Карантин кезінде отбасы берекесін сақтап, баламен қалай тіл табысу керек?

ҚР Кәсіподатар Федерациясының оқыту, зерттеу және дауларды шешу орталығы Нұр-Сұлтан қалалық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен отбасылық берекенің сақталуы мен балалармен қарым-қатынас ережелерін талқылауға арналған онлайн кеңес өткізді,  – деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. Кәсіби медиатор Әсел Молдағалиева мен психолог Гүлсім Итолина тәжірибелік кеңестерімен бөлісті.

Кездесу модераторы – орталық директоры Нұрлан Досымов. Психолог Гүлсім Итолина айтқандай, карантин кезінде тек бір-біріне қолдау көрсетіп қана қоймай, өзін-өзі бақылауды да жүзеге асыру керек. Өйткені өзін-өзі оқшаулау қиын кезең ғана емес, балаға көбірек көңіл бөлуге жақсы мүмкіндік. – Балаларды ренжітпей, жазаламай, керісінше көбірек ынталандырған дұрыс. Сонымен қатар белгілі бір ережелер, күн тәртібі өте маңызды. Оны балада қызығушылық пайда болатындай етіп құрастырған жөн. Балалар балабақшаға немесе мектепке бармаса да, күн тәртібі қажет. Егер өзін-өзі тәрбиелеу болса, онда баланың да, ата-ананың да жүйкесі сыр бермейді, – дейді Г. Итолина. Оның айтуынша, балалармен таңертең 11-ге дейін, сондай-ақ түскі ұйқыдан соң және кешкі уақытта серуендеген дұрыс. Сонымен қатар кәсіби психолог балаларды гаджеттерден қалай ажыратуға болады деген сұраққа жауап берді. – Сіз әрқашан гаджеттерге балама таба аласыз. Мысалы, танымдық ойындар – шахмат, домино. Қыз балаға тігін, сурет салумен айналысуға болады. Жасөспірімдерді қозғалыс ойындарына баулып, кітапқа деген қызығушылығын ояту пайдалы. Олар сонымен қатар әртүрлі кейіпкерлерді, комикстерді жақсы көреді. Қазір біздің дүкендерімізде таңдау өте үлкен. Сондықтан бұл онша қиын болмауы керек. Ең бастысы, балалар – ең жақсы психологтар. Сол себепті ата-ана ең алдымен өздерін тәрбиелеуі керек, – деп қорытындылады Г. Итолина.

Медиатор Әсел Молдағұлова оқшаулану кезеңі өзін-өзі дамыту үшін жақсы мүмкіндік екенін атап өтті. – Ойындар, бірлескен іс-шаралар, өздігінен білім алу үшін көптеген сәттерді жоспарлау керек. Түймедейді түйедей етуге болмайды. Мен әрқашан жас отау иелеріне ата-анаға қоңырау шалмас бұрын онға дейін санау керегін айтамын. Осы уақыт ішінде жағдайға байыппен қарауыңыз қажет. Ажырасуға келген жас отбасыларға парақты екіге бөліп беріп, бір-бірінің барлық жақсы және жағымсыз жақтарын жазып берулерін сұраймын. Үнемі жақсы қасиеттері басым түседі. Сонымен қатар сотқа келгенде жұбыңызды таңдаған сот емес, өзіңіз екенін естен шығармау керек. Жұбайыңыз – болмысыңыздың айнасы, – деді Ә. Молдағұлова. Тікелей эфирді ҚРКФ оқу орталығының Facebook парақшасынан көруге болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шараларды өткізу азаматтардың құқықтық сауатын арттырып, дауларды татуластыру рәсімдері арқылы шешуге ықпал етеді.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий