Логопедиялық жұмыс: Қашықтан оқыту жағдайында
Елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты қашықтан білім беру жүйесі жаппай қолданысқа енген тұста, мұғалімдер мен ата-аналар жатырқап қарсы алғандай болды. Қаланың № 2 арнайы мектебінде ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балалар оқитындықтан, сабақ «қалай жүргізіледі?» деген сұрақ мұғалімдерді, балаларға «қалай түсіндіреміз? тапсырмаларды қалай орындатамыз?» – деген сұрақтар ата-аналарды мазалап толғандырды.
Логопед маман ретінде мен де қобалжыдым. Дегенмен, жаңа жүйені оңтайлы қолданып, жүзеге асыру үшін ата-аналармен бірлесіп кезеңді жұмыс жоспарын құрдым. Жоспарға сәйкес баланың үй жағдайындағы мінез-құлқын, отбасының баланы қашықтан оқытуға дайындығы мен мүмкіндігін, қандай оқыту платформалары ыңғайлы екендігін анықтау, күнтүзбелік тақырыптық, жеке жоспарларды қайта қарастыру, ата-анамен бірлесіп сабақ кестесін құру, оқыту материалдарын дайындау реттілігі бойынша жүзеге асырылды.
Осы ретте оқушыларға сабақ барысы түсінікті болуы үшін деңгейлік және модульдік оқыту әдістерін пайдаланып, бейне сабақтарды алдын-ала дайындап отырдым. Бұл әдіс-тәсілдердің ерекше білімді қажет ететін балаларға қолайлы тұсы – әр тапсырма оқушы деңгейіне байланысты. Баланың деңгейлік тапсыр-маларды орындап, келесі тапсырмаға көшуінен оған тақырыптың түсінікті болғанын білуге болады. Бейне сабақтарды жазып, көрнекілік материалдарды өңдеу үшін Bandicam (экраннан видеожазба жасау), VideoPad (сабақтарды, роликтерді монтаждау), Remove.bg (суреттің артқы түсінен тұнық түс жасау) бағдарламаларын қолдандым.
Логопедтік сабақтарды өткізу үшін бала мен ата-анамен байланыс ретінде Whatsapp қосымшасын таңдап, кез келген кедергіні бірлесе жеңеміз деген сеніммен онлайн сабақты бастадық. Күнделікті сабақтар бейнежазба, фото-сурет, аудио жазбалық түсіндірме ретінде жүргізіліп, тапсырмалар бала мен ата-анаға түсінікті болуы үшін барынша жеңілдетілген түрде беріп отырдым. Кейбір оқушылардың сабаққа назар аударуы тым қиынға соқты, сол себептен баланың есімін атау арқылы сабақ түсіндіріліп, тапсырмалар бердім. Ата-аналардан берілген тапсырмаларды орындатып, кері байланыс жасау міндеттелмеді, ол әр ата-ананың өз еркінде болды. Бірақ ата-аналар берілген тапсырманы балаларымен бірге орындап, кері байланыс ретінде фотосурет немесе бейнежазбалар жіберіп отырды. Қашықтан оқыту барысында ата-аналар үлкен жауапкершілікпен бала дамуына енжар қарамайтындықтарын байқатты.
Сондай-ақ, ата-аналарға үй жағдайында балалардың ұсақ моторикасы мен фонематикалық естіп, қабылдауын және қол жетімді заттардың көмегімен тілдік жаттығуларды қалай жасауға болатыны туралы бейнежазбаларды кеңес ретінде беріп отырдым. Туындаған сұрақтар мен мәселелердің алдын алу мақсатында ата-аналармен апта сайын өткізілген сауалнамалар баламен үй жағдайындағы түзету жұмысының қиындықтарын уақтылы анықтап, шешімін табуға көмектесті. Жоғарыда жүргізілген жұмыстар нәтижесінде келесі сұрақтар арқылы оқушылардың ата-аналарынан көп жағдайда оң пікірлер алдым.
Қашықтан оқыту барысында Сізде қиындықтар туындады ма?- деген сұраққа ата-аналардың қырық бір пайызы «иә», 55 пайызы «жоқ», бір пайызы «карантинге байланысты қиындықтар болды» деп жауап берді. Жаңа жүйенің жақсы жақтарын байқадыңыз ба? – деген сұраққа ата-аналардың 45 пайызы «иә», қырық бес пайызы «жоқ», 10 пайызы «онлайн оқыту барысында балалар таңертең ерте тұрмай, асықпай ұйқысын қандырып тұрады, тапсырмаларды отбасының қасында орындайды, жауапкершіліктері артты, сабақты түсіндіруде қиындықтар болды мұғалімнің орны ерекше бөлек екен соны түсіндік, баланың бәрібір де мектепте оқығаны жақсы» деп жауап берді.
Қашықтан оқытуда педагогтің берген тапсырмаларын балаңызбен бірге орындау барысында қиындықтар болды ма?-деген сұраққа ата-аналардың отыз екі пайызы «иә», 55 пайызы «жоқ», он үш пайызы «берілген тапсырманың күрделілігіне байланысты» деп жауап берді. Қашықтан оқытуда балаңыздан жақсы өзгерістер байқалды ма? – деген сұраққа ата-аналардың 37 пайызы «иә», отыз жеті пайызы «жоқ», 26 пайызы «берілген тапсырмаларды қуана жасап, қосымша тапсырма сұрайтын болды. Тапсырмаларды дұрыс орындауда баламыздың қуанышын сездік» деп жауап берді. Бұл жерде ата-аналардың қашықтан оқытуды әртүрлі қабылдағанын, кейбір ата-аналарға оқытудың бұл түрі қиындық туғызса, кейбіріне оң әсер еткенін байқадық.
Балаларының қасында болып, берілген тапсырмаларды қолдарынан келгенше орындатып, мұғалім мен оқушының арасында «алтын көпір» бола білді және мұғалім жұмысының оңай еместігін көпшілік ата-аналар түсініп, алғыстарын білдіріп біздерді шабыттандырды. Кез келген оқыту нысанының артықшылығы мен кемшілігі болады. Дегенмен алдағы уақытта дәстүрлі оқыту түрімен қатар қашықтан оқыту түрін де бірге ала жүреміз деген ойдамын. Себебі жаңа ғасыр адамзаттан оның кәсіби қызметіндегі барлық өзгерістерді біліп, үнемі білім деңгейін жетілдіріп отыруды талап етеді.
Эльвира Казбекқызы БЕЙСЕМБАЕВА,
№2 арнайы мектептің мұғалім- логопеді,
Нұр-Сұлтан қаласы