Шымкентте қашықтан оқытуда балаларға 23 мың компьютер береміз, – Жанат Тəжиева
Шымкент қалалық Білім басқармасының басшысы Жанат Тəжиевамен сұхбаттасып, көкейдегі біраз сакуалдарға жауап алған едік, – деп жазады республикалық “БАҚ.кз” ақпараттық сайты. Жанат Арысбекқызы, алдағы оқу жылы Шымкентте қалай басталмақ? – Шымкент қаласында мектепке дейінгі білім беру, орта білім беру жəне кəсіптік арнаулы білім беретін колледждерді қосқанда жалпы саны 745-тен асып жығылады. Мұндағы тəрбиеленуші, білім алушылардың саны – 320 мың. Қазір коронавирус пандемиясына байланысты балаларымыз бен педагогтеріміздің денсаулығы маңызды.
Сондықтан да күзде қашықтан оқу жүйесінде жұмыс басталады. Дегенмен де қазір ата-аналарды да, мұғалімдерді де бірінші сынып оқушыларының мəселесі алаңдатып отыр. Егер күзге дейін ахуал жақсарып жатса, бірінші сыныптар мектепте ашылып, арнайы санитарлық талаптарды сақтап жəне бас санитардың келісімін алып, бірінші сынып оқушыларын бес сабақ күн ішінде 15 баламен шектей отырып, мұғалімдермен бірге балаларды мектепке машықтандыру жұмысын жалғастырамыз. Алайда бұл да еліміздегі жағдайға байланысты болмақ. Қыркүйек айындағы жағдайға қараймыз. Егер жақсарып жатса, кезең-кезеңімен кəдімгі машықтанған оқу үлгімізге көшеміз. Енді дəл қазіргі жағдайда айтар болсақ, қашықтан оқу жүйесімен тоқтап тұрған жағдайымыз бар.
Бірінші сыныпқа баратын баланың құжатын электронды қабылдайды. – Биыл бірінші сынып оқитын балалардың құжатын қабылдау электронды түрде жүргізіліп жатыр. Шымкентте электронды түрде құжат қабылдаудың қандай тəсілдері бар? – Иə, биыл бірінші сыныпқа балаларды электрондық түрде қабылданатынын айтқым келеді. Биыл 25 300-ден астам бала 1-сыныпқа статистикалық талапқа сəйкес келеді. Қазіргі күнге дейін 10 882 баланы электронды түрде қабылданды. Ата-аналарға айтарым: биыл пандемия жағдайын ескере отырып, электронды форматта құжат қабылдап жатырмыз. Сіз балаңызды 1-сыныпқа қабылдатқыңыз келсе, екі жағдайда балаңыздың құжаттарын электронды жағдайда өткізе аласыз. Оның біріншісі egov.kz сайтынан үйіңізде отырып, мобилді телефоныңыз арқылы құжат өткізуіңізге болады. Егер egov.kz арқылы тапсыра алмасаңыз, əрбір ұйымда арнайы электронды құжаттар қабылдайтын бұрыштар дайындалған. Сол жерде интернетке қосылған компьютер тұр. Келіп құжаттарыңызды электронды форматта тапсыра аласыз. Егер сіз egov.kz арқылы тапсыруға қиналатын болсаңыз, білім басқармасының сайтында Sakura деген бағдарлама бар.
Бұл бағдарлама да бұрыннан бар жүйе. Бірінші сыныпқа бала қабылдау форматындағы дүние. Осы бағдарлама арқылы құжаттарыңызды электронды түрде жібере аласыз. Мүлдем электронды форматта жібере алмайтын болсаңыз, білім ұйымдарындағы арнайы интернетпен жабдықталған бұрыш бар. Сол бұрышқа барып, құжатыңызды тапсыруға болады. Осы тұста айта кетейін, биыл бірінші сыныпқа баратын балалар үшін денсаулық парағын қажет етпейміз. Ешбір баланың денсаулығы жөніндегі құжаттамаларды алмаймыз. Сондай-ақ тұрғылықты мекенжайы туралы құжаттарды да сұрамаймыз. Мектепке бірінші сыныпқа 5,6 жəне 7 жастағы балалар қабылданады.
Егер ата-анасы баласын осы жастардан кейін де мектепке беремін десе, онда бұл да өз еркі. Барлық мектептің балалары үшін биыл мектеп формасы қажет емес. Егер қазан айынан бастап жағдай жақсарып, кəдімгідей балалар мектепке барып оқитын болса да биыл мектеп формасын сақтамаймыз. Киім түсіне де көңіл бөлмейміз. Бала ата-анасының киімін киіп, білім ұйымдарында білім алады. Бұл жағдайдың барлығы үкіметтен қаралып отыр. Ең бастысы – ата-ананың мүмкіндігіне баса назар аударамыз. Балаларға ақ көйлек, кроссовка сияқты киімдерді алып беру міндет емес.
Кезекші сыныптар ашу жоспарымыз бар. – Алғаш мектеп табалдырығын аттап, бірінші сыныпқа баратын, бесінші сыныпқа баратын балаларға қашықтан оқыту қиын тигелі тұр. Мұны реттеудің қандай да бір шешімдері ойластырылған ба? – Бірінші сынып оқушылары алғаш мектеп табалдырығын аттап жатса, бесінші сынып оқушылары бұрынғыдай бір апай емес, əр пəн бойынша түрлі ұстаздан білім алады. Сондықтан да кезекші сыныптарды ашу мəселесі ойластырылып отыр. Балаларды санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, жүргізуді басшылыққа аламыз.
Сондықтан бірінші жəне бесінші сыныптарды қадағалаймыз. 11-сыныптар үшін 9 ай уақытымыз бар. Сондықтан олармен қашықтан оқыту жүргіземіз. 11-сынып үшін қашықтан оқыту өте ыңғайлы. Олар – ересек. Үлкен балалар. Біздің жағдайымызды дұрыс түсінеді. Ең бастысы – қашықтан оқытуды сапалы ұйымдастыруды қолға аламыз. 4-тоқстанда көптеген олқылық болмады емес, болды. Енді осы бірінші тоқсанда бұрынғы кеткен кемшіліктерімізді ескере отырып, жұмыс жасаймыз.
Қырық мың балаға оқу жабдығы бойынша көмек керек. – Қашықтан оқытудың бір кедергісі – баланың оқу жабдығы. Үйдегі баланың интернеті, компьютері не смартфон-планшеті болуы қажет. Шымкентте осы жабдығы жоқ балалар саны қанша, олардың мəселесін қалай шешесіздер? – Шымкентте 40 мыңнан астам балаға осы тұрғыда көмек керек. Біздің білім ұяларында бар-жоғы 12 мыңнан астам компьютер бар. Жалпы айтар болсам, бұған дейін Шымкент қалалық білім басқармасында 12971 компьютер болған. Соның 3876-сы жарамсыз болып шықты. Ескірген жəне пайдалануға келмейді. Арасындағы жарамдысы – 9226. Сондықтан біз шілде айында 10975 компьютерді тағы да алдық. Енді білесіздер, балалар мектепке келмегендіктен бір мезеттік ыстық тамақты ішкен жоқ.
Сол үнемделген қаржыға тағы да 4800 компьютер алғалы отырмыз. Нəтижесінде біздегі барлық компьютер саны 22000-нан асады. Біз зерттеу жүргізу барысында, 42300 балаға қазіргі таңда көмек керек екенін анықтадық. Біз сол балаларға мектептің компьютерін уақытша беруді жəне компьютер мен интернет жұмысын қамтамасыз етуді жоспарладық. Білім ұясындағы 23 мыңнан астам компьютерімізді көмекке мұқтаж балаларға жағдайларына қарай категорияға бөліп, береміз. Бірінші кезекте жетім, жартылай жетім, көпбалалы отбасылардың балаларына, екіншіден, мүмкіндігі шектеулі балаларға, аз қамтамасыз етілген балаларға жəне көпбалалы отбасылардың балаларына осы мектептегі компьютерлерді бала санына қарай, мектептегі сынып жетекшілері мен мектеп басшылары жағдайды зерделей отырып, уақытша компьютермен қамтамасыз етуге жəне интернет беру мəселесін жоспарлап отырмыз.
Осы тұста ата-аналарға айта кетейін, бұған қатысты мəселені анықтап білігіңіз келсе, басшылықпен немесе сынып жетекшісімен байланысқа шығып, өзіңіздің білім ұйымыңызбен хабарласып, мəселенің мəн-жайын анықтап, сауалдарыңызға жауап ала аласыз. Бізде тек балалар ғана емес ұстаздарымызға да көмек керек. Көмек керек ұстаздарымыздың да есебі ала отырып, жергілікті кəсіподақ немесе демеушілердің тарапынан ұстаздарымызды да компьютер жəне интернетпен қамтамасыз еткелі отырмыз. Қашықтан оқу басталғанда 4-тоқсандағы жағдай аса жақсы өтті деп айта алмаймын. Мұны білім министрі де атап өтті. Дегенмен де қыркүйек айына осы бастан дайындық шараларын жүргізіп жатырмыз.
Əрбір баланың, ата-ананың, əрбір сыныптың, əрбір мұғалімнің жеке-жеке балаларды қашықтан оқыту мүмкіндігінде қандай деңгейге жететіні жөнінде толығымен сараптама жұмысы жүргізіліп, қазір осы жұмысты нақты арнайы алгоритммен жұмыс жоспарлары құрылып, дайындық жұмыстары жүргізілуде. Енді 1 тамыздан əрбір мектептің бірінші басшысының өзі əрбір сынып ата-аналарымен жеке-жеке ата-аналар жиналысын өткізіп, олардың қажеттіліктерін, білім ұйымдарында қашықтан оқыту қалай ұйымдастырылатыны жөнінде нақты толығымен түсіндірме жұмыстарын бастаймыз.
Əр балаға 30 мың теңге беріледі. – Аз қамтылған отбасының балаларына берілетін көмек өзгере ме? Мектеп формасы талап етілмейді, қашықтан оқыту басталады. Осыған байланысты оларға берілер көмек түрінде қандай өзгеріс болмақ? – Биыл осындай жағдай болып жатқандықтан Шымкент қаласы əкімдігі тарапынан білім ұйымдарына көп күрделі жөндеу жұмыстары яғни, парталарды алу, бейнебақылауларды орнату сияқты жөндеу жұмыстары жасалған. Балалардың дұрыс білім алуына жағдай жасалды. Дегенмен, қашықтан оқу барысында қазір демалыс кезі болғанмен кез келген оқу орнының ұжымы, ол колледж болсын, ол мектеп болсын қашықтан оқытуға дайындық жұмысын жүргізудеміз.
Бірінші кезекте аз қамылған отбасы балаларын, соның ішінде үкіметтің N61 қаулысына сəйкес бірінші кезекте əлеуметтік бір мезеттік көмек алатын тізімге енген балаларды, аз қамтамасыз етілген балаларды, жетім, жартылай жетім жəне көп балалы отбасылардың балалары, күнкөріс деңгейі төмен отбасының балалары туралы мəлімет жинақтап отырмыз. Дəл осы санаттағы балаларға бір мезеттік көмек беру мəселесі басшылыққа алынып отыр. Біз тамыз айында үкіметтің қаулысына сəйкес 30 мың теңгелік көмек береміз. 30 мың теңге əр балаға беріледі. Ата-анаға айтарым, егер құжаттарыңыз толық болса, тамыз айының 20-25 тері аралығында біз жеке шот ашамыз. Қаржы сол шотқа түседі.
Бұл жаңа оқу жылына дайындық есебінеде берілетін көмек. Тамыз айының ортасында беріледі. Сондықтан жоғарыда айтақан санатқа жататын адамдар сол санатқа жататынын анықтайтын құжаттарды білім ұяларына өткізуі керек. Ол 30 мың теңгелік көмек бірінші кезекте жазу-сызу құралдары жəне мектепке форма үшін бағытталған қаржы.
Жекеменшік мектепте оқитын балаларға қаржылай көмек беріле ме? – Бір айта кетерлігі – қаржылай көмек жекеменшік мектептерде қарастырылмаған. Бұл – тек мемлекеттік білім ұяларында жасалатын көмек. Тағы түсіндіріп өтейін, қаржылай көмек 6 жасқа толған жəне 18 жасқа дейінгі балаларға беріледі. Егер сіздің балаңыз 1-қыркүйекке дейін 6-ға толмаған болса, онда ол көмек берілмейді. Себебі, 6-жасқа дейінгілерге азық-түлік беріліп жатыр. 6-дан асқан балаларға 30 мың теңгелік бір жолғы көмек беріледі. Бұл бала басына беріледі. Соны əрбір ата-ана дұрыс түсінсе екен.
Биыл Шымкентте 9 мектеп пайдалануға беріледі. – Шымкентте адам санының өсімі де, бала туу көрсеткіші де əрдайым жоғары. Мектеп тапшылығы, орын саны жетіспей жатады. Енді оқу жылы қашықтан басталса да, кейін келе-келе пандемия аяқталып, балалар мектепке оралады. Жаңадан пайдалануға берілетін мектептер, орын тапшылығы мəселесін шешу үшін не атқырылып жатыр? – Білім саласында мектеп құрылысына жоспар деген болады. Шымкент қаласында жыл сайын кемінде 12,5 мың бала саны өсімі бар. Қазір бірінші сыныпқа 25-26 мың бала келсе, 11-сыныпты бітіретін бала саны 8,5-9 мыңды көрсетеді. Мұндағы айырмашылық екі есе. Осы бағытта мектеп салу жоспарланған. Биыл жыл соңына дейін жоспарланған 47 мектептен 9 нысанның құрылысы пайдалануға беріледі. 9 нысанның төртеуі қыркүйек айында бітеді.
Бесеуі жыл соңына дейін аяқталады. Бұдан бөлек мектептерде күрделі жөндеу жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Биыл 15 мекемеге ерекше көңіл бөлініп күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 17 мекемеге қосымша спорт алаңшалары салынды. Мектептегі 18 мыңнан астам ескі парталардың орнына жаңа парталар беріліп жатыр. Балалардың өмір қауіпсіздігін сақтайтын бейнебақылау камералары қойылуда. Жылыту маусымына қатысты қатты отын мен сұйық отын қажетті мектептерге тасымалданып жатыр. Осылайша жаңа оқу жылына дайындық шаралары жүргізілуде. Жалпы Шымкент қаласында 19 үш ауысымды мектеп жəне 2 апатты мектеп болған. Салынып жатқан жаңа құрылыстың есебінен 19 мектептің саны 15-ке кемиді. Екі апатты мектептің біреуі қыркүйек айында толығымен пайдалануға беріледі.
Үш аусымды мектептердің жағдайы 2024 жылы толығымен шешімін табады. “Осы 19 мектеп саны бес мектепке азайып, жаңа мектептерге 9 нысан құрылыс пайдалануға берілді” дегенде адамдар осы 9 нысанның барлығына мұғалім қажет деп ойлайды. Шындығында бұлай емес. Мысалы Самалдағы N87 мектепті алайық. Қазір сол жерде 5,5 мың балаға 380-нен астам мұғалім сабақ береді. Екі мектеп Самалдан салынып жатыр. Ертең балалар сол мектептерге бөлінеді. 1200 орынды баланы қалдырады да қалған балаларды Самал-3 мөлтекауданындағы 2 мектепке бөлеміз. Олар мұғалімдерімен бірге бөлінеді. Содан қалған бос орындарға ғана басқа ұстаздарды жұмысқа қабылдаймыз. Биыл бір ғана Шымкентте қосымша 13 құрылыс салынып отыр. Соның есебінен 7020 оқушы орны артық салынуда. Сондықтан да балалары көп мектептерге биыл шектеулер қойдық. Тек шағынауданы бойынша ғана қабылдау жұмысы басшылыққа алынды. Сол жердегі мектептерде бір сыныпқа бала саны 40-тан асып кетіп жатады. Бұл қазіргі жағдайда ешқандай санитарлық талапқа сай келмейді. Сондықтан бала саны шектен тыс көп мектептердің қосымша бала қабылдауына қатаң тыйым салынды. Небəрі 3 немесе 4 сыныптан артық сынып ашылмау керек.
Ақша сұраса, 1414-ке хабарласыңыз. – Жаңа мектеп ашылып, саны көбейсе, жаңа жұмыс орындары да пайда болады. Осы тұста Шымкентте мұғалімдерді жұмысқа қабылдау процесі қалай жүргізіледі? – Білім басқармасының басшысы ретінде мұғалімдерді қабылдау жүйесін басшылыққа алып отырмын. Бұл цифрландыру жүйесі, əңгімелесу арқылы ашық түрде ашық трансляцияны қоса отырып, мұғалімдерді іріктеу жұмысын жүргізетін боламын. Қазір мектеп басшылары демалыста болғандықтан ол жұмыс тамыз айынан кейін ашық трансляциямен онлайн түрде қабылдауды бастаймыз. Мектепте заң бойынша директорлар жұмысқа қабылдайды. Ол да арнайы трансляциямен онлайн қабылдай алады. Құжат тапсырушы маман электронды форматта тапсырады. Содан кейін сізге арнайы хабарлама келеді. Арнайы комиссия сұрақ қояды, сол сұрақтарға жауап беруіңізге сай сол орынға лайықтысыз ба, жоқ па соған сай шешім шығарылады. Осылайша мектеп директорына ұсынады.
Мектеп директоры ұсынған адамдардың ішінен ең жақсысын қабылдауға міндетті. Егер сізден жұмысқа орналсқаннан кейін де немесе басқа себептермен қаржы сұрайтын болса, бізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментінің жанында Адалдық алаңы деген жобалық кеңсе жұмыс атқаруады. 1414-ке хабарласып, осындай жағдайлар бойынша хабар бере аласыз. Егер сіз осындай жағдайларды хабарлай алсаңыз сізге сыйақы да төленеді. Білім басшысы ретінде маған да хабарлаудың қажеті жоқ. Құзырлы органдарға хабарласаңыз жеткілікті.
– Қазір мектеп мұғалімдері еңбек демалысында. Олар биыл жұмысқа қашан түседі? – Мектеп мұғалімдері тамыз айынан бастап демалыстан жұмысқа түсе бастайды. Олардың айлық жалақылары толық сақталады. Оларға тамыз айынан бастап қашықтан білім берудің əдіс-тəсілдері білімін жетілдіру жұмыстары, жаңартылған білім бағдарламасы аясында білім беру деңгейін қалыптастыруы, цифрландыру жағдайындағы білім берудің ерекшеліктері мен өзгешеліктері туралы онлайн сабақтар ұйымдастырылады. Бұл жөнінде 45 сағаттық арнайы мұғалімдерді оқыту жұмысын дайындап отырмыз. Тамыздан бастап онлайн режимінде білім жетілдіру жұмыстары қадағаланады.
Пандемияға байланысты мұғалімдер аттестациясы тоқтатылды. – Қашықтан оқытуға байланысты мұғалімдерді тестілеудің өткізуде нендей өзгеріс бар? – Пандемия жағдайына байланысты бұл аттестациядан өту уақытша тоқтатылды. Сонымен қатар мектептің, балабақшаның, колледждің бірінші басшылары арасында арнайы тестілеу жұмыстары басталады. Тестке қатысқан жағдайда олар білім деңгейлерін дəлелдегеніне қарай айлық жалақы алады. Егер бірінші басылар тестілеуден өте алмай қалған жағдайда екінші рет ақылы тестілеуден өтеді.
Ақылы тестілеуде де білімін дəлелдей алмай қалса, орындарын босатуға тура келеді. Ал мұғалімдердің айлығы жыл сайын 25 пайызға өсіп жатыр. Қаңтар айында тағы да 25 пайызға өседі. Одан бөлек өз білімін дəлелдейтін тестілеуден өтсе 40-50 пайызға дейін тағы да өсіруге мүмкіндігі бар. Өзі үздік шығармалармен, ғылыми жұмыстармен айналысқан жəне магистрант болған жағдайда тағы да айлық жалақысы өседі. Осылайша үкімет тарапынан ұстаз мəртебесін көтеруге өте көп көңіл бөлінген.
– Шымкенттегі мектептерде дайындық сыныптары жоқтың қасы. Келешекте бұл мəселе шешуді қажет ете ме? – Шымкент қаласында дайындық сыныптары бар мектептеріміз өте аз. Себебі, дайындық топтары балабақшаларда да жұмыс істейді. Дайындық сыныптарын оқытуға мүмкіндігі бар Шымкент қаласында небəрі 31 мектеп бар. Енді қашықтан білім алу кезінде дайындық сынып балаларын сапалы біліммен қамтамасыз ете аламыз деп айта алмаймын. Біз бірінші сынып оқушыларын сапалы біліммен қамтамасыз етуді басты жоспарға қойдық. Сондықтан балалар дайындық сыныптарын балабақшада оқытуға ұсыныс айтқым келеді. Əрине бұл да жағдайға байланысты. Жаңа оқу жылына дейін бір жарым айға жуық уақыт бар. Егер мектептер ашылып жатса, əрине дайындық сыныптарын да ашамыз.
Балабақшалардың ашылу-ашылмауы əзірге белгісіз. – Үлкен бір мəселе – балабақшалар жұмысы. Көптеген ата-ана мектеп жасына дейінгі баласын балабақшаға беріп, басқа шаруасын атқарады. Биыл балабақшалар ашыла ма? Ондағы тəрбиешілердің айлығы не болмақ Жекеменшік балабақша тəрбиешілері 42500 теңге алып айлықтары қысқарып жатқандары бар. Олардың айлығы сақталмай ма? – Күзде балабақшаның ашылу ашылмауы біраз адамды алаңдатып отыр. Бірақ ол кезде ауа райы салқындайтыны анық. Сондықтан əзірге нақты ештеңе айта алмаймыз. Сол кедегі жағдайға қарай анықталады. Біріншіден бұл жекеменшік балбақшаның алып отырған мемлекеттік тапсырысына байланысты. Кейбір жекеменшік балабақшалар 100 пайыз мемлекеттік тапсырыс алса, енді кейбірі 50 пайыз мемлекеттік тапсырыс алады.
Кейбірі тіпті 40 пайыз ғана алады. Қалғандары ата-аналардың жасаған төлемінің есебінен бала қабылдап отыр. Жекеменшік балабақшаларға қаржы төлеу мəселесі сол жан басына беріп отырған қаржының есебі негізінен жүргізіледі. Бұл мемлекеттік балабақша болып табылмаған соң жекеменшік иесі дұрыс шешім қабылдауы тиіс. Ал бұл мəселені сіз толық шешкіңіз келсе Шымкент қалалық білім басқармасының блогына жазуларыңызды сұранам. Біз жағдайды анықтап, зерделеп нəтиже шығарып, нақты жауап бере аламыз.
– Жауабыңызға рахмет!
Загрузка...