Жамбыл облысында жаңадан он төрт мектеп салынуда
Жамбыл облысы білім басқармасының ресми мәліметіне жүгінсек аймақта 442 жалпы білім беретін мектеп жұмыс жасайды. Қазіргі таңда 14 жаңа мектептің құрылысы және 3 білім ордасына жапсарлас ғимарат құрылысы жүргізілуде. Жамбыл ауданының Түрксіб ауылындағы 600 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталып, қыркүйек айының бірінде пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Қазіргі таңда, 42 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Келісімшарт бойынша оның 36-сы қыркүйек айына дейін, ал алтауы қазан айында аяқталады. Жөндеу жұмыстарының аясында 285 мектептің сыртта орналасқан әжетханаларын мектептің ішіне орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күн 131 мектепте жөндеу жұмыстары аяқталып, тамыз айының ортасында 154-інде басталған шарулар тәмамдалады. Тараз қаласында іргетасы 1952 жылы қаланған №4 орта мектептің жаңа ғимараты бой көтеруде. Бұл білім нысанының құрылысын жүргізуші мердігер компания “Бірлік Сервис и Ко” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Мектеп 180 оқушыға арналған.
Жаңа жоба бойынша мұнда акт залы, спорт залы, асхана, шеберханалар салынады. Айта кетерлігі, ескі ғимаратта бұл болмаған. Сондай-ақ, №2 орта мектептің орнына да жаңа оқу ошағы салынатын болды. Негізінен 318 оқушыға арналған білім нысанының ескі ғимараты бұзылды. “Талас – Құрылыс” компаниясы мердігер ретінде бұл нысанды келер жылдың басында тапсыруды жоспарлап отыр. Жаңа ғимарат асхана және мәжіліс залымен қамтылады. №16 орта мектеп үш ғимараттан тұрады. Бір ескі нысан бұзылып, орнына жаңасы салынатын болды. Ал, екінші ғимарат жөндеуді қажет етуде. Құрылыс жобасына сараптама қорытындысы дайын болған соң құрылысшылардың бірден жұмысқа кірісетіндігі белгілі болды. Үшінші ғимарат әзірге жарамды күйінде. Өңір жетекшісі жаңа салынып жатқан білім нысандарын аралау барысында мердігерлерге бекітілген құрылыс мерзімдерінің сақталуы талабын орындау қажеттілігі тапсырмасын жүктеді.
Мектеп алаңдарын абаттандыру да маңызды міндеттерінің бірі екенін ескертіп, ұстаздар ұжымы жетекшілерінің алдында тұрған бірқатар мәселелерді айрықша атап айтты. – Ең бастысы – біз балаларға жайлы және қауіпсіз жағдай жасауымыз керек. Оқушылар жаңа жабдықталған кабинеттерді көріп, марқайып қалуы тиіс. Облыста апатты жағдайдағы, үш ауысымды және орын тапшылығы бар мектептердің мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде. Сонымен қатар, бұл ретте материалдық базаға ғана емес, мұғалімдердің сабақ өту тәсілі мен сапалы білім беру жайына да айрықша назар аудару керек, – деді Бердібек Сапарбаев.
Загрузка...Ресми орындар ұсынған ақпаратқа сүйенсек, бұл облыс бойынша тозығы жеткен мектеп ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізумен қатар жаңа білім ұяларының қатарын көбейтудің маңызы зор. Облыс орталығында жаңадан бой көтерген 15-ші ықшамауданында әзірге бірде-бір білім мекемесі жоқ. Ал жаңа оқу жылы жақындап қалды. Облыстық мәслихаттың сессиясында өңір жетекшісі бұл мәселеге қатысты: – Ескі ғимараттарды жөндеумен қатар, енді бой көтеріп жатқан ықшамаудандар мен тұрғын алқаптарында жаңа мектептер салуды да басты назарда ұстауымыз қажет. Айтылған аумаққа қазіргі кезде кемінде төрт білім ұясы керек. Бұл бағытта келесі жылға қаржы алу үшін тиісті министрліктермен жүйелі жұмыс жасап жатырмыз, – деді халық қалаулыларының сауалына берген жауабында.