Мамандықтың бәрі қадірлі

Мамандықтың бәрі қадірлі. Әсіресе, жастар арасында қарапайым жұмысшы мамандықтарына қызығушылардың бар екені қуантады. Мәселен, ұста, тракторшы, механик, құрылысшы, тіпті, дәнекерлеуші сияқты ерлерге тән кәсіпті нәзік жандар да аса қызығушылықпен игеруде, – деп жазады “Основание” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сылақшысы Әсел ҚАСЕНОВА облыстық “СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН” газетінің сайтындағы мақаласында. 

Қызылжар ауданындағы Архангелка ауылында дүниеге келіп, орта білімді сол жерде алдым. Мектепті тамамдап, сын сағаты туғанда, болашағымды байланыстыратын, сүйіп орындайтын істі таңдауым керек болды. Менің таңдауым сылақшыға түсті. Сөйтіп, Петропавл құрылыс-экономикалық колледжіне оқуға түсу жөнінде шешім қабылдадым. Соңғы емтиханды тапсырып, көптен күткен дипломымды қолыма алар сәт жақындағанда “Основание” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің учаске басшылығы жұмысқа шақырды.

Жақында өзін жақсы қырынан танытқан үздік жас маман ретінде облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталғанымды еңбегімнің жемісі деп білемін. Оның үстіне, жұмысшы еңбегінің елеусіз қалмайтыны ынта-жігерімді одан бетер арттырды. Осы серіктестікте сылақшы болғаныма төрт жылға жуықтады. Жақында төртінші санатты маман атанғалы отырмын. Ұжымымыз, негізінен, нәзік жандардан тұрады. Сондықтан әрқашан бір-бірімізге қолдау көрсетіп отырамыз. Соның нәтижесінде ұжым мүшелері бір үйдің баласындай татумыз. Осыған дейін үш тұрғын үйді әрлеп-сылап, өз қолтаңбамызды қалдырдық. Әр істі тиянақты әрі ұқыпты орындауға тырысамыз.

Ал қазір облыс орталығындағы Нұрсұлтан Назарбаев көшесінің бойында бесқабатты үйдің әрлеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жоспарға сәйкес бір айда үйдің кіреберісін аяқтауымыз керек. Әр адамның жұмысқа деген ынтасы мен алға қойған мақсаты ғана оны жігерлендіреді. “Еңбектің наны – тәтті” деп бекер айтылмайды ғой. Сондықтан маңдай терімді төгіп, жақсы жұмысшылардың бірі болу үшін аянып жатқаным жоқ.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий