Қазақстан құрамасы химия пәнінен халықаралық олимпиадада төрт қола медаль жеңіп алды
Қазақстанның құрама командасы химия пәнінен Халықаралық олимпиадаға қатысты (International Chemistry Olympiad-IchO). Олимпиада қорытындысы бойынша құрама команда 4 қола медаль жеңіп алды. Covid-19 коронавирустық инфекция пандемиясы жағдайында халықаралық жарыс қашықтан ұйымдастырылды, – деп хабарлайды ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.
Олимпиадаға әлемнің алпыс елінен 200-ден астам оқушы қатысты. Қазақстан осы турнирге іріктеу турлары мен Менделеев олимпиадасының жалпы рейтингісінің нәтижелері бойынша құрама команданың мүшесі болған төрт үміткерді ұсынды. Білім бәсекесінің қорытындысы бойынша құрама команданың барлық мүшелері қола медальға ие болды. Жеңімпаздар қатарында – Павлодар қаласындағы химия-биология бағытындағы «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ-ның оқушысы Қайырбек Хайдар – қола медаль; Нұр-Сұлтан қаласындағы химия-биология бағытындағы «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ-ның оқушысы Мужубаев Әбілмансұр – қола медаль; Сейсенқұл Бақдәулет (Елордасындағы дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының оқушысы) – қола медаль; Алматы қаласындағы «Galaxy» халықаралық мектебінің оқушысы Абдугафарова Кибриянур – қола медаль.
Құрама команданың жаттықтырушылары – Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің химиялық инженерия магистрі Ернұр Төлеп пен «Назарбаев Университетінің» магистранты Әзім Аманжоловтың жұмысының арқасында қазақстандық оқушылар химия пәнінен 52-ші халықаралық олимпиадада елімізді лайықты деңгейде көрсете білді. Жалпы халықаралық химиялық олимпиада (International Chemistry Olympiad-IChO) – бұл дарынды оқушыларға арналған химия пәні бойынша жыл сайынғы халықаралық олимпиада.
Загрузка...