектеп әр түлегінің болашағына сеніммен қарап, ақ жол тілейді! Биылғы түлектеріміз де еш қиыншылықтарға қарамай, жылдар бойы алған білімдерін қашықтан ұлттық бірыңғай тестілеу сынақтарын тапсыру кезінде дәлелдеді. Демек олар уақыт еншісіне сай қашықтан оқытудың алғашқы қарлығаштары.

Әрине, кез-келген оқыту түрі біржақты бола бермейді. Яғни, оның жетістіктері мен кемшіліктері табылады. Қашықтан оқыту түрінің еркіндігі мен икемділігі, географиялық жағдайға қарамайтын, кез-келген тұлғаның білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік тудыратын  артықшылығы бар десек-те, осы жүйемен жұмыс істеу кезінде қатысушылардың  бір-бірімен жеке байланысы аз, кейде мүлдем жоқ екендігін байқаймыз. Сондықтан бұл оқыту нысаны коммуникабельділік, сенімділік, бір командада жұмыла жұмыс істеу дағдыларын дамыту үшін қолайлы емес. Дегенмен, карантин аяқталып, өз жұмыс орнымызға оралған жағдайда дәстүрлі оқыту түрімен қатар қашықтан оқыту түрін де бірге ала жүреміз деген ойдамыз. Себебі дүбірлі дәуіріміз  адамзаттан оның кәсіби қызметіндегі барлық өзгерістерді біліп, үнемі білім деңгейін жетілдіріп отыруды қажет етеді. 

“Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз”, – деген екен халық даналығы. Ендеше таңдаған кәсібіне маманданған әрі жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірде өзі де бақытты болып, өзгелерді де баянды болашаққа бастайтын ұлағатты ұстаздардың жөні де, жолы да бөлек. Майталман мұғалімдеріміз мыңдаған шәкірттердің мақтанышы ғана емес, барша жұртымыздың құрметіне ие. Қоғам мен ұрпақ алдындағы өлшеусіз ерен еңбектерін ескере отырып, өскелең жастарды тәрбиелеудегі қажырлы қазметеріне толағай тілейміз. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін ұстаздық жолдарыңыз тек өрлеу мен өсуге бағытталсын.

Куралай Мухаметжановна ДОГАЛОВА,
Сүмбе орта мектебінің директоры,
Алматы облысының Ұйғыр ауданы
                                    

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий