Ақтөбедегі студенттер алаңсыз оқиды

Жаңа оқу жылына байланысты Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің әлеуметтік және тәрбие ісі жөніндегі проректоры Нұржан Бердібаевпен сөйлескен едік, – деп жазады облыстық “АҚТӨБЕ” газетінің сайты. Біздің университетте 15 мыңға жуық студент білім алып жатыр. Соның отыз пайызы мемлекеттік грант иегерлері. Жиырма пайызға жуығына түрлі жеңілдіктер берілген, кәсіпорындардың демеушілігімен оқып жатқандар да бар.

Студенттердің қалған елу пайызы ақылы бөлімде оқиды. Орташа оқу ақысы  — 450 мың теңге. Педагогикалық мамандықтардың бағасы бірнеше жылдан бері өзгерген жоқ. Осыдан 2-3 жыл бұрын техникалық бағытта білім беретін мамандықтардың бағасы өскен болатын. Бір жылдық оқу бағасы 636 мың теңге болып министрліктің келісімімен бекітілді. 636 мың теңге оқу ақысы қымбат болғанмен, бұл мамандықтарда ақылы бөлімде оқып жатқан студенттер аз. Өйткені техникалық мамандықтарға мемлекеттік грант көп бөлінеді. Сол себепті мұнда оқитын студенттердің 80-90 пайызы — мемлекеттік грант иегерлері. Қалған он пайызы ғана ақылы бөлімде оқиды,  — дейді проректор.

Оның айтуынша, университет басшылығы пандемияға байланысты отбасында қаржылық қиындықтар туындаған студенттердің жағдайын ескеріп, қолдау көрсетіп жатыр. Өткен оқу жылының аяғында 200-ге жуық студенттен оқу ақысын бөліп төлеу, кейінге шегеру туралы өтініш түсіпті. Олар мүмкіндіктеріне қарай, уақыттарын өздері белгілеп, кесте құрып, сол мерзімде оқу ақыларын төледі. Осы 200-ге жуық студенттің қазір небары екі пайызға жуығы ғана ақшаны толық төлеген жоқ. Дегенмен олар да жақын арада төлейтіндігін айтып жатыр. Оқу ақысын келісімшартта көрсетілген мерзімде төлей алмаған студенттерді оқудан шығарған жоқпыз. Жалпы қалыпты жағдайда студенттерге оқу ақысын сессияға дейін, сәуір айында төлеп болу міндеттелетін, — дейді Н.Бердібаев.

Университеттің «Жеңілдіктер туралы» ережесі бар. Ережеге сәйкес әр оқу жылында түрлі көрсеткіштер бойынша студенттерден 1 қыркүйектен бастап 30 қыркүйекке дейін құжат қабылдаймыз. Сөйтіп, көрсеткіштер сарапталып, студенттің әлеуметтік жағдайы, оқу үлгерімі ескеріліп, оларға 25, 50,100 пайыз көлемінде оқу ақысын төлеуде жеңілдіктер беріледі. Сондай-ақ халықаралық байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің де оқу ақысын төлеуде жеңілдіктер қарастырылған, – дейді проректор. Университетте аталған оқу орнының 85 жылдық мерейтойы аясында «Жұбанов керуені» жобасы кең көлемде ұйымдастырылған. Аталған жоба аясында университет басшылығы облыс аудандарын аралап, түрлі санат бойынша 85 жылдық мерейтойдың құрметіне 85 грант тапсырыпты.

Қазірде аталған оқу орнында еліміздің әр өңірінен келіп оқып жатқан студенттер көп. Мысалы, «Серпін» бағдарламасы бойынша 5 облыстың — Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстарының жастары білім алып жатыр. Жалпы, аталған жоба аясында 700-ге жуық студент оқуда. Биыл да «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне 373 грант бөлініпті. Сондай-ақ мұнда Қызылорда, Маңғыстау және Атырау облыстарынан да келіп оқитын жастар көп екен. Аталған университетте оқытушылардың жалақысы өткен оқу жылында 20-25 пайызға артқан.

— Министрдің тапсырмасы бойынша биылғы оқу жылынан бастап та оқытушылардың еңбекақылары көбейеді. Бірінші кезекте рейтингі жоғары оқытушылардың жалақыларын көбейтеміз. Сондай-ақ университеттің ішкі жұмыстары бар (кураторлық, практикаға жауапты, тағы басқа). Мұндай жұмыстарға белсене қатысқан оқытушылардың да еңбекақыларын 1 қыркүйектен бастап өсіруді жоспарлап отырмыз. Бұл мақсатта арнайы комиссия құрылды. Комиссия жұмысы тамызда басталады. Сонда кімнің еңбегі қалай бағаланатынына талдау жасалады, — дейді университет проректоры.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий