Карантин – білім тереңдетуге мүмкіндік
Қазіргі таңда COVID-19 вирустық инфекциясының таралуымен байланысты дүние жүзінде болып жатқан ауыр жағдай күллі адамзаттың құндылығын өзгертіп қана қоймай, білім алу, білім беру жүйесіне көптеген өзгерістер енгізді. Өмірімнің әрбір минутын тиімді пайдаланамын, өзімді және білімімді жетілдіремін, кәсіби білімімді арттырамын деген кісіге зор мүмкіндіктер ашылды. Тайм-менеджментке аса мән беріліп, жүйелі ұйымдастыру, өз өміріңе қолдану алдыңғы ретке шыққан сыңайлы.
Бұрын қол жетімсіз немесе кейінге шегерілген әлемдік деңгейдегі курстар өз қызметтерін дүйім жұртшылыққа ыңғайлы әрі ақысыз етіп жасады. Қазіргі берілген мүмкіндіктерді пайдаланбай уақытты босқа өткізу ақылға қонымсыз деп есептеймін. Алысты жақындатып, қымбатты арзандатып, адам армандаған жердің түпкір-түпкіріне онлайн түрде болса да саяхаттаудың өзі қандай керемет десеңші. Қандай жағдай болмасын көзіміз жақсылықты көріп, құлағымыз жақсылықты естуі керек. Тіпті дерлік И. Чайковскийдің «Шелкунчик» қойылымын онлайн тамашалау, Францияның әйгілі Лувр музейіне сапар, Ұлыбритания патшайымының бас резиденциясы Букингем сарайын аралау, әлем кітапханаларының сан жылдық қорларынан өзіңе қажетті ақпараттарды іздеп, керегін алу деген керемет мүмкіндік.
Әрбір адамның жаны үшін аянбай еңбек етіп, күресіп жатқан дәрігерлерімізге де аз да болса көмек қолын созушылар жоқ емес. Өз отанымызға тоқталсақ ақ халатты абзал жандардың балаларына арналған ағылшын тілін үйрету курстарын тегін ұсынып отырған оқу орталықтарыда бар. Тегіннің қадірі болмайды, тегін нәрсе кейінге шегеріле беретіні анық, егер адам өзі таңдау жасаса және сол таңдауға саналы түрде келсе, ұсынылған ақпаратқа жауапкершілікпен қараса онда мұндай курстардан алары мол. Әдепкіде ғаламтордан іздеп қарағанда көзіңіз жан-жаққа жүгіріп, түрлі курстарды көргенде барлығын бірден алғыңыз келеді, осының барлығын игерсем, білсем деген іштен бір шабыт ашылады, шіркін, адам баласы білімге тойған ба?
Білім дегеніміз прогресстің қозғалтқышы емес пе? Білімге, ізденіске, шығармашылыққа тоймағанның салдарынан адамзат баласы алғашқы қауымдық құрылыста тіршілік еткен адамдардан сан ғасырлық эволюция барысында қазіргі деңгейіне жетіп отыр. Әр істің бір қайыры бар демекші, мінекей мүмкіндік, тек өзіңе қажеттісін таңдап алда үздігін оқы, үйрен, қолдан. Денсаулығымызды күтейік, Қазақстан Республикасы бас санитарлық дәрігерінің ұсынған сақтық шараларын ұстана отырып білім нәрімен саналы түрде сусындайық.
Нұргүл Сағындыққызы СИХАНОВА,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті
Жоғары оқу орнынан кейінгі білім бөлімінің басшысы,
PhD доктор, аға оқытушы, Қызылорда қаласы