Қашықтан оқытуды үйрену – мұғалімнің қазіргі жетістігі

Уақытты тоқтатар шамаң бар ма?.. (Мұқағали Мақатаев). Міне, елдегі пандемиялық жағдайға байланысты өткен оқу жылының соңғы оқу тоқсанын қашықтан қалай оқыттық? Қалай болды? Неден ұтылдық? Нендей қорытындыға келдік? – деп ойландық, тәжірибелерді сұрыптадық. Қашықтан оқытудың ұтымды тұстары да, жаңа оқу жылында қайта қарайтын кемшіліктері де болғаны жасырын емес.

Мұқағали ақын айтқандай, уақыт жүйрік, оны ұстап тұра алмайсың! Міне, жаңа оқу жылының басталуына да санаулы күндер қалыпты. Шәкірттері мен ұстаздарына оқу жылының басталғанынан  хабардар етіп, сыңғырлай жөнелетін қоңырау үні биылғы оқу жылында да қашықтан естілмек. Осы аралықта ұстаздар қауымы қашықтан оқытудың уақыт пен кеңістікке тәуелсіз үдеріс екеніне, сандық технологиялар арқылы өз бетінше үздіксіз білім алып, сан алуан ақпаратпен алмасу мүмкіндіктерінің болуына, әлеуметтік жағдайына қарамастан еліміздің түкпір-түкпіріндегі білім, ғылым жаңалықтарымен танысып, өз бетінше игеру құқығының бар екеніне, сонымен қатар өзіндік мақсат-міндеттері және оқушыларға өз бетімен оқып-үйренуге негізделген кейс – технологиялардың тиімділігін арттырудың аса қажеттілігіне тағы бір мәрте көз жеткізді деген ойдамын.

Еліміздің педагогтері үшін әзірленген қазақ және орыс тілдерінде «Қашықтан оқытуды үйренемін» атты бұқаралық ашық онлайн-курсына қатысуға тілек білдірген мұғалімдер stepik.org сайтына тіркеліп, қашықтан оқу мақсатында уақытты өздеріне ыңғайлы етіп таңдай алады. Өз басым курстан өту барысында осыдан алты ай бұрын мектеп басшыларының біліктілігін арттыру курсында отырғандай әсерде болдым. Курс аясында тыңдалған дәрістерді санамда тағы бір жаңғыртып алдым. Сонымен қатар оларды тәжірибемде жүзеге асыруға деген құлшынысым арта түсті.

Ашық онлайн курстан түйгенім: Өткізілген курста ең тиімді болғаны –  таңдалған Stepik сайтында білім алушылар уақытты өздері таңдай алады. Екіншіден, онлайн курстың әрбір тақырыбында мұғалімдердің өз бетінше зерделеуі үшін өзекті материалдар мен ресурстар қамтылған. Курс мазмұны нақты, түсінікті әрі өзекті. Бұл курстың бес модулінің ресурстарын оқып, тапсырмаларын орындау арқылы  қашықтан оқытудың ерекшеліктері мен түрлерін зерттеп, онлайн сабақтардың оқу үдерісін жоспарлауды, оқу жетістіктерін бағалауды ұйымдастыруды үйрендім.

Еліміздегі  төтенше жағдайға байланысты өткен оқу жылының төртінші тоқсанын қашықтан оқумен аяқтаған болатынбыз. Бұл «Үштік одақ» жұмысына айырықша әсерін тигізді. Мені «Қашықтан оқытуда ата-аналарға қалай педагогикалық көмек көрсете аламын?», «Онлайн қарым-қатынас кезіндегі ережелер қандай?» деген сұрақтар мазалаған болатын. Осы сұрақтардың жауабын «АКТ құралдары» модулінің «Оқу қызметін ұйымдастыруға арналған АКТ құралдары мен сервистері» және «Ата-аналарды педагогикалық қолдау» модуліндегі «Қашықтан оқытуда ата-аналаның рөлі» бөлімдерінен таба алдым. Оқу қызметін ұйымдастыруға арналған АКТ құралдары мен сервистері бөлімінде ұсынылған гидпен жұмыс істеу барысында өзімнің қашықтан оқытудағы тәжірибемде қолдануға болатын түрлі платформалармен таныстым және оқушылар мен өзімнің жұмыс істеу жағдайым мен мүмкіндігімді ескеруге болатынын түсіндім.

Ата-аналармен өзара тиімді қарым-қатынасты ұйымдастыруға көмектесетін көптеген тиімді материалдар ұсынылған.  Олардың ішіндегі мен үшін ең негізгілері деп тапқаным келесілер: байланыс желісін және ақпарат алмасу кестесін әзірлеу, байланысқа шығуды нақты күту уақытына және қоңырауларға  шектеме қою, ата-аналарға АКТ құралдарын қолдануды үйрету мақсатында қосалқы жоспар жасау. Осы қарапайым, бірақ маңызды ережелерді ұстана отырып, ата-аналарыма  көмек көрсетіп, қашықтан оқытуда нәтижелі жұмыс істей алатыныма сенімім ұлғайды. 

Әр мұғалім қашықтан оқыту кезінде кездескен кедергілер бойынша көкейде жүрген көптеген сауалдарға жауап тапты десек артық болмас. Әсіресе, мұғалім мен оқушы арасындағы тиімді кері байланыс жолдары, оқушыны уәждеу бағытындағы тапсырмалар, «қашықтан оқудағы ата-аналардың рөлі» модуліндегі ата-анамен жұмыстың жоспарлану кезеңдерінің жүйелігі, апталық, айлық, тоқсандық жоспарларды құру жолдары, балаларының оқу іс- әрекетін, бос уақытын ұйымдастыруға арналған кеңестер, әлеуметтік желілерді қолдану кестесін құру бойынша берілген ақпараттар аса маңызды болды. Сенімді қарым-қатынас орнату нәтижесінде ата-аналардың балаларына барынша қолдау көрсетіп, олардың бойында  өзінің оқуы үшін жауапкершілікті дамытуына мұғалім ретінде бір серпіліс ала алғандай болдым. Мұғалімдер төртінші оқу тоқсанында ата-аналармен жұмысты ұйымдасытруда кездескен қиындықтарға жауап тапқандай болды.

Кері байланыс ұсынудың нәтижесінде әр апта сайын ПШО тренерлері тақырыптық вебинарлар өткізетіні өте қуанышты жаңалық. Себебі өткен оқу жылында орын алған олқылықтарды болдырмау мақсатында тиімді оқыту платформаларында тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік туды. Оқыту тиімділігін қарастыруда ұстаздарға көмек, әрі қолдау болып табылатын «Қашықтан оқытуды үйренемін» ашық онлайн-курсы дер кезінде ұтымды ұйымдастырылған онлайн курс болды деп ойлаймын.

Алмагүл Ілиясқызы ЖҰМАҒАЛИЕВА,
№38 мектеп-лицейінің қазақ тілі және
әдебиеті пәні мұғалімі, Атырау қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий