Солтүстік Қазақстан: Жаңа оқу жылында 315 жас мұғалім жұмысқа орналасады
Солтүстік Қазақстан облысы білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметі бойынша сыныптағы оқушы саны 3-20-дан аспайтын шағын мектептер қыркүйекте 14 мың балаға есігін айқара ашпақ. – Алайда ауыл мектептері санитарлық талапты қатаң сақтауы қажет. Тиісті қаржыны үнемдеудің нәтижесінде маскалар, антисептиктер, дозаторлар, тепловизорлар мен қорғаныс құралдарын алып қою керек. Қазір оқушылардың денсаулығы маңыздырақ. Қажетті емес шығындарды қысқарту керек, – деді аймақ жетекшісі Құмар Ақсақалов жергілікті сала басшыларымен кездесу кезінде.
Жаңа оқу жылына аймақтағы дайындықтар пысықталған жиында аудан әкімдеріне мектептерді қашықтан оқуға қажетті интернетпен қамтамасыз ету тапсырылды. Қосымша компьютер де алынбақ. Осы кезге дейін оның 580-і таратылса, тағы мыңға жуығы алдағы уақытта әкелінетіндігі белгілі болды. Өңір басшысы компьютері жоқ әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасылардың тізімін жасап, оқушыларды барлық керек жарақпен қамтамасыз ету қажеттілігін тапсырды. Биыл мектептердің автопаркі де жаңартылмақ. Бүгінде білім ордаларына 24 шағын автобус берілсе, оқу жылының басына дейін тағы он тоғызы таратылмақ. Бұдан басқа мектептер бейнебақылау жүйесімен толық қамтылмақшы. Осыған орай бюджеттен 259 миллион теңге бөлініпті. Сонымен қатар сыныптардағы жиһаз да жаңартылып, спорттық құрал-жабдықтар сатып алынады.
Маман жетіспеушілігі мәселесі де толықтай шешілуге жақын. Соңғы үш жылда өңірге 1390 педагог келсе, биыл тағы 315 мұғалім білім беру мекемелеріне жұмысқа орналасатындығы күтілуде. Әкімдік отырысында ұлттық бірыңғай тестілеуге биыл өңір түлектерінің 71 пайыздан астамы қатысып, республикадағы орташа көрсеткіштен жоғары ұпай жинағаны айтылды. Оқушылардың төртінші тоқсанда қашықтан білім алғанын ескерсек, түлектердің жақсы нәтиже көрсетуі сапалы білім берілгенін айғақтайды. Алдағы жаңа оқу жылы да қашықтан басталатындықтан, оған дайындықты тіпті тиянақты жүргізуді талап етуде.
Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімованың айтуынша шалғай ауылдардағы шағын мектептерде білім алатын 14 мыңнан астам оқушы әдеттегідей, ал қалғандары қашықтан оқитындығы көзделген. Құзырлы орындармен ортақ мақсаттағы жүйелі жұмыстарды жүргізудің нәтижесінде сапалы интернетпен қамтамасыз ету мәселесі шешілуде. Соңғы бес жылда үш мыңнан астам компьютер сатып алынғанымен, әлі де тозығы жеткен төрт мыңдайын ауыстыру қажет. Алдын-ала жасалған есепке сүйенсек жаңа оқу жылы басталғанға дейін білім беру ұйымдары 11 мыңнан астам оқушыны компьютермен қамтамасыз етуі тиіс.
Өкінішке қарай, аудандардың барлығы бірдей үнемделген қаржыға компьютер алуға ниет танытпай отыр. Ақжар ауданына 197 компьютер қажет болғанымен, жергілікті әкімдікте бөлер қаржы жоқ. Өңір басшысы бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовке бұл мәселені бақылауда ұстауды тапсырып, аудан әкімдеріне облыстық бюджетке ғана иек артпау қажеттігін ескертті. Мұғалімдерді компьютермен қамтамасыз етудегі шығынның елу пайызын салалық кәсіподақ төлеуге ниеттеніп отыр. Себебі, педагогтерді жаз айларында санаторийге жіберу үшін алынған жолдамаларға тиесілі қаржы жұмсалмаған күйі тұр. Өңір мектептерінің көбі интернетке қосылғанымен, Айыртау, Уәлиханов және Жамбыл аудандарындағы бірқатар елді мекендер бұл техникалық мүмкіндіктің игілігін көре алмай отыр.
Маңызды мәселені шешу үшін тиісті компаниялармен келіссөздер жүргізіп, жыл аяғына дейін жетпістен астам ауылды жаһандық желіге қосу жоспарлапты. Білім беретін оқу орындарында санитарлық талаптарды қатаң сақтау үшін үнемделген тамақ пен коммуналдық қызмет ақысы есебінен 800-ден астам тепловизор және өзге де керек-жарақ сатып алынбақ. Сондай-ақ, мұғалім мен оқушының денсаулығына қауіп төндірмеу үшін бұл елді мекендерге кіріп-шығуға шектеу қойылады. Соңғы жылдары аймақтағы мектеп оқушыларының саны артуда. Сол себепті жаңа мектептер салып қана қоймай, жұмыс істеп тұрғандарын уақтылы жөндеу де қарқынды жүргізілуде.
Загрузка...