Ғибратты ғұмыр: Жарқын бейнесі жүрегімізде
Дәуенов Михаил бүкіл өмірін елі мен қоғамына қызмет етуге арнады. Ұлттық қауіпсіздік органдарында жұмыс істей жүріп, ол маңызды қызметтер мен лауазыдарды атқарды, терроризмге қарсы операцияларды басқарды, Қостанай облысындағы ҰҚК департаментінің бірінші басшысы болды.
Өмір жолында еңбексүйгіштік, қоғамдық белсенділікпен ерекшеленіп, нағыз азаматтық қасиеттерге ие ірі тұлға ретінде халқымыздың құрметіне бөленіп, қызметтің ең қызықты да қиын салаларын адал және абыроймен атқарды. Жемісті еңбегі және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне қосқан үлесі үшін Михаил Түсіпұлына алғашқылардың сапында Қазақстан Республикасы ҰҚК генерал-майоры атағы берілді. Қажырлы қызметі үшін сегіз медальмен, оның ішінде «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің дамуына айтарлықтай ерекше үлес қосты. Запасқа шыққаннан кейін 2000 жылдан бастап заң факультетінің деканы болды. Оның басшылығымен облыстың барлық құқық қорғау органдарымен серіктестік қарым-қатынас бекемделіп, білім беру бағдарламалары жаңартылды. Айта кетсек, «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу негіздері» пәні жазылып, университеттің барлық мамандықтары үшін міндетті болды. «Кеден ісі» мамандығы жаңадан ұйымдастырылып, «кеден құқығы» оқу бағдарламасы жасалды.
Михаил Түсіпұлының бастамасымен 2016 жылы әскери кафедра ашылып, офицерлер қатарына екі жүзге жуық жас түлек қосылды. Танымал тұлғаның белсенді азаматтық ұстанымы бар майталман маман ретінде зейнеткерлік демалысқа шыққаннан кейін де А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ жанындағы Қоғамдық сенім кеңесінің төрағасы міндетін жауапкершілікпен жүргізуі жоғары оқу орнындағы жүйелі жұмыстардың нақты көрсеткішіне айналды.
Жайсаң жанның ғибратты ғұмыры ұлағатты әке мен абзал азаматқа тән ерекшелігімен өскелең ұрпақ үшін нағыз үлгі болып қалды. Михаил Түсіпұлының ерен еңбегінің нәтижесінде мемлекеттік, құқық қоғау органдарының басшылары мен мамандарының, заңгерлер мен адвокаттардың бірнеше буыны үлкен өмір жолына қадам басып, тәуелсіз мемлекетіміздің ілгеру дамуы мен тұрғындардың игілігі үшін қалтқысыз қызмет атқаруда.
“А.Байтұрсынов атындағы Қостанай
өңірлік университеті” КЕАҚ ұжымы