Экология пәнін енгізуге әзірміз бе?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Каспий теңізі жағалауында итбалыққа тас лақтырған балаларды мысалға келтіріп, орта білім бағдарламасына өскелең ұрпаққа экологиялық білім беретін жаңа пән енгізуді тапсырды. Жаңа пән жаңа оқу жылында енгізіле ме? Оқулық дайын ба? Бұл пәннен кім, қандай мұғалім сабақ береді?, – деп жазады республикалық “ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН” газетінің сайты.
Нәтижеге жету жолы жетерлік. Осы сауалдарды Білім және ғылым министрлігіне жолдағанымызда, аталған ведомство Президент тапсырмасының орындалуы туралы тарқатып айтуға әзірге ерте екенін жеткізді. Әйтеуір, ертең тапсырманың орындалуын талап еткенде асығыстыққа ұрынып, сапасыз оқулық шығаруға алып келмесе болғаны. Әрине оқулық әзірленіп, мектеп бағдарламасына енгізілетіні анық. Бірақ осы арада бір сұрақ туады: «Жаңа пән жаңа білім бере ме, әлде мектептегі пәндердің экологияға қатысты тақырыптарынан құралған оқулық болып шыға ма?». Президент бастамасының іске асу нәтижесі де осы сұрақтың жауабынан көрінетін секілді. Егер құрама оқулық болса, онда оған арнайы сағат бөліп, онсыз да көп пәндердің қатарын көбейткенше, барлығында болмаса да бірнеше пәнге кіріктіріп оқытуға болатын дүние шығаруға болмас па… Мектепте бастауыш сыныптарға 40 жыл сабақ беріп зейнетке шыққан мұғалім Айнагүл Еркінбекқызы осындай ой айтты.
– Біздің кезімізде табиғаттану деген пән болды. Сол сабақта балаларды табиғатпен таныстырып, қоршаған ортаны қорғауға баулитынбыз. Немерелерді оқытқаннан білемін, қазір мектеп оқушылары онсыз да пәндердің және соған сәйкес оқу жүктемесінің көптігінен, бағдарламаның ауырлығынан қиналып жүр. Оған тағы бір жаңа пәнді қоссақ, одан сайын миы ашиды. Оның үстіне бір пәнге сағат бөлуден гөрі мектеп бағдарламасында оқытылып жатқан пәндерге сағат қосқан тиімдірек. Өйткені экология барлық салада бар, оның аясын тарылтып, бір пәнге сығымдап қоймаған жөн. Айталық, музыка пәнінде табиғат ана, қоршаған ортаны қорғау туралы ән айтуға болады. Ал бизнес туралы жаңа пәнде қоқыс қалдықтарын қайта өңдеумен айналысатын кәсіп түрлерін сөз етсе, химия пәніне химиялық заттардың ауаны қаншалықты ластайтынын зерттейтін тақырып қосқан жақсы, – дейді зейнеткер-мұғалім.
Негізі бұл ой шетелдік білім беру жүйесіндегі жаңа үрдістің талабына сай келеді. Қазіргі таңда білім мен ғылым саласы озық дамыған елдер мектеп бағдарламасындағы пәндер санын қысқартуды қолға алып жатыр. Басты пәндерге басымдық беріледі де, қалған пәндер бағдарламадан алынып тасталады. Десе де, қысқарту кей пәндерді мектеп бағдарламасынан мүлде алып тастаумен ғана жүзеге асырылмайды. Ұқсас пәндерді біріктіру, тақырыптарын кіріктіру арқылы да қысқартуға болады. Оның бір үлгісін кезінде Елбасы Н.Назарбаев та (2017 жылы сол уақыттағы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке 5 күндік білім беруге көшу үшін оқуды ұзартпай, пәндерді қысқарту керегін айтқан) ұсынып, нәтижесінде қазақ тілі мен әдебиеті бір пән, бір оқулық болып шықты. Түптің түбінде біз күткен нәтиже – табиғатты, Жер-ананың ризығын қорғауға қабілетті ұрпақ тәрбиелеу. Осы нәтижеге қол жеткізудің жалғыз жолы пән енгізу ғана ма? Экологиялық білім балаларға ғана керек пе?
Иә, Мемлекет басшысының мемлекеттік саясат биігінен көздеген мақсаты өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие мен білім беру екені анық. Бұл мақсатқа бір ғана жаңа пән енгізумен қол жеткізу мүмкін емес. Жоғарыдағы тәжірибелі педагог айтқандай, балалардың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыру тақырыбы мектеп бағдарламасындағы бірқатар пәнге кіріктірілсе, жаңа бастама лайықты нәтиже көрсететіндей. Алайда бірнеше пәнге жаңа тақырып қосу үшін жүйелі түрде арнайы оқу-әдістемелік кешен әзірлеуге тура келеді. Оның мазмұны қаншалықты бай болса, өмірде қолдануға болатын білімнің қоры да соншалықты мол болмақ. Мұндай маңызды жұмыс шын мәнінде басталып та кетті. Қазақстандағы БҰҰ-ның Даму жөніндегі бағдарламасы аясында Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен елімізде экологиялық мәдениетті насихаттау жобасы өз жұмысын бастады. «Білім берудің инновациялық мүмкіндіктері мен модернизациясы: елдің тұрақты дамуы үшін экологиялық мәдениет жолында» атты жаңа жобаның кеңесші-сарапшысы Гүлнар Құсиденова:
– Климаттың өзгеруі, қоршаған ортаның ластануы және басқа экологиялық мәселелер қазіргі заманның басты проблемаларының біріне айналды. Бұл шешуші саяси әрекетті ғана емес, көптеген адамның мінез-құлқын өзгертуді де қажет етеді. Білім – балаларда, жастарда және ересектерде қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастырудың ең жақсы құралы. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру жобасы аясында балабақшадан университетке дейінгі үздіксіз экологиялық білім берудің кешенді моделі жасалады. Онда жерді тозып кетуден қорғау, суды, энергияны үнемдеу, биоалуантүрлілікті сақтау, ауаның сапасы, тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек жинау жайы қарастырылады. Бұл модель еліміздегі мектептерге жаңадан енгізілгелі жатқан экология пәні үшін негіз бола алады, – дейді. Демек, пәнге, білім мазмұнына негіз болатын жүйелі жоба әзірленіп жатыр екен. Бірақ оның сұлбасы әлі дайын болмағандықтан, жаңа пәнге негіз болады деу қиындау. Дегенмен сарапшының үздіксіз экологиялық білім беру туралы толғамы көңіл қоюға тұрарлық. Себебі экологиялық білім тек оқушыларға ғана емес, балабақша тәрбиеленушілеріне, студенттерге, барлық ізденушіге қажет. Және эко-сарапшының ойынша, балалар мен жастарда ғана емес, жалпы ересектерде де экологиялық мәдениет қалыптастырудың маңыздылығын ескеруі орынды. Өйткені отырған жеріне шаққан шемішкесін, жануарлар мен құстар су ішетін өзен-көлге босаған бөтелкесін тастап кете беретіндер – балалар емес, көбіне ересектер.
Өзі оқымаған адам өзгені қалай оқытады? «Эком» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Светлана Могилюк экологиялық білім беру саласындағы 90-жылдардан бергі ауқымды тәжірибесіне сүйеніп, сапалы оқулықтың екі айда дайын болмайтынын жеткізді. – Мектептерге экологиялық білім беретін арнайы пән керек. Педагогика саласында 20 жылдан аса уақыт еңбек еттім, сондықтан білім бағдарламасын да, жаңа оқулықты да ендігі қалған екі айда жаңа оқу жылына әзірлеу мүмкін емес екенін айта аламын. Мен жоғары оқу орнында сабақ берген кезімде «Тұрақты даму экологиясы» деген пән болды. Осы пән университеттегі барлық мамандықта оқытылды. Қазір бұл пәнді таңдау бойынша ғана оқытады. Бұл пән негізі кез келген саладағы мамандарда экологиялық проблемаларды шешу, ең болмаса мәселелерді болдырмау қабілеттіліктерін қалыптастыратын еді. Ең алдымен осы жүйені қалпына келтіру керек. Біз тұрақты даму үшін экологиялық білім беруіміз керек, – дейді С.Могилюк.
Эко-белсенді педагогтің ұсынысында жүйелілік бар секілді. Себебі біз арнайы оқулық әзірлеп, жаңа пәнді мектеп бағдарламасына енгізгенімізбен, оны оқытатын маманды қайдан табамыз? Мектептегі пәндерге экологиялық білім беретін тақырыптарды қосу керек дейміз. Оны алдымен өзі оқымаған адам қалай өзгеге оқытады? Сол себепті бірінші маман даярлануы керек-ақ. Әйтпесе дене шынықтыру пәні мұғалімінің биология пәнінен сабақ бергеніндей тірлік болып шығады. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырған экологиялық мәселелерге қатысты дөңгелек үстелде ресейлік экоблогер Роман Саблин солтүстіктегі көрші елде құрылған экологиялық білім беретін онлайн-мектептерде қазақстандық балалардың оқып жатқанын айтты. Бұл дегеніміз – еліміздегі балалар экологиялық білімді сырттан алып жүр деген сөз. Яғни Қазақстанда экологиялық білімге сұраныс бар. Ал сұраныс қашанда қанағаттандырылуы қажет.
Загрузка...