Білім мен ғылым – болашақтың негізі

Мұғалім еңбегі жоғары деңгейдегі ұтқырлығымен, күрделілігімен және жан-жақтылығымен ерекшеленеді. Бұл оның терең және кәсіптік білімінің, білік-дағдыларының болуын қажет етеді. Қазақстан Республикасының «Білім» туралы Заңында “Мұғалім өзінің педагогикалық шеберлігін, парасаттылығын, шығармашылық және жалпы ғылыми деңгейін үнемі жетілдіріп отыруға міндетті”, — делінген. Сонымен қатар, Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында да педагог мәртебесін көтеру мәселесі атап көрсетілген.

Назарбаев Зияткерлік мектебі жанындағы педагогикалық шеберлік орталығы мен «Өрлеу» біліктілігін арттыру ұлттық орталығы АҚ-ның филиалы Алматы облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты арқылы Талдықорған қаласының мұғалімдері біліктілігін арттырудың жаңа жүйесі бойынша білімдерін жетілдіруде. 2019-2020 оқу жылында аталған бағдарламаны іске асыру бойынша әр бағытта жұмыстар атқарылды. Қала педагогтарының кәсіби тұлғалық құзыреттілігін анықтау, кәсіби құзыреттілігін арттыру мақсатында олардың біліктілігін арттыру курстарынан, заман талабына сай тілдік курстар мен жаңартылған білім беру курстарынан өту жағдайы бойынша мониторинг жүргізілді. Жаңартылған білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда қала бойынша 1375 педагог кәсіби біліктілігін арттырды.

Оның ішінде 312 мұғалім жаңартылған бағдарлама бойынша курстан өтсе, 22 мұғалім деңгейлік курстан, 24 мұғалім «Кәсіпкерлік негіздері» элективті курсынан, жалпы біліктілік арттыру курстарынан 242 мұғалім өтті. Бағалау үшін тапсырмаларды әзірлеу және оларға сараптама жасау курсына 774 мұғалім қатысса, 1 мектеп директоры 9 айлық басшылық курсын аяқтады. Әрбір күні өзгеріске толы бүгінгі жауапты кезеңде замана көшінен қалып қоймай, уақыт талабына сай жас ұрпақты білімді етіп тәрбиелеу ұстаздарға зор жауапкершілік жүктейді. Ол мұғалімнен үздіксіз ізденуді, өз білімін жетілдіріп отыруды талап етеді.

Білім беру жүйесіндегі қашықтықтан оқыту процесін ұйымдастыру үшін педагогтың біліктілігі, оның кәсіптік даярлығы, оның тұрақты және динамикалық түрде дамитын педагогикалық ортада өз қызметін жүзеге асыруға дайындығының маңызы зор. Ағымдағы жылдың тамыз айында қаладағы білім беру ұйымдарының барлық педагогтары «Назарбаев Зияткерлік мектептері», «Педагогикалық шеберлік орталығы» әзірлеген «Қашықтықтан оқытуды үйренемін» тақырыбында онлайн курста білім алады. Курста мұғалімдер қашықтан оқытудың ерекшеліктері мен түрлерін зерттеп, онлайн-сабақтардың оқу үрдісін жоспарлауды үйренеді. Сонымен қатар ата-аналарға көмек көрсету мақсатында бұл курстар ата-аналармен де өткізіледі.

Жаз мезгілінде мұғалімдер үздіксіз қашықтан оқытуда білім сапасын бағалау, тапсырма әзірлеу, жеке пән бойынша біліктігін арттыру бойынша онлайн курстарынан өтуде. Курстан кейін мұғалімдерге қалалық оқу-әдістемелік орталығы коучингтер, тәжірибе алмасу алаңын, пікір алмасулар мен шебер сыныптар сияқты әдістемелік сүйемелдеу ұйымдастырады. Қалалық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығы тарапынан ұйымдастырылып жатқан мұндай шаралар білімді дамыту мен жаңарту мазмұны аясында және еліміздегі төтенше жағдай кезінде білім беру ісін ақсатпай, оқушыларға сапалы, қолжетімді білім беру мақсатын көздейді. Алдыға қойған мақсат — біліммен жан-жақты қаруланған, сол білімді ұрпаққа берудегі түрлі заманауи әдіс-тәсілдерді меңгерген мұғалім ата-анамен, оқушымен бірлесе еңбек етсе, бұл уақытша келген қиындықты да еңсеретініміз айқын.

Айнұр  МАМЫРБАЕВА,
Талдықорған қалалық білім беруді дамыту
оқу-әдістемелік орталығының әдіскері

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий