Экологиялық білім тұжырымдамасын қайта қарау керек – Балаева

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның төрағалығымен онлайн форматта “Экологиялық білім: қазақстандық қоғамда экологиялық білім беру, экологиялық мәдениет қалыптастыру” тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті. Бүгінгі күннің көкейкесті мәселесінің бірі – қоршаған ортаның тазалығын қозғаған жиында экологиялық сауаттылық мәселесіне аса мән берілді, – деп жазады осы салалық құрылымның фейсбук парақшасында.
 
– Адам ауруларының қоршаған ортадағы келеңсіз өзгерістерге тікелей немесе жанама түрде байланысты екені белгілі. Бірақ халықтың науқастануының экологиялық факторлары мен себеп-салдарларына әзірге елімізде жеткілікті деңгейде назар аударылмай отыр. Экологиялық сауатсыздықты жою халық арасында жүргізілетін маңызды мәселеге айналуы тиіс. Табиғат пен қоршаған ортаны қорғаудың жолдары жалпыхалықтық экологиялық сауатты ашу, жастарға үздіксіз білім беру нәтижесінде ғана шешіледі, – деді Балаева. Министр соңғы кезде бірегей табиғи орындарда жасалған қатігез жағдайлар табиғаттың күйреуіне әкелетінін айтты.
 
Дөңгелек үстел отырысында қоғам қайраткері Арман Хайруллин 2021 жылды «Экология жылы» деп жариялау туралы ұсыныс тастады. Қоғамда қордаланып қалған экологиялық мәселелер қызу талқыланған жиынды қорытындылаған министр А.Балаева: «Табиғат ресурстарын тиімді пайдалануды, оны қорғауды ұйымдастыру бағытында кешенді тәсіл қажет. Жердің сұлулығы мен байлығын қорғауды жан-тәнімен жақтайтын адамдар мен табиғатты кешенді пайдалану идеясын өмірге енгізу мен айналысатын мамандардың арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Өзіміз күнде көріп жүрген салақтық пен немқұрайдылық та табиғатты барынша бүлдіреді. Серуенге шыққанда немесе көкке шығып, демалып отырған жерге қалдыра салатын әр түрлі қалдықтарға көз сүрінетін болды. Сөйтіп, табиғатты бүлдіретін өзіміз.
 
Сондықтан, тек мектепте ғана емес, әрбір отбасыда экотәрбие болу керек. Адам баласы табиғат-Анасыз өмір сүре алмайды. Елді мекен маңындағы ағаштардың кесілуі, бұлақ көздері мен өзендердің ластануы, кейбір аңдар мен құстардың жойылуы, бұл – экологиялық мәселе. Бүкіл адамзат баласы болып қоршаған ортаның экологиялық тазалығына бір мезгіл көңіл бөлсе, өзіміздің Жер – Анамыздың алдындағы үлкен парыздың орындалғаны болар еді,-деді. Жиын соңында, А.Балаева бүгінгі көтерілген ортақ мәселелерді шешуге ведомстволар мен қоғамдық ұйымдардың атсалысуын үйлестіруге Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің әзір екенін мәлімдеді.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий