Абайды оқыту – Абайды тану

Абай тақырыбы – мәңгілік тақырып. Абай тақырыбы – таусылмайтын телегей теңіз. Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары. Абайды тану, бағалау, насихаттау, оқыту – қай уақытта да мұғалімдердің ой-санасында тың серпілістер туғызып, мақсаткерлікке жұмылдыратын. Заман, уақыт талабына орай Абайды жаңа қырынан тану, ғылыми тұрғыдан тың байламдар жасалуы – заңдылық.

Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: – Абай-қазақ халқының рухани қазынасына өлшеусіз үлес қосқан ғұлама ғана емес, сонымен қатар ол қазақ халқының ел болуына ұлан-ғайыр еңбек еткен данагер. Абай-әлемдік деңгейдегі ойшылдардың қатарындағы ғажайып тұлға»,-деген болатын. Елімізде хакім, ұлы ойшыл, реформатор Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өтуге қатысты іс-шараларға дайындық 2019 жылдан басталып кетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мерейтойға қатысты: «Тарихи датаны ақыл-парасатпен, салиқалы деңгейде өткізуге баса мән беру керек. Негізгі мақсат – дана Абайдың тағылымын жастардың санасына сіңіру, ұлы тұлғаның ой-толғамдарын кеңінен дәріптеу», – деп Үкіметке Абайдың мерейтойына қажетті іс-шаралар әзірлеуді тапсырған еді.

Осы бастаманы басшылыққа алып “Өрлеу” БАҰО АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты облыс көлемінде мерейтой аясында атқарылатын іс-шараларды жоспарлады. Ең басты мақсат – Абайды тану – қазақты тану болса, бұл таным мектеп қабырғасында қалануы тиіс. Абайтану – қазақ әдебиеттану ғылымының ең көп зерттелген саласының бірі. Жүз жылдан астам тарихы бар Абай мұрасының зерттелу тарихына көз жіберсек, баспасөзде ресми түрде 1889 жылдан басталып, бүгінде қазақ мәдениетінің, ғылымының дәстүрлі, тамырын тереңге жайған үлкен саласына айналды.

Жалпы орта білім беретін мектептерде ұлттық мұраларымызды пәндердің мазмұнына оңтайлы ендіре отырып, болашақ ұрпақтың бойына сіңіру бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып табылады. Мектептегі қазақ әдебиеті пәні осы келелі мәселені шешетін негізгі пәндердің бірі. Өйткені пәннің негізгі өзегі – ұлттық құндылықтарымыз болып табылатын көркем шығармалар. Ал әдебиеттегі басты құндылығымыз Абай шығармалары екені даусыз. Ұзақ жылдар бойы қазақ әдебиеті ғана арқылы шешімін тауып келе жатқан осы мәселе еліміздің білім беру ұйымдарына таңдау пәні ретінде міндетті оқыту үшін енгізілген «Абайтану» курсы арқылы Абай мұраларын кеңірек қарастыруға мүмкіндік туғызып отырғаны қуанышты.

Абайды бірден түсініп кету оңай емес. Ол туралы абайтанушы-ғалым Ғарифолла Есім: – “Абай шығармаларын бір рет қана оқып қоймақ түгілі, тіптен оның шығармаларын жаттап алу да аз, мәселе, оны түсінуде. Абай адам санасы кемелденіп, толысқан сайын түсінікті бола бастайды. Әр ұрпақ Абайдан өз түсінігін табады…” – деп пайымдайды. Осы тұжырымға сай мектепте Абай туындыларын оқытудың әдістемесін дамыту және тиімді әдістерді таңдау пән мұғалімдері үшін маңызды мәселе. Педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру бағытында курстан кейінгі қолдау аясында пән мұғалімдерінің кәсіби шеберлігін шыңдауға жағымды орта қалыптастыру – аймақтағы біліктілік арттыру институты басымдықтарының бірі. Осы бағытта инновациялық білім беру және ақпараттық технологиялар кафедрасының филологтары мұғалімдердің он-лайн тәртібінде белсенділігін арттыру үшін бірқатар іс-шаралар ұйымдастырды.

Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай Жамбыл – Өрлеу филиалының ұйымдастыруымен 2020 жылдың ақпан-сәуір аралығында “Абайды оқы, таңырқа!” кейс-баттл форматындағы байқауы өтті. Байқаудың мақсаты Абай Құнанбаев шығармаларын меңгертудің қазіргі жағдайын анықтау және озық оқыту әдістемені насихаттау, тәжірибе алмасу болатын. Кейс-баттл форматындағы байқауды алғашқы рет ұйымдастырып отырмыз. Кейс-баттл мұғалімдердің шығармашылығын көрсетуге, бірегей ойлау әрекетін танытуға мүмкіндік беретін формат.

Байқау өз мақсатына сай өтті: кейс-баттл жарияланған әлеуметтік желідегі парақшаға қатысушылар өз тәжірибесіндегі үздік әдістерін жазып отырды. Іс-шараның бірегей форматта және филиалдың әлеуметтік парақшалары арқылы өтуі мұғалімдер үшін жаңаша әрі қызықты болды. Кейс-баттлдың барысы модератор тарапынан бақыланып, қорытындысы шығарылды. Байқауға 184 мұғалім қатысып, үздік әдістемелерін ұсынған он мұғалімге дипломдар табысталды. Қатысушылар Абай туындыларын мектеп бағдарламасына сай оқыту әдістемесімен, үздік идеяларымен облыс көлемінде бөлісуге мүмкіндік алды.

Сағадат Мейрамбайқызы ҚАРЫМБАЕВА,
“Өрлеу” БАҰО АҚ филиалы Жамбыл облысы
бойынша ПҚ БАИ инновациялық білім беру
және ақпараттық технологиялар кафедрасының
аға оқытушысы, филология магистрі, Тараз қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий