Атырауға дипломды жас мамандар келіп жатыр
Интернатура және резидентура бітіріп келген елу бес маман облыс орталығы мен аудандардағы емдеу мекемелеріне жұмысқа кірісті. Олармен кездескен облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов медицина саласының ауыр кезеңді бастан өткеріп жатқандығын атап айтты, – деп жазады облыстық “АТЫРАУ” газетінің сайты.
– Бүгінде облыста тоғыз мың медицина қызметкері болса, оның ішінде 2 мың медицина маманы пандемиямен күреске жұмылдырылып отыр. Оның үстіне, өңірде 278 дәрігер жетіспейді. Бүгінгі таңда Жылыой, Құрманғазы аудандарында ауруханалар салынуда. Сонымен бірге, Атырау кардиоорталығына жапсарлас ғимарат ашылады. – Медицина және білім саласы мамандарын дайындауға қашан да басымдық береміз, – деген облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов жас мамандарды әлеуметтік қолдауға ерекше назар аударылғанын баяндады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров аймаққа жалпы саны 122 жас маман келетінін айтты. Қазіргі кезде олардың алды жұмысқа кірісіп кеткен. – Коронавирус індетіне байланысты жас мамандар қосымша көмекке келетіндігі күтілуде. Олардың жалақысы заң шеңберінде көрсетілген деңгейде төленеді. Егер инфекциялық немесе провизорлық стационарға жұмысқа кіріссе, министрлік бұйрығына сәйкес, үстемеақы бөлінеді. Емдеу мекемелері басшыларынан түскен сұранысқа сай, мамандар үймен қамтылады, – деді басқарма басшысы.
Насыр мен Альбина Оңғарбаевтар – «қызыл аймақта» жұмыс істеп жатқан отбасылық жұп. Дәрігерлікті таңдаған жас мамандар – Ақтөбенің тумалары. – Жұмысқа 20 шілде күні кірістік. Атырау облыстық ауруханасы жанындағы провизорлық стационардамыз. Науқастарды қабылдап, жағдайларын бақылаймыз. Ауру тарихына қатысты құжаттар толтырамыз. Қазіргі уақытта облыстық әкімдік жалдап берген «Достық» қонақ үйінде тұрамыз. Ауруханаға автобус тасымалы ұйымдастырылған. Бүгінде ахуал тұрақталып, науқастар саны азаюда. Десе де, осындай қиын жағдайда халыққа көмек көрсетіп жатқанымызға қуаныштымыз, – дейді Насыр мен Альбина Оңғарбаевтар.
Загрузка...Облыстық аурухананың провизорлық ауруханасында жұмыс істеп жатқан дипломды жас маманның тағы бірі – Дмитрий Ли. Хирург мамандығын бітірген ол жатақханаға орналастырыл- ғанын айтады. “Үш мезгіл ас-ауқатпен, қажетті қорғаныс киім-кешектермен қамтамасыз етілдік. Тәжірибеміз болмағандықтан, тәлімгерлер- мен кеңесе отырып, ем- шарасын тағайындаймыз” – дейді Дмитрий Ли. Қазіргі уақытта Ақтөбе медициналық академиясын аяқтаған 53 маманның он бірі стационарлық ауруханаға, 27-сі бастапқы медициналық көмек көрсететін емханаларда жұмысқа кірісті. Қалған он бес маман аудандарға жіберілді.