Қазақстан кәсіптік – техникалық білімді тегін беруді неге қолға алды?
Соңғы он жылдан бері елімізде техникалық және кәсіптік білімі бар мамандардың тапшылығы қатты сезіліп келеді. Өйткені, бұл мамандықта білім алушылардың саны осыдан бес-алты жыл бұрын күрт төмендеді. Мәселен, кәсіптік және техникалық оқу орындарында 2012 жылы 588,2 мың студент оқыса, 2016 жылы олардың саны 100 мыңға дейін азайып, 488,9 мыңды құрады. Және оқу орындары орташа есеппен жылына 5,6% студенттерін жоғалтып отырған. Яғни, 2012-2013 оқу жылына бұл мамандықтарға 204,4 мың студент қабылданса, 2016-2017 оқу жылында олардың саны 162,6 мыңға әрең жеткен. Сөйтіп, айналдырған үш жылда техникалық және кәсіптік білім алушылар қатары 41,8 мыңға азайған. Бұл көрсеткіш осылай жылдан-жылға төмендей беретін болса, еңбек нарығында жұмысшы мамандар тапшылығы күрделене түседі, – деп жазады республикалық “ҚАЗАҚ” газетінің сайты.
Сонда қайтпек керек?! Әрине, алдымен техникалық және кәсіптік білімге жастарды көптеп тарту керек. Ал, оқу ақысы қымбат қаржыгер, заңгер сияқты мамандықтар сәнге айналғанда, жастарды дәнекерлеушілікке қалай тартамыз? Мемлекет бұл мәселені шешудің жолын тапқандай болды. Айталық, 2017 жылы «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» бағдарламасы қолға алынды. Осыдан үш жыл бұрын қолданысқа енгізілген бастаманың нәтижесінде қазақстандық жастардың тегін білім алуына мүмкіндік туды. Бұл бастама арқылы университетте ақылы оқуға мүмкіндігі жоқ жастар мемлекеттің қолдауымен дипломы бар мамандық иесі атанады. Неге десеңіз, жыл сайын мектеп бітірген түлектердің 30 мыңында ақылы оқуға түсуге қалтасы көтермейді екен. Бұл – бір. Екіншіден, жұмысшы мамандар далада қалмайды, олардың «екі қолына бір күрек» табылады. Осылайша, «бір оқпен екі қоянды атып алуға» болады.
Енді «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» бағдарламасына тоқталайық. Бағдарлама екі бағыт бойынша іске асады. Біріншісі жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Тегін техникалық және кәсіптік білім техникалық, технологиялық, ауыл шаруашылық, сервис және қызмет көрсету мамандықтары бойынша беріледі. Ал, медицина, білім, өнер мамандықтары бойынша даярлық мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде жүзеге асырылады. Екіншісі – бір айдан 6 айға дейінгі курстар. Бұл Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен қаржыландырылады.
Бағдарламаға оқу орындарына түспеген, жұмыс іздеген 9-11 сынып түлектері, өмірде қиын жағдайға тап болғандар және аз қамтылған отбасы мүшелері, жұмыспен қамту орталықтарында тіркелуіне қарамастан 29 жасқа дейінгі жұмыссыз жастар және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатыса алады. Ал, бағдарламаның қатысушылары шәкіртақымен, бір реттік ыстық тамақпен, тегін жол жүру билетімен қамтамасыз етіледі. ҚР Статистика комитетінің мәліметінше, елімізде 740 кәсіптік және техникалық оқу орны бар. Онда барлығы 475,4 мың студент оқиды. 2019-2020 оқу жылына 153,1 мың студент қабылдапты. Ал, былтыр қолына дипломын алған 144,3 мың түлектің 61,4 пайызы мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан, 12 пайызы оқуын жалғастырған.
Нұр-Сұлтан қалалық Білім басқармасының мәліметінше, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға 2019-2020 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орындауға елордалық 25 оқу орны қатысқан. Оларға 4,6 мыңнан астам студентті мемлекет есебінен оқытуға орын бөлінген. Соның 225-і Дәнекерлеу ісі (түрлері бойынша) мамандығын таңдапты. Қалғандары Токарлық іс және металл өңдеу (түрлері бойынша), Электрмен қамтамасыз ету (салалар бойынша), Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, Ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану, Жиһаз өндірісі (түрлері бойынша), Тамақтандыруды ұйымдастыру, Нан пісіру, макарон және кондитерлік өндіріс, Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу, Темір жолдардың электр техникалық жүйелерін электрмен жабдықтау, пайдалану, техникалық қызмет көрсету және жөндеу, Лифт шаруашылығы және эскалаторлар (түрлері бойынша), Радиоэлектроника және байланыс (түрлері бойынша) сияқты жастар бара бермейтін мамандықтарда білім алып жатыр.
Осыдан үш жыл бұрын қабылданған «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» бағдарламасының түпкі мақсаты –2021 жылға дейін 720 мыңдай адамды тегін кәсіптік біліммен қамту. Демек, бағдарламаның аяқталуына бір жыл ғана уақыт қалды. «Балапанды күзде санайды» дегендей, бағдарламаның төрт жылда қаншалықты нәтижелі болғанына келесі жылдың күзінде көз жеткіземіз. Бір анығы, бағдарлама жұмыссыздық көрсеткішін қысқартуға, кадр тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік берді. Өкінішке қарай, электрик, сантехник сияқты мамандықтарға мұрын шүйіре қарайтын жастар аз емес. Жоғарыда айтқанымыздай, ақылы оқуға жағдайы барлар жұмысшы мамандықтарынан қашқақтап, заңгер, қаржыгер сынды мамандықтарды таңдайды, жоғары оқу орнында оқуға шамасы жоқтар күзет, такси сияқты жеңіл-желпі жұмыстарға барады. Дегенмен, еңбек адамы – экономиканың тірегі екенін ұмытуға әсте болмайды. Яғни, дипломсыз және тұрақты жұмыссыз жүрген жастар мемлекет берген бұл мүмкіндікті пайдалана алса болғаны.
Загрузка...