Өмірі өнеге: Есағаңның қос қанаты

Шіліңгір шілдеде шырылдап дүние есігін ашқан! Есі ерте кірсін, жаны жүрекке жылу берсін деді ме екен есімін Есжан қойған. Тарлан тарихтың талай дүбірлі оқиғаларының куәсі Талас өзенінің бойындағы Тегістік жерінде кіндік қаны тамып, тал бесікте тербеліп, сәби шағынан қаймағы бұзылмаған қазақ ауылының дәм тұзын татып өсті. Тамыры тереңде жатқан Бестерек руының бел баласы ретінде қанына тартып, қаз тұрып, қадам басқан шағынан шабандоз, белгілі көкпаршы, атбегі, серілік өнерден де құралақан емес Әмір атасы мен еңбектің көрігін қыздырған Сарманқұл әкесінің күре тамырына байланып, өсиет-өнегелерінің уызын ішті.

Өнер десе ішкен асын жерге қоятын әулетте өсіп, оттың басы, ошақтың қасында, туған үйдің түтінін иіскеп жүріп ата-анасы салған қоңыр әнді құлағына құйып, жүрегінде ұйытты. Туған жер! Қаймана қазақтың қасиетті де киелі мекені! Ел мен Жер ұғымы қазақтың қанында! Туған жерге деген махаббатын жұдырықтай жүрегінде мәңгілік сақтай білетін бірден-бір ұлт-қазақ болса керек. Әзірге осы киелі ұғым ғана бізді сақтап келе жатыр. Сол өзі туған жердің тамаша тамылжыған табиғаты мен туған елдің тумысынан таланты көп адамдарынан нәр алып өскен Есжан бала шағынан өнерге құмартты. Немере ағасы Арқабектен алғаш домбыра үйренгенде «Елім-айды» айтып жүре берді. Әнге деген құштарлығын сезген анасы әлі қара сирақ ойын баласын Жамбылдың базарын аралап жүріп баян алып бергенде, ешкімнің үйретуінсіз-ақ түймелерінде ойнап кете барды. Бала Есжан туған үйден осылай өнерге құлаш сермеді.
Арман ағыс мені алысқа кетті алып,
Өмір сырын қалғандаймын көп танып.
Бар байлығым-туған ауылым екен ғой,
Сағыныштан жаным азап шекті анық, – деп Нарбатырдың Қасқырбайының өлеңіне шығарылған тұңғыш ән де алтын мекен – туған елге арналды. Ия, одан кейін туған үйдің табалдырығынан бастау алған ғұмыр жолының соқпағы ширатылды.

Тағдырдың тәлкегі ғой, әкесінен ерте айырылған әрі әулеттің қазық ұстар үлкені өзі болған соң, етек-бауырды ерте жиып, ақыл – ес ерте кірді. Өнерге деген зор құлшыныс туған жер – Сарыкемермен қоштастырып, сүлейлер елі – Қызылордаға ат басын тіретті. Осындағы мемлекеттік педагогикалық институттың музыка бөліміне оқуға түсті. Есағаңның осыдан бастап домбыраның қос ішегіндей қос арналы, қос қанатты өмірі басталды. Біріншісі тумысынан қанына біткен тума талант өнер болса, енді екіншісін – ұстаз болуды кәсіби дәрежеде игеріп, бойындағы бар қабілетті осы бағытта меңгеруге жұмсады. Институттан кейін Жетісу жерінде мұғалім, одан соң біраз уақыт ел жақта музыка мектебінің директоры, Алматы асып білім саласында жұмыс атқарып, кейіннен Астана қаласында қызметтер атқарды. Өнер мен педагогика әуелден телқозыдай қос арна ғой. Екеуін тең ұстау үшін тамырын тереңнен тартатын тамаша орын керек. Ақыры Есағаң өз көшінің басын Сарыарқаның алтын бесігі – Қарағандыға бұрды.

2002 жылы осындағы гуманитарлық колледжге директор болып тағайындалды. Есжан Әміровтің (2-фотода) өнердегі шынайы шығармашылығының жемісі мен білімдегі тағылымды ұстаздық жолының жеңістері осы Қарғандыда көрінді. Қасиеті мол, саф алтындай Сарыарқа жері композитор-лық талабына рух берді. Қарағанды – Касталияның бұлағынан зәмзәм суын ішкізіп, Арқаның ақ қанатты Пегасын ерттеп мініп, Парнасқа шығып, киелі лирасын ойнатуға мүмкіндік жасады. Қарағанды ұстаздық ұлы кеңістіктің есігін ашып беріп, бойындағы бар ізгі қабілеттер мен ынта – жігердің тәлімді тәлімгер ретінде шәкірттер тәрбиелеуіне жол ашты. Жалпы, Арқа елі Сарманқұл әулетінің айдарлы ұлдарына айбар беріп, мемлекет пен қоғамға қызмет етуде айрықша атамекенге айналды. Есағаңның тетелес бауыры Досжан бүгінде Көкше жерінде, Ақмола облыстық сотының төрағасы, кейінгі Жандос бауыры сал, серілер Отаны-Айыртау өңірінде беделді қызметте жүр. Інісі бардың тынысы бар демекші Көкшетауға қызмет бабымен келген Досжан Сарманқұлұлы өзінің текті атаның ұрпағы, қасиетті елдің ұланы екенін көрсетіп жүр. Оның қызметіне емес, Көкшеге келіп, руханият, тіл мен өнер, ұлттың діл мен дәстүр бағытындағы тамаша тағылымды істеріне елдің зиялы қауымы мен игі жақсылары дән риза. Мұндай сәт ұзақ емес, аз-ақ екен,
Ғаламның кереметі қазақ екен!
Сабындай қамшының қысқа өмірде,
Есжан мен Досжан болған ғажап екен! – деп ақиық ақын Серік Ақсұңқарұлы тегін айтпаса керек. Қарағанды жерінде Есағаңның шығармашылық тынысы ашылып «Ауыл-алтын бесігім», «Махаббат періштесі», «Туған жерім тұғырым», «Білім берудегі ізденіс», «Аққудың кәусар әуезі» атты кітаптары мен жинақтары жарыққа шықты.

Бұл оның өнер мен білімді құстың қос қанатындай бірге қақтыра біліп, тең ұстай білгенінің куәсі. Әлбетте, осындай екі терең арнаны бірдей ұстап, оң мен солын бірдей таразылай білу кез-келгеннің қолынан келе бермейтін іс. Бұл үшін зор қабілет, орасан қажыр қайрат, ерекше іскерлік қажет. Есжан Сарманқұлұлының осы дүниелердің бәрін еркін меңгеріп, Толағайдай тау көтеріп, беліне байлаған шоқпарын еркін сілтеп кете барғанында. Ғұмырымызда қазақтың талай тарландарының, небір ғұлама ғалым, ақын жазушыларының ғақлия тағылымын көріп, алдынан өттік. Қазақтың ақтаңгер жампозы Ақселеу, ғұлама Рымғали, сайыпқыран Сәкен серілер сияқты асыл ағалардың сөзін тыңдап, тәлімін көрдік. Қазіргі көзі тірі небір атпал ағаларымыздың да айтар ақылынан алыстаған емеспіз. Міне, Есағаң қазақтың осынау бір ұлыларының университетінен бітіріп шыққандай әсер береді маған. Алдымен әріптесіміздің мінезі туралы айтсақ. Есағаңмен еліміздегі білім саласындағы соңғы жиырма жылға жуық барлық «төңкерістер» мен «төгілістердің», небір реформалардың құқайын бірге көріп, басымыздан бірге өткеріп келеміз. Қанша министрдің ми қайнатқан машақаты көп, бірақ маңызы жоқ «ұлы бастамаларынан» тауымыз шағылып, табанымыз талып жүрген кездер аз болған жоқ. Сонда бір байқағаным Есағаңның сары алтындай сабырлы мінезінің, салмақты ой-өрісінің өрелігінің биіктігі! Біз болсақ, қынабымыздан қылышымызды суырып, аттанға басуға бара жатсақ, Есағаң сабырлы жүзімен бір қарап алып, алысқа көз шалатын көрегендігімен мысыңды басып отыратын жібек мінез, жарқын көңіл, жомарт жүрегімен, қалыптасқан толық бітімімен бізді «суытып» алатындығы.

Нағыз ер азаматтың тұлғалық бейнесін анықтайтын оның мінезі ғой. Текті тұқымның тұлпар аунаған жерінен түк алып, мәуелі әулеттің өнегесі мен өсиетінің қайнар бұлағынан сусындаған Есағаң өмірде де соны жанына серік етіп келе жатыр. Біз сирек кездесіп жүрсек те жанынан жылулық сездіріп, тұла бойынан ерекше бір нұр сеуіп, сәуле шашып тұратындай қасиеті бар. Көбіне кездесетін жеріміз Астана ғой. Алып-ұшып жеткенде көзіңмен Есағаңды іздеп тұрғанда, өзінде ғана бар, өзіне ғана жарасатын бір жылы жымиысымен құшағын ашып келе жатады ғой. Ашуды сабырға, тентектілікті тектілікке, қызбалықты ақылға жеңдіре білетін «ақырын жүріп, анық басатын» өн бойы сабыр тұнған мінезі Есағаңның тұлғалық толық бітімінің айғағы.

Тұла бойға біткен талантқа тағылым керек, шынайы өнер ортасы ауадай қажет. Есағаңның композиторлық дарынының бағын ашқан Қарағанды елі сияқты. Ежелден композиторға тандем бола алатын ақын екені белгілі, Қарағандыда бұл – қазақтың бүгінгі айбарлы ақыны, ұлттың ары мен намысының айнасы, Сарыарқадағы наркескен – Серік Ақсұңқарұлы ағамыз. Есағаңның өнер жолындағы ғұмырындағы тапқан бақыты осы ақын ағамыз деп есептеу қажет. Жақсы әнге қашан да болсын мазмұны терең өлең керек. Ол үшін ақын талантты болу міндетті. Өлеңде мінез, характер болмай әуелеген әсем әуезді ән шықпайды. Композитор Есжан мен ақын Серіктің тандемінен туған «Сарыкемер», «Азаттық жыры», «Жасұландар әні», «Ардагерлер», «Ата-жұрт, Абыралым», «Арқа аруы», «Қарағанды вальсі», «Қыдыр қонған Қызылордам», «Қайран өмір» әндері бүгінде қалың қазақтың сүйікті әндеріне айналған. Айбарлы, тегеурінді әрі жүректі ақын Серік Ақсұңқарұлының шеңберге сыя бермейтін тентек өлеңі мен әсем әуенмен әптелген, аққу сезіммен себезгіленген мөлдірлігі басым жүрегін әуез жаулаған антитезалық қайшылықтан туған туынды ғана ғұмырлы болмақ!

Оған Серік ақын мен Есжан сазгердің шығармашылық одағы куә! «Есжан Әміров – қазақ музыкасындағы болмыс-бітімі бөлек таланттардың бірі, һәм бірегейі. Оның әндері Арқа жұртының арқасына аруақ қондарғандай болды» дейді Серік ақын. Құр мақтан емес, ақиқаты дәл, шынайы анықтама. Әннің бағын ашатын қашан да болсын жақсы әнші. Есағаңның әндерін қазақ аспанында әуелеткен Нұрлан Өнербаев, Бақыт Шадаева, Толқын Забирова, Талғат Ыдырысов, Досымжан Таңатаров, Гүлмира Сарина, Саят Әбдіғали, Ғани Мәтебаев, Гүлбану Серікова, Гүлмира Жүкіпбаева, Асанәлі Көшеров, Арайлым Жүкенова, Айбек Мұхаметқали сынды ел сүйіп тыңдайтын әншілер.
Арқаның Естайы мен Біржандары,
Деп жүр еді, соңымызда із қалмады,
Жасындай жарқ еткенде сенің әнің,
Қол соғып, Арғын елі қызғанбады, – деп Зағыпар ақын досың айтқандай, Қарағанды расында да Есжан композитордың өрісті өнерін өрге шығарды. Есжан Сарманқұлұлының қос қанатының бірі – ұстаздығы. Қарағанды гуманитарлық колледжіне басшылыққа келгеннен бері оқу орны білім мен өнердің биігіне көтерілді. Жаңа стратегиялық даму бағыттары анықталды, оқудың мазмұны мен мәніне көңіл аударылып, тәрбие бағытына соны серпін берілді. Әсіресе, айта кету керек, кеңес дәуірінен қалған сеңді бұзып, ассими-ляция өтіп кеткен өңірдегі оқу орнына ұлттық менталитет пен салт-дәстүрдің енгізілуіне, оқу-тәрбие процесіне қазақстандық бағыт берілуіне, жастардың жаңа ұлттық рухани құндылықтарды меңгеруіне мол қажыр-қайрат жұмсал-ды. Педагогикалық ұжымды жаңа бағытта қалыптастыру, ұжымның педаго-гикалық, психологиялық, ғылыми-әдістемелік потенциалын көтеруде зор жұмыстар атқарылды.

Колледждің материалдық-техникалық базасын заманауи білім технологияларын негізге ала отырып, қайта жабдықтау шара-лары жүргізілді. Басты мақсат – еліміздегі білім мекемелеріне білікті, кәсіби мамандар даярлау тұжырымдамасы іске асырыла бастады. Мұның бәрі Есағаңның бойындағы коммуникативтік, когнитивтік, перцептикалық, дидактикалық және ұйымдастырушылық қабілеттерінің кемелділігінен деп түсінген жөн. Ең негізгісі осы уақыт аралығында оқу орнында тамаша педагогикалық ұжым тәрбиеленіп, біліктілігі мен білімділігі мықты, білім сапасы менеджментінің майталмандары көп, корпоративтік мәдениеті қалыптасқан орта жасалды. Бұл Есжан Сарманқұлұлының зор жеңісі, басшылық көрегенділігі!

Бүгінде колледж республикалық оқу-әдістемелік орталығы, рейтингі жоғары, білім сапасы жағынан көш басында тұрған оқу орны.
Қыз ғұмыр дәурен, қызықты күндер,
Ғайып боп қайда кеттіңдер?!
Сағынып күтіп, зарыққан күнде,
Сарғайған күз боп жеттіңдер, – деп өнердегі замандас досы Шәкентайдың Зағыпарының осы өлеңі Есағаңа арналғандай. Бүгінде алпыстың атын ерттеп мінген Есжан Сарманқұлұлы саналы ғұмырындағы адал еңбегі үшін мемлекетіміздің талай марапатын алған жан. Таланты толысқан, талабы мол, абыройы аспанмен астасқан, парасат пайымы патша-ның ақылындай толық тұлға!

Сарыкемердің сары құмында жалаң аяқ жүгірген, бозала бозторғай таңнан дала күйін құлағына құйып өскен кешегі бала шақтан болашаққа аттанған Есжан Сарманқұлұлы бүгінде шыңның шынарындай берік, мәуелі бәйтеректей биік, өз ұрпағын соңынан ертіп, ұлы Ғұмырдың өзін өзіне бағындырып, өз жолын салып, алдағы келешекке еркін еніп бара жатыр. Тек осы жолда өмірі ұзақ болсын, ақықтан соғылған таза да кәусар өнері ұштала берсін деген жүрек сөзін арнасақ деп едік.

Нұртас Ахатұлы АХАТ,
Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ
педагогикалық колледжінің директоры,
филология ғылымдарының кандидаты,
Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар
Академиясының корреспондент мүшесі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий